Тәжірибелі сүңгуір: Су түбінде қорқыныш пен қуаныш қатар жүреді

29 Шілде 2022, 21:00
1823
Бөлісу:
Тәжірибелі сүңгуір: Су түбінде қорқыныш пен қуаныш қатар жүреді
PHOTO
Фото: автордан

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Рүстем Достиярұлы суда құтқару қызметіне 2006 жылы келіпті. Бұл салада жүргеніне – 16 жыл. 

Көкшетаудағы №4 құтқару бөліміне жетекшілік ететін ол құтқарушы-сүңгуір кәсібінің негізгі миссиясы мен міндеті жайлы айтып берді.

Бұл кәсіпке жүрек қалауыңызбен келдіңіз бе?

–Құтқарушы болуды бала күнімнен армандадым. Әрине, қиындығы көп болса да кәсібім өзіме ұнайды. Мақсатымыз – адам жанын арашалау. Командада жұмыла жұмыс істеуге үйрендік. Құтқарушы-сүңгуір қауіп-қатерге толы мамандықтардың қатарына жатады. Мамандығымыз өте жауапты, білімімізді жетілдіру мақсатымен семинарларға қатысып тұрамыз. Екі жыл бұрын Қарағанды облысының Приозерск қаласында еліміздің әр өңірінен келген құтқарушылармен біліктілікті арттыру курсынан өттім. Мұндағы оқу орталығында құтқарушылар даярланады. Қазіргі күні бірінші санатты құтқарушымын. 

 

Тәжірибелі сүңгуір: Су түбінде қорқыныш пен қуаныш қатар жүреді

Бөлімшелерде қанша құтқарушы бар?

–Ақмола облысы бойынша 33 құтқарушы бар. Көкшетау, Бурабай, Щучинск, Зерендіде 4 станция жұмыс істейді. Көкшетау қаласы бойынша 18 сүңгуір қызмет көрсетеді. 

Бұл іске қандай мамандар тартылады? 

–Алдымен мамандар тағылымдамадан өтеді. Құтқарушы-сүңгуірдің жоғары білімі, жақсы жүзе білетін, физикалық, психологиялық дайындығы мықты болуы керек. Сүңгуірдің арқасындағы кислород толтырылған баллон салмағы – 30 кг. Сүңгуір жүгіндегі әрбір пластина салмағы 2 кг. Мұның барлығы су түбіне жету үшін қажет.  Сүңгуір киімі бір температураны ұстап тұрады, әрі су астында бөгде заттардан қорғайды. Талайдың өмірін жалмаған судан барлығы қорқады. Бірақ қорқыныштың болуы заңдылық. Тек үрейге бой алдырмай, сабырлы болған жөн.

Сүңгуір мамандығына келетіндер көп пе?

–Физикалық дайындығы мықты болғанымен, психологиялық жағынан әлсіздік танытатындар көп. Адам мүрдесін көзбен көргеннен кейін көп жастар бұл қызметтен бас тартып жатады. Сүңгуірдің өзіне және үйретушіге көп жауапкершілік жүктеледі. Тереңге түсер алдында психологиялық кеңес беріледі. Ішкі көңіл-күйіне байланысты сүңгуір су түбіне түсуді қаламаса бұл қалыпты саналады. Бұл қауіпсіздік ережелерінде де көрсетілген. Қарсылық білдірсе, еркінен тыс ешкім күштей алмайды. 

Есте қалар оқиғалар жайлы айтып берсеңіз...

–Өз тәжірибемде есте қалар оқиғалар көп болды. Су түбіне батқан адамдарды шығару оңай жұмыс емес. Тереңдік те әр түрлі, кейде 3, кейде 5 метр. Жуырда Вячеслав су қоймасында алғаш рет 20 метр тереңдікке түстім. 26 жастағы қыз суға кетіп, 4 күн бойы іздестіру жұмыстары жүргізілді. Павлодарлық құтқарушылар келіп көмектесті. Су тереңдігіне өлшейтін арнайы құрылғыны пайдаландық. Соның арқасында қыздың денесін тауып, жағалауға шығардық. 

Басқа өңірлерге жиі шығасыздар ма?

–Кейде, жұмыс бабымен басқа өңірлерге де баруға тура келеді. 2010 жылы Ресейде дамбы жарылып, еліміздің кей аймағын су басу қаупі бар деген шұғыл хабарлама түсіп, Қостанай облысының Таран селосына бардық. Он екі сағаттан кейін аймақтағы өзендер арнасынан асып, екі көшені су басты. Дереу тұрғындарды эвакуацияладық.

Суған кеткен қызды бірден табуға не кедергі келтірді?

–Навигациялық құрылғыға нүктені дәл табуға толқындар кедергі келтірді. Оның үстіне су қоймасының тереңдігі 20 метр. Алдымен белгіленген нүкте бойынша қалай іздестіретінімізді кеңесіп алдық. Зәкірден 2 метр аймақты белгілеп, айналаны шолып шықтым. Бірақ таба алмадым. Содан тағы да 2 метр тереңдікке түстім. Оң жаққа қарай 5-6 метр аумақта қыздың мүрдесін таптым. Жағадағыларға арқан арқылы белгі бердім. Арқанды өзіме тартып, мүрденің аяғына байлап, жоғарыға қарай көтерілдім. 

Қорқынышты қалай жеңесіз? Ең алғаш су түбіне түскенде қандай сезімде болдыңыз?

–Бұл жұмыстың өзі салқынқанды болуға үйретеді, әлсіздікті көтермейді. Адам денесін тереңдіктен алып шығу үшін алдымен өз бойыңдағы қорқыныш пен үрейді жеңу керек. 16 жыл тәжірибем бар ғой. Үйреніп кеттім. Десек те ең алғаш су түбіне түскен сәтімді еш уақытта ұмытпаймын. Суға батқан адамды құтқару бір басқа да, мәйітті су түбінен алып шығару бір бөлек. Ең алғаш қызметке келгенімде Марат Тіленбаев есімді тәжірибелі сүңгуір білгенін үйретіп, қолдау көрсетті. 

Шағалалы су қоймасында жас жігіт суға шомылып жүріп жағалаудан 40-50 метр алыс кетіп, суға батқан. Бізге шұғыл хабарлама түскесін дереу жеттік. Суға батқан аумақ бойынша іздестіру барысында өлі дененің дәл үстіне түстім. Жан-жақты шолып та үлгермедім. Белгі бері, мүрдені жағалауға шығардым. 

Су түбінде қорқыныш пен қуаныш қатар жүреді. Әрине, мүрдені тапқаныңа қуанасың, бірақ сол сәтте бойыңда  қорқыныш та болады. Уақыт өте келе бойдағы қорқыныштан бірте-бірте арыласың. Шыдамдылық пен тәуекел ету – бұл сүңгуірлерге тән қасиеттер.

Су адам таңдамайды. Ең қиыны жас баланың өлі денесін алып шығу. Бейнесі көпке дейін көз алдыңнан кетпейді. Өмір-бақи ұмытпайтын сияқтымын. Бұл оқиға Шағалалы өзенінде орын алды. Отбасымен демалуға келгендер ішімдік ішіп, балаларын қараусыз қалдырған. Екі баланың бірі судан шығып үлгерсе, екіншісі суға батқан. Су түбінің деңгейі әр түрлі болғандықтан, іздестіру жұмысы қиынға соқты. 15 минут уақыттан соң баланың денесін тауып, қолыммен көтеріп, жағаға алып шықтым. 

Іздестіру кезінде техникалық ақау орын алатын немесе бағыттан адасатын кездер бола ма?

-Өз тәжірибемде мұндай жағдай орын алған емес. Іздестіру болсын, кез келген оқу жаттығулары кезінде де барлық құрал-жабдықтар алдын ала мұқият тексеріледі. Арнайы сүңгуірлер журналына қол қойылады Техникалық қауіпсіздік үшін өзімізбен бірге арнайы пышақ алып жүреміз. Су түбінде ау, балдырларға, тіпті өзіңмен бірге жүрген арқанға оралып қалуың мүмкін. Бастапқы кезде бағыттан адасқан кездер болды.  

Іздестіру жұмыстары кезінде қолшам пайдаланасыздар ма?

–Қолшам су түбінде көмектеспейді. Су түбінің қараңғылығы қап-қара түнек деуге болады. Адам мүрдесін су түбінде тек қолмен сипалап отырып іздестіреміз. Барлық нұсқау арқан арқылы беріліп отырады. Су түбіне бір сүңгуір ғана түседі. Көмек көрсету қажет болған жағдайда жеке құрамнан тағы бір адам дайын тұрады. Техникалық қауіпсіздік әрдайым сақталады. 

Тереңдікте ұзақ жүрудің денсаулыққа зияны қаншалықты?

–Су астында көп жүру құлақ, өкпеге зақым келтіреді. 20-30 метр тереңдікке түскенде атмосфералық қысым да әсер етеді. Су түбіне түскенде негізгі ережелерді мұқият сақтау керек.

Егер су түбінің тереңдігі 5 метр болса, аквалангтегі ауа сүңгуірге бір сағатқа жетеді. Тәжірибесіз сүңгуірлерде жарты сағаттасын ауа таусылуы мүмкін. Тәжірибелі сүңгуірлер бір сағаттан артық жүре алады. 

Аквалангсыз адам су астында 3 минутқа дейін ғана жүре алады. Аквалангтағы ауа машина дөңгелегінен жүз есе көп. 

Суға шомылушылар ережелерді білмей ме? Адамдар суға қалай кетіп жатыр?

–Суық суда адамның қол-аяғы тырысып қалады. Адамдардың көбі күшіне сенеді. Жағадан алыс кетіп қалып, кері қайтуға күші жетпей жатады. Дұрыс жүзе білмейтіндер суға көп түспейді. Өз тәжірибемнен білетінім, негізінен жүзе білетіндер мен спортшылар суға кетеді. Толқын көтерілгенде, қайық ауып кеткенде балықшылар да киімдерінің ауыр салмағынан жүзе алмай суға бататын жағдайлар кездеседі. Камерамен суға түсуден аулақ болған жөн. Оның құтқару құралы ретінде мүлдем қолдануға болмайды, себебі кез келген уақытта ауасы шығып кетуі мүмкін. Сол сияқты үрленген матрастар да өте қауіпті. Мысалы, Кіші Шабақты көлінде екі қыз камерамен суға түсіп, қатты жел екеуін судың ортасына алып кеткен. Екі қыз да суға тұншығып қайтыс болды. Салқын суда қол-аяқ тырысқанда арқаңызбен шалқалай жатып, сабыр сақтаған жөн.

Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?

–Шұғыл құтқару жұмыстарынан бөлек қысы-жазы оқу-дайындық жұмыстанына қатысамыз. Жас мамандарды үйретеміз. Бос уақытта саяжайда бау-бақшамен айналысамын. Құтқарушы-сүңгуірлер жайлы деректі фильмдер, кәсіби роликтер тамашалағанды ұнатамын.

Өзгелердің жаңалығы