ҰБТ-ның алғашқы аптасында талапкерлердің 24%-ы шекті балл жинай алмады

27 Мамыр 2023, 03:43
1437
Бөлісу:
ҰБТ-ның алғашқы аптасында талапкерлердің 24%-ы шекті балл жинай алмады
Фото: egemen.kz

ҰБТ басталғаннан бері 40 мыңнан астам адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 70%-ы қазақ тілінде, 30%-ы орыс тілінде, 50 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҰБТ басталғалы шекті балды 76 пайызға жуық талапкер жинады. Орташа балл – 68. Ең жоғары балл – 137.

Негізгі ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 5 шілдеге дейін өтеді. Естеріңізге салсам, тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестіленушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 20%-ы "Математика-Физика" пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы "Биология-Химия" комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалатын комбинация – "Химия-Физика", оны 50 адам тапсырған, - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

ҰБТ-ға бірінші аптада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 108 талапкер қатысқан.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде пайда болады.

Бүгінгі таңда 50 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 39 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетейік, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Өзгелердің жаңалығы