Қостанайдағы «Jańa Dala/GreenDay» көрмесі 

29 Шілде 2022, 19:37
1200
Бөлісу:
Қостанайдағы «Jańa Dala/GreenDay» көрмесі 
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда екі күн бойы ауыл шаруашылығы техникасының ауқымды көрмесі өтті.

Өңір диқандары мен көрші облыстардың басын қосқан тың бастама «Қазақ тұлпары» ЖШС егіс алқаптарында ұйымдастырылуда. Қостанай жерінде өтіп жатқан «Jańa Dala/GreenDay» арнайы көрмесінің өзіндік мәні бар дейді ұйымдастырушылар. Олардың пікіріне сүйенсек, соңғы жылдары тек сыннан көз ашпай келе жатқан еліміздің ауылшаруашылық саласының мамандары мен жергілікті диқандар өткір мәселелерге өтімді жауап іздеуде десе болады.

Қостанайдағы «Jańa Dala/GreenDay» көрмесі 

Осы орайда айта кетер бір жайт, дәл осындай шара ел аумағындағы жерден ырыздығын теріп жүрген диқандардың басын қосып, сұлу Көкше  жерінде өткізіліпті. Ал, астықтың отаны саналатын Қостанай жерінде қолға алынған бұл бастама жергілікті шауалардың сұрауымен атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі екен. 

Бұл көрменің Қостанай ауданы аумағында қала берді бір кездері атағы алысқа кеткен «Қазақ тұлпары» ЖШС егіс алқабында өткізілуінің өзіндік мәні бар. Себебі, бұл егістіктерде заман талабына сай өңдеу жұмыстары мен талаптары барынша сақталған. Сондықтан да болар «Қазақ тұлпары» ЖШС егіні бітік өнімі мол болатыны қазірден анық сезіледі.

Қостанайдағы «Jańa Dala/GreenDay» көрмесі 

Тобыл өңіріндегі тың бастаманың алғашқы күні алыстан ат терлетіп жеткен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов  пен осы саланы бес саусағындай білетін білікті мамандар мен облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов әдейі келіп, өз пікірлерін ортаға салды.

Қостанай жерінде екі күн бойы өткен көрмеге облыстың әр аудандары мен көршілес екі астықты облыстан жарты мыңға жуық диқандар қатысты. Ауылшаруашылық саласында жүрген шаруаларға қазақ жерінде жасалып жатқан заман талабына сай ауыл шаруашылығы техникалары мен «Қостанай жылқысының» тұқымдары, өнімділігі жоғары жаңа астық түрлері мен егіс алқаптарын түрлі зиянкестер мен арам шөптерден қорғайтын тыңайтқыштардың түрлері таныстырылды. 

Қостанайдағы «Jańa Dala/GreenDay» көрмесі 

Көрмеге жиналғандар алғашқы қадамдарын «Қазақ тұлпары» ЖШС жайқалып бітік шыққан егістіктерімен танысудан бастады. Егістік басында Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибелі станциясының басқарма төрағасы Дамир Қалдыбаев жиналғандарға табиғаты қатал Қостанай жерінде мол өнім алатын дақылдардың жаңа түрлерімен таныстырып, кең көлемде ақпарат берді.

Қостанай жерінде өнімділігі жоғары  астық ретінде «Айна» дақылын ұсынар едім. Бұл астықтың түрі облыстың табиғат жағдайына бейімділігі мықты. Осыдан болар жергілікті дихандар осы тұқымға көп қызығып отыр.  Биыл облыс аумағында 300 мың гектарға осы бидай түрі себілді. Ол жерлерден астық мол жиналуы керек , - дейді Дамир Қалдыбаев. 

Қостанайдағы «Jańa Dala/GreenDay» көрмесі 

Көрме барысында еліміздегі белді «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» ҰАҚ басқарма төрағасы Дархан Балпановты кездестіріп, пікірін білген едік. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ жерінде астықтың сапасы мен жаңа сұрпын өндіретін ірілі-ұсақты  қырықтан астам тәжірибелі станция жұмыс істеді. Өкінішке орай, осы кезде соның жиырмаға жуығы ғана шыда жаным шыда деп қалт-құлт тірілікті бастан өткеруде. Осы орайда біздің алдымызға зор міндет жүктеліп отыр. Ол -  ел аумағында халықтың сұранысына ие азық-түліктің қорын қалыптастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы араға жиналған диқандар қауымынан бұл саланы жетілдіру үшін бір апта , 10 күн ішінде тың ұсыныстарын күтетін боламыз. Бұл ұсыныстар алдағы жұмыс барысында бірлесіп қызмет атқаратын ортақ қағида жасауда қажет болады. Бұл Президенттің берген тапсырмасы, – дейді Дархан Балпанов. 

Өзгелердің жаңалығы