Биыл жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған 25 мектеп ашылады

16 Сәуір 2024, 10:18
220
Бөлісу:
Биыл жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған 25 мектеп ашылады
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Бұған дейін апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 76 738 орынға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, оның ішінде бүгінгі таңда 37 мектеп іске қосылды. Білім беру нысандарын іске қосу нәтижесінде өңірлерде 48 мың жаңа оқушы орны пайдалануға берілді. Көпшілігі ірі мегаполистерде және оларға жақын агломерацияларда орналасқан.

Қор Қазақстанның білім беру саласындағы жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған қордың қызметі мектептер, оларға қосымша құрылыс нысандарын, интернаттар салу, реконструкциялау арқылы үш ауысымды, апатты мектептер мен оқушы орнының жетіспеушілігін жоюға бағытталған. Осы жылы 28 мың оқушы орнына арналған тағы 25 мектепті іске қосу жоспарлануда, – деп атап өтті инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Марлен Қасенов.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен шамамен 15 мың орындық тағы 20 жаңа мектеп салынатыны белгілі болды. Олар пайдалануға 2025 жылы беріледі деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы