Өсім бар, мәселелер де жоқ емес

26 Қазан 2022, 22:25
719
Бөлісу:
Өсім бар, мәселелер де жоқ емес

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, 9 айдың қорытындысы бойынша есеп берді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, облыста биыл сауда саласынан басқа салалардың барлығында өсім бар. 
Жуырда елордада өткен «KGIR-2022» халықаралық форумында Ақтөбе облысы алыс, жақын шет елдермен жалпы құны 735 миллион долларға келісімге қол қойды. Болашақта облыста битум зауыты, ядролық медициналық орталығы, ірі болат балқыту зауыты салынады, кәріздік тазарту құрылғысы қондырылады. Одан бөлек мультимодальді көлік-логистикалық хабы құрылмақ. 

Жалпы көрсеткіштер жаман емес. Биыл облыс халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы іске қосылды. Оған республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінді. Келер жылы өңірдегі 61 елді мекеннің тұрғыны осы қаржы аясында 2,5 пайызбен жеңілдікпен несие ала алады. Одан бөлек қосымша бөлінетін 3,5 миллиард теңгеге жаңа жобалар бастап, облыстың халқын жергілікті азық-түлікпен қамтитын боламыз, - деді Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімі қазір облыстағы өзекті мәселе - жолдың “жыры” өз бақылауында екенін айтты. Болашақта өңірде бұл сала бойынша ең ірі үш жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың жаңа жолдарда жүйткіп жүруіне жағдай жасалмақ. 

«Ақтөбе – Қандыағаш» автомобиль жолының нашар жағдайына және 2021 жылы бастау алған жөндеу жұмыстарына байланысты ауыр салмақты жүк көліктерінің жаппай «Ақтөбе – Болгарка - Шұбарқұдық» автомобиль жолымен өтуі асфальт жамылғысының және жол негізінің бұзылуына әкеп соқты. 2020-2021 жылдары кепілдік мерзімі бар жол учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары мердігер мекемелермен орындалды. Қалған жол бөлігін ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында кезең-кезеңімен қалыпқа келтірілуде. Сонымен қатар, аталған жолды 7 учаскеге бөліп орташа жөндеуге жобалық құжаттар әзірленді. Қазіргі таңда 6 учаске бойынша сараптама жасалып жатыр,-деді аймақ басшысы.

Ералы Тоғжанов Бұхара-Орал магистральдық газ құбырының қолданыстағы екі желісі шамадан тыс жүктеліп отырғандығын, қыс уақытындағы жүктемесі 175%-ға дейін жететінін айтты. Оның айтуынша, бүгінде облыста газ жеткіліксіздігі жылына 1,6 млрд текше метрді құрап отыр.

Бұл мәселені шешпей, өңірімізде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қиынға түседі. Осыған орай, индустриялық нысандарды және елді мекендерді үздіксіз газбен қамтамасыз ету мақсатында 43,4 миллиард теңгені құрайтын «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісі жобасын «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасына енгізетін боламыз. Әрі қарай бұл жоба “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры арқылы қаржыландырылатын болады. Сонымен қатар, облыстың Мұғалжар, Байғанин, Темір, Ойыл және Алға аудандарын газбен үздіксіз қамтитын «Жаңажол-Ақтөбе» газ құбырының жүктемесі 125 пайызға дейін ұлғаюына байланысты аталған газ магистралінің 2-ші желі құрылысы жобасын «QazaqGaz» акционерлік қоғамы инвестициялық бағдарламасы аясында Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы іске асыруды қарастыратын боламыз,-деді облыс әкімі.

Сөзінің соңында облыс басшысы мәслихат депутаттарын өңір экономикасын көтеруде және халықтың әл-ауқатын жақсартуда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ елді мекендерде жаңа жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын бақылауды тапсырды.

Жиын соңында депутаттар өз ұсыныс-тілектерін айтып, қарар қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы