Тоқаев Қазақстанды дамыту үшін кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет екенін айтты

29 Наурыз 2023, 10:41
895
Бөлісу:
Тоқаев Қазақстанды дамыту үшін кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет екенін айтты
Фото: syrboyi.kz

Тоқаев Қазақстанды дамыту үшін кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет екенін айтты. Бұл туралы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл жөнінде көп айтылса да, осы бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Айтуынша, шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс. 

Бізге Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Оның бел ортасында әкімшілік ресурстарға иек артпай, кәсіпкерлік таланты мен еңбекқорлығының арқасында кәсібін табысты жүргізе алған бизнесмендер болуға тиіс. Ондай адамдар әр аймақта бар. Оларға елімізде өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру және нақты көмек көрсету маңызды, - деп айтты Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның қазіргі экономикалық моделі, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негізделеді. Сондықтан ұлттық буржуазияның негізін құрайтын орта бизнес жүйесіз дамып жатыр. 

Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады. Жалпы, Үкіметке экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция, соның ішінде шетелдік инвесторларды тарту міндеті жүктеледі. Олар орта бизнестің дамуына тың серпін беруге тиіс, - деп тапсырма берді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік осыған дейін Президент билікке ойы озық, білімді жастар келуі керектігін айтты. Сондай-ақ ол Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келгенін және алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болатынын  атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы