Бітімгерлік даярлық орталығында конференц-орталықтың құрылысы басталды

24 Қыркүйек 2022, 04:28
872
Бөлісу:
Бітімгерлік даярлық орталығында конференц-орталықтың құрылысы басталды

Алматыда Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың қатысуымен Бітімгерлік даярлық орталығы жаңа нысанының іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған шараға АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куо мен АҚШ Орталық қолбасшылығы Құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары генерал-лейтенант Вендул Дж. Хаглер қатысты.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант С. Қамалетдинов Америка Құрама Штаттарының өкілдеріне Қазақстан Республикасындағы бітімгерлік даярлық жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, жаңа жобаның маңыздылығын атап өтті. 

 Жаңа үлгідегі конференц-орталықтың құрылысы біздің мүмкіндіктерімізді едәуір арттырып, тыңдаушылар санын бірнеше есеге көбейтуге, сондай-ақ дайындық процесін сапалы, жаңа халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Делегация басшысы Джуди Куо Қазақстанның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық күш-жігерге елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. 

Конференц-орталықтың құрылысы АҚШ-тың қаржылық қолдауымен «Бітімгерлік операциялардың жаһандық бастамасы» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек.

Өзгелердің жаңалығы