БҚО-да 4 күннен бері 453 мың текше метр еріген қар суы сорылды

29 Наурыз 2024, 14:55
296
Бөлісу:
БҚО-да 4 күннен бері 453 мың текше метр еріген қар суы сорылды
Фото: БҚО ТЖД баспасөз қызметі

Қазір су тасқынына қарсы жұмыстарға ТЖД, жергілікті атқарушы органдардан, Қорғаныс министрлігінен, Ұлттық ұланнан және ІІМ 998 адам, 300 бірлік техника, сондай-ақ ТЖД мен ЖАО-дан 124 бірлік мотопомпа жұмылдырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс бойынша 25 наурыздан бастап 453 мың текше метр еріген қар суы сорылып, инертті материалдар салынған 42950 дана қап төселді.

Қардың қарқынды еруі және жаңбыр түрінде жауын-шашынның көп түсуі нәтижесінде еріген және жаңбыр суы, сондай-ақ, кәріз ағындарының салдарынан барлығы 455 тұрғын үй су астында қалды.

Бүгін түнде Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 46 адам, 5 бірлік техника, 8 бірлік мотопомпа және 2 қайық көмекке келді, олар Орал қаласы және Бөрлі ауданындағы су тасқынын жоюға тартылды. Шыңғырлау өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты елді мекендерді су басу қаупі туындады, қазіргі уақытта Бөрлі ауданының Ақсу кентінде 161 адам эвакуацияланды. Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағымен Қаратөбе ауданының 271 тұрғыны эвакуацияланды. Қазіргі уақытта Қаратөбе ауданында эвакуациялау жұмыстары жалғасуда, - делінген БҚО ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Теректі ауданында инженерлік жұмыстар, ал Сырым ауданында еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілуде.

Орал қаласында, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі және Теректі аудандарында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын.

Аймақ бойынша жағдай облыс әкімі және БҚО ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушының ерекше бақылауында.

Су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы