Әйелдер зәбірге төзуі керек пе?

26 Қазан 2022, 19:57
2352
Бөлісу:
Әйелдер зәбірге төзуі керек пе?

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 1148 әйел отбасында зорлық-зомбылық көргенін айтып, сотқа жүгінген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық — қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назарға алып, елімізде отбасы құндылығын сақтау, бала тәрбиесіне көңіл болу керектігін айтқан болатын. Ал жуырда 

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жыл басынан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ішкі істер органдарына 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскенін жеткізді.

Шынында да, соңғы кездері отбасында зәбір көретін әйелдердің саны артып барады. Олардың көбі күйеулері ұрып-соғатынын жеткізсе, тіпті, кейбіреулері ата-енелерінен, отбасының басқа мүшелерінен зәбір көргенін айтып шағымданатын болған. 

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақкүл Қасанғалиеваның айтуынша, биыл жыл басынан бері Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына отбасылық-тұрмыстық жағдайларға байланысты тұрғындардан 5 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның ішінде арызданушылардың талабы бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 73-бабымен 1148 хаттама толтырылып, сотқа жолданған. 

 Бүгінде жедел басқару орталығына келіп түскен арыз-шағымдар бойынша облысымызда жедел топтың учаскелік полиция инспекторлары, аумақтық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары бірлесіп жұмыс атқарады. Биылғы тоғыз айдың ішіндегі деректерді алып қарасақ, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмендеп отыр. Мәселен, былтыр 1356 хаттама толтырылған. Қазіргі таңда учаскелік полиция инспекторлары Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 73-бабы бойынша әйеліне қол көтерген ер азаматтарға қорғау нұсқамасын немесе мінезіне ерекше талап қоя алады. Осы орайда биыл облыс бойынша 1037 ер адамға мінезіне байланысты ерекше талап қойылған. Ең өкініштісі, бұл көрсеткіш былтырғыдан 5 пайызға өсіп отыр. Мәселен, 2021 жылғы көрсеткіш — 988, - дейді полиция майоры.

Қанша қылмыс тіркелді?

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақкүл Қасанғалиеваның айтуынша, биыл 9 айдың ішінде Ақтөбе облысында отбасылық дау-жанжал кезінде әйелін ұрып-соққан 187 тұрғынның үстінен хаттама толтырылған. Сондай-ақ, іс сотқа жолдануына байланысты оларға әкімшілік қамақ та берілген. 

 Биыл мінезіне байланысты ерекше талапты бұзған 187 ер адам тіркеуге алынса, 2021 жылы олардың саны 181 болған. Біздің инспекторлар мұндай азаматтарды бақылауға алып, олардың ішімдік ішуіне, түнгі мезгілде көшеге шығуына шектеу қойды. Сондай-ақ арызданушылардың сұрауымен инспекторлар қорғау нұсқамасы аясында бір ай бойына мекенжай бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Биыл осындай қорғау нұсқамасы облыс бойынша 3563 азаматқа берілген. Ал былтырғы көрсеткіш — 3522, - дейді Ақкүл Қасанғалиева. 

Сонымен биыл Ақтөбе облысында 19 отбасылық қылмыс тіркеліп отыр. 2021 жылғы көрсеткіш — 28. Оның ішінде әйелдерге қарсы жасалған қылмыстың саны биыл 10 болса, өткен жылғы көрсеткіш — 18. Олардың жас ерекшелігіне келсек, өңірде көбіне 30-55 жастағы әйелдер ішкі істер органдарына көп шағымданады екен.

 Соңғы жылдары отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері азайып келеді. Көп жағдайда әйелдер бізден көмек сұрап хабарласқанымен, түптеп келгенде, олар күйеулерінің үстінен сотқа шағымданғысы келмейді. Ал кейбіреулер сотқа бергенімен, сот алдында тұрып кешірім береді. Жалпы отбасындағы қылмысқа байланысты деректерді сараптасақ, көп жағдайда 4-5 баласы бар, жұмыс істемейтін әйелдер жиі зардап шегеді. Олардың баратын жері де жоқ, тұрақты табысы да жоқ. Біз осындай әйелдерді облыстағы дағдарыс орталықтарына орналастырамыз. Қазір Ақтөбе облысында күйеуінен зәбір көрген әйелдерге көмек қолын созатын үш орталық бар. Мәселен, биыл жыл басынан бері облыс бойынша 300-ге жуық жәбірленуші осындай дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Соңғы жылдары Ақтөбе облысындағы екі ауданда, атап айтсақ, Мұғалжар және Алға аудандарында отбасын қолдау орталығы ашылды. Маскүнемдерге арналған қауымдастық та жұмыс жасайды. Біз отбасына зәбір көрсететін, ішімдікке әуес азаматтарды осы мекемелерге жібереміз. Оларда арнайы мамандар, психологтар, бұрын ішімдік ішіп, кейін сол дертімен күрескен адамдар жұмыс жасайды, -  дейді әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы А.Қасанғалиева.

Ана мен балаға қолдау керек...

Бүгінде Ақтөбе қаласында әйелдерге қолдау көрсететін үш орталық бар. Соның бірі — 2018 жылы Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығы жанынан ашылған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін бөлімі.

Біздің орталықта келушілерге 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ орталық төсек-орындармен, жеке гигиеналық заттармен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Бөлімде 20 төсек-орын бар. Мамандар әр түрлі қолдауға мұқтаж әйелдерге және олардың балаларына жағдай жасап, түрлі көмек көрсетеді. Облыста бөлім ашылғалы бері 520 адамға қызмет көрсетілген. Оның 183-і әйел болса, 337-і — бала. Биыл жыл басынан бері орталыққа 140 адам қабылданды. Оның ішінде 96-сы — бала, қалғаны — аналар, әйелдер. Қазіргі таңда 5 әйел, 14 балаға әлеуметтік қызметтер көрсетіп жатыр, -  дейді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін бөлімінің меңгерушісі Анара Тұтқабаева.

Ал облыстағы «Малика» дағдарыс орталығында қазір 141 адам жатыр. Оның 45-і әйел болса, 96-сы — бала. Оларға орталық мамандары әлеуметтік, медициналық, психологиялық жағынан көмек көрсетіп жатыр.

 Біздің дағдарыс орталығы отбасында зорлық-зомбылық көрген немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдер мен олардың балаларына көмек көрсетеді. Орталықта көмекке мұқтаж әйелдер бір айдан алты айға дейін тұра алады. Мұнда олар күніне төрт рет тамақтанады, медициналық көмек пен заңгерлік кеңес алады. Сондай-ақ, біз олардың жұмысқа орналасуына және құжаттарын қалпына келтіруіне көмектесеміз. Психолог мамандарымыз психологиялық көмек беріп, олардың ішкі үрей-қорқыныштарын жеңуіне жағдай жасайды. Дағдарыс орталығының көмегі жасырын түрде, құпия әрі ақысыз, -  дейді орталықтың директоры Динара Қарабалина.

«Малика» дағдарыс орталығы өз қызметін 2017 жылы бастады. Сол кезден бастап бүгінге дейін аталған орталыққа отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 723 адам (247-сі — әйел, 476-сы — бала) келіп, әлеуметтік көмек алған. 

Өзгелердің жаңалығы