Қарағандыда өртке оранған көпқабатты үйдің тұрғындары халықтан көмек сұрайды

25 Мамыр 2023, 10:27
526
Бөлісу:
Қарағандыда өртке оранған көпқабатты үйдің тұрғындары халықтан көмек сұрайды

Қарағандыда шатыры толығымен жанып кеткен үйді қалпына келтіру үшін миллиондаған қаржы керек. Тұрғындар мұндай қаржыны қалталары көтермейтіндігін айтады, деп жазады Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Апат айтып келмейді. Қарағандыдағы көпқабаттағы үйдің пәтерінен шыққан өрт бүтіндей бір үйдің шатырын жойды. 5 қабатты, 4 подъезді үйде 60 пәтер бар. Тұрғындардың көпшілігі зейнеткерлер, мүгедектер, жалғыз басты аналар, көпбалалы отбасылар, Ауған соғысының ардагерлері. Үйдің шатырын қалпына келтіру үшін шамамен 40 млнға жуық қаржы керек екен.

Мемлекет тарапынан қандай көмек берілетіндігі жайлы әкімдіктегілер сұрақтарымызға жауап бере алмай отыр. Үйдің шатыры толығымен жанып кетті. Бесінші қабаттағы пәтерлер қатты зардап шекті. Олар әлі де электр энергиясыз отыр. Себебі электр щитовойлар қатты ыстықтан еріп кеткен. Оларды қалпына келтірудің өзіне қаншама қаражат керек. Шатырды өз есебімізден қалпына келтіруге тіпті шамамыз жетпейді. Бізге әр пәтер шамамен 800 мың теңге шығаруы керектігін айтты. Бірақ, бұл үйдің тұрғындарының көпшілігі зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы отбасылар. Оларда мұндай қаржы жоқ, - дейді шатыры өртенген үйдің тұрғындары.

Төтенше жағдайлар қызметі таратқан мәлімет бойынша, көпқабатты үйдің балконында өрттің шығуына алдын ала болжам бойынша, сіріңке, темекі немесе басқа да ашық от көзі себеп болған. Тұрғын үйдің бесінші қабатындағы балкон өртеніп, кейін өрт үйдің шатырына тараған. Өрт шыққан пәтер иелері болса, баспананы жақын күндері ғана сатып алғандықтарын, тіпті балаларына көрсетіп те үлгермегендіктерін айтады.

Біз үйді өрт шығардан екі күн бұрын ғана алдық. Пәтерде мүлдем біздің жеке заттарымыз жоқ. Пәтердің ішін көрдік, ата-анамызға көрсеттік, бірақ балконға шықпадық. Ол ойымызда болмапты. Балконда бұрынғы үй иелерінен қандай зат қалғанын да білмейміз. Өрт шығардан үш сағат бұрын үйге келіп кеттім. Өкінішке қарай, осындай жағдай болды. Бұл жерде біздің кінәміз жоқ, - дейді үй иесі Мария Менкаилова.

Тұрғындар қазақстандықтардан көмек сұрап отыр. Шатырды қалпына келтіруге қаржылай көмек қажет.

Біздің жағдайымызға бей-жай қарамайтын қазақстандықтардан қандай да болса көмек берулерін өтінеміз. Көп түкірсе көл дейді. Біз халықтан көмек сұраймыз. Әкімдік біздің проблемамызды шешіп беруге құлықсыз. Әкімдіктің қызметкерлері модернизация арқылы 15 жылға субсидия алуды ұсынды. Бұл дегеніңіз қаншама жыл несие төлеуіміз керек деген сөз. Оған тұрғындардың шамасы келмейді, - дейді Ольга Чебан.

Өзгелердің жаңалығы