Мүгедек балалар тістерін тегін емдей ала ма

13 Наурыз 2024, 15:10
319
Бөлісу:
Мүгедек балалар тістерін тегін емдей ала ма
Фото: автордан

Павлодарда тіс дәрігерінің көмегіне жарымай жүрген мүгедек балалардың ата-аналарының арманы орындалды. Облыс орталығында менталды ауытқушылықтары бар жеткіншектерді наркозбен емдейтін кабинеттер ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Бұдан былай мүмкіндігі шектеулі балалар МӘМС шеңберінде тегін ем қабылдай алады. Ерекшелігі сол, ерекше ұл-қыздарды емдеу үшін жалпы наркоз қажет. Бұның барлығы ескеріледі. Енді стоматологиялық кабинетте тіс дәрігерімен қатар хирург, реаниматолог пен анестезиолог маман жұмыс істейді.

Облыстық балалар ауруханасы директорының емхана ісі жөніндегі орынбасары Өмірзақ Хаиргелдиннің айтуынша, ата-аналар балаларын жолдама арқылы еш кедергісіз көрсете алады. Шұғыл көмек көрсетуге де мүмкіндік бар.

Мүгедек балалар қабылдауға келмес бұрын дәрігердің тексеруінен өтеді. Біз баланың денсаулығын қадағалап, стоматологиялық емнің көлемін анықтау керекпіз. Сонымен қатар, сараптамалар тапсырылады. Ерекше балалардың өзге дерттері болуы мүмкін. Қазіргі уақытта бес кабинет жұмыс істеп тұр. Күніне бірнеше ерекше баланы қабылдап, наркозбен емдейміз деп жоспарлап отырмыз, - дейді Өмірзақ Хаиргелдин.

Ресми мәліметке сүйенсек, кабинеттерді медициналық құралдармен жабдықтауға 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Еске сала кетсек, менталды ауытқушылықтары бар жеткіншектердің тістерін емдеу мәселесі жылдар бойы көтеріліп келген. Сал ауруына шалдыққан және аутист балаларды жалпы наркозсыз емдеу мүмкін емес. Оған қоса, бұл қызметті жекеменшік клиника көрсетіп келген. Ал жәрдемақыға күн көріп жүрген ата-аналардың қалтасы көтере алмайтыны анық. Айта кетейік, биыл осы қызметке МӘМС жүйесі шеңберінде 90 млн теңге қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы