Қазақ тіліндегі дубляжға мемлекет қаржы бөледі

22 Қыркүйек 2022, 10:49
1208
Бөлісу:
Қазақ тіліндегі дубляжға мемлекет қаржы бөледі

Сенаттың жалпы отырысында ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне Кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы жөнінде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов баяндама жасады деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасында Қазақстанның ұлттық мерекесі ретінде 25 қазанды атап өтілетін Республика күні деп белгілеу ұсынылды. Сондай-ақ кинематография саласында мемлекеттік қаржылық қолдау кәсіпкерлерге де берілетінін айтты. 

Кинематографиялық қызмет субъектілерінің мемлекеттік қаржылық қолдау алу аясы кеңейтіледі. Заң жобасы аясында мемлекеттік қаржыландыру субъектісінің қатарына жеке кәсіпкерлерді қосу ұсынылады, - деді ол. 

Вице-министр фильмдердің мемлекеттік қорын айқындау, барлық мемлекеттік фильмдердің қорын сақтайтын бір заңды тұлғаны белгілеу ұсынысы туралы да айтты. Сонымен қатар, шетелдік анимациялар мәселесіне де тоқталды.   

Шетелден әкелінетін шетелдік анимациялық және отбасымен бірге көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға қолдау көзделген және оларды іріктеу критерийлері мен тәртібі айқындалып отыр. Осылайша, қазақ тілін қолдау және дамыту мақсатында балаларға арналған шетелдік анимациялық фильмдермен отбасымен бірге көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесі енгізіліп отыр, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы