Жат ағымдарға заң тарапынан шектеу керек

4 Тамыз 2022, 18:08
2288
Бөлісу:
Жат ағымдарға заң тарапынан шектеу керек

Жастардың жат ағымның ықпалына түсуінің алдын алу – қоғамды алаңдатып отырған мәселе, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Өңірде діни ахуал жөнінде Ақмола облысы бойынша дін істері басқармасының конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы басшысының орынбасары Нұркен Тілеубаев айтып берді.

– Алдымен орталықтың қызметіне тоқталып өтсеңіз...

– Облыста 183 діни бірлестік тіркелген. Өткен жылы орталық мамандарымен 1735 шара өткізілді. Дін тақырыбына арналған дәрістер, диалогтық алаңдар, оқыту-семинарлар, мешіт жамағатымен дәрістер, атаулы-алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды. Айта кету керек, бұл жұмыстар Ақмола облысы аумағында жүргізіліп жатыр, Астрахан, Бурабай, Зеренді, Целиноград аудандарында және Көкшетау мен Степногорск қалаларында теологтар мен исламтанушы мамандар жұмыс істейді. Тұрақты негізде көшпелі іс-шаралар өткізіледі. 

– Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіле ме?

– Әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргіземіз. Біз алдын-алу жұмыстарының бірнеше түрі мен форматтарын қолданамыз. Жаңа TikTok платформасында деструктивті және экстремистік идеялардың таралуының алдын алуға арналған бейнероликтер, діни салада жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат туралы ақпараттандыру және хабардар болуды қамтамасыз ету арнасы құрылды. Интернет – шексіз ақпарат кеңістігі. Кей кезде ненің рас, ненің ойдан құрылғанын анықтау қиындық туғызады. Бұл дән мәселесіне де қатысты. Осыған байланысты күмәнді діни топтарға жазылудан бас тартуға кеңес береміз. Себебі, олар деструктивті сипаттағы материалдарды тарата алады. Күмәнді сайттарға тіркелгендерге 20-дан 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

– Сонда сенімді ақпаратты қайдан алуға болады?

– Ислам мәселелері бойынша сенімді ақпаратты @kazislam.kz, @muftiyatkz, @nasihat_kz, дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру туралы ақпаратты @carmo.kokshe сайттарынан алуға болады. Егер діни алауыздықты қоздыратын немесе радикалды идеяларды насихаттайтын материал байқасаңыздар vk.com/carmo ресми тобына хабарлама түріне жіберу қажет. Әлеуметтік желілерде жаңа пайдаланушылармен танысқан кезде олардың профилін зерттеңіздер. Егер сіздің сеніміңізге кіруге тырысып жатқан болса, желіде бейтаныс адамдармен өте сақ болыңыздар. Жаңа интернет-танысушы тарапынан қатты қысым сезсеңіздер, оны бұғаттаудан тартынбаңыздар. Сол сияқты әрбір телефондық лаңкес жазалатынын тағы ескерткім келеді. ҚР Қылмыстық кодексінің 2736-бабы бойынша мұндай қадамға барғандар бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан шектеуге жазаланады.

– Жастардың жалған идеологияға қарсы иммунитеті қай деңгейде? 

– Жат ағымдарды жастар арасында мақсатты түрде насихаттау әлеуметтік желілер, деструктивті діни ағымның идеялары қарқынды ілгерілеп келе жатқан бейнероликтер арқылы жүргізіледі. 

Респонденттердің пікірінше, жастардың дінге көбірек жүгінуінің негізгі себептері – рухани бос орынды толтырумен (36,2%), интернеттегі насихаттың әсері, шынайы сенімге оралу (33,2%), сондай-ақ халықтық дәстүрлерді қалпына келтірумен (32,7%) сипатталады. 

Мамандар, теологтар колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушыларымен деструктивті діни ағымдардың зияндылығын және жат ағымдармен байланысты әлеуметтік желілердегі топтардан бас тарту қажеттілігін түсіндіре отырып, онлайн-форматта дәрістер ұйымдастырады.

Қазіргі қоғамда діни белімді жетілдіру өзекті болып отыр. Осы ретте әр түрлі жастағы жасөспірімдерді қамтуға тырысамыз. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттермен, Үндістаннан келген студенттермен, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанттарымен жұмыс істейміз. Мамандар жат ағымдардың негізгі белгілері, діни әдебиеттерді таратуға тыйым салу туралы жадынамалар мен бейнероликтер, буклеттер әзірледі.

– Баланың теріс діни бағытта жүргенін қалай байқауға болады? Ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ата-аналар мен отбасы мүшелері балаға деструктивті психологиялық әсер ету белгілерін білуі керек. Жасөспірім немқұрайлылық танытуы мүмкін, жаңа достар пайда болады, оқуға деген қызығушылығы жоғалады, сөйлеген сөзінде діни терминдер қолданады, интернеттегі оқығандарын жояды, компьютерге пароль қояды. Бала өмірдің мәні, дін, жақсылық пен жамандық туралы әңгіме қозғай бастайды. Гаджетте сақталған сілтемелер немесе видеолар, экстремистік мазмұндағы суреттер көбейеді. Егер бұл белгілер анықталса, ересектер жасөспіріммен ашық сөйлесуі керек. Баланың алатын ақпаратын – оның қандай бағдарламаларды қарап, қандай кітаптар оқитынын, қандай әлеуметтік желілерде тіркелгенін бақылау керек. Дін істері басқармасының Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының (8716-2)-72-25-96 сенім телефонына хабарласып, білікті мамандардан кеңес алуға болады.

– Осы саладағы жұмысты жетілдіру үшін қандай шара қолданылуы тиіс ойлайсыз?

– Әрине, жат ағымдарға тосқауыл қою үшін ең алдымен заң тарапынан шектеу керек. Шын мәнінде, соңғы жылдары жат ағымдарды белсенді насихаттау алаңдаушылық тудырып отыр. Бұған әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың көбеюі дәлел бола алады. Бұл бағытта біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Жалған идеология мен деструктивті діни ағымдар туралы ақпарат тарататындарға қатысты қылмыстық істер қозғалады. Мұндай фактілер біздің облыста да бар, сондықтан бұл мәселелерде заңды күшейту қажет. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл шеңберінде кибер қадағалау жүйесінің арқасында интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіледі, арнайы бағдарлама экстремистік материалдарды, бейнероликтерді, радикалды уағыздаушылардың дәрістерін анықтайды. Жыл басынан бері біздің өңірден 4 адам әлеуметтік желі қолданушылары тыйым салынған діни әдебиеттерді әкелгені, дайындағаны, таратқаны үшін сотталды, 3 пайдаланушы дінтану сараптамасы сатысында тұр. Сондай-ақ әйелдер жамағатымен жұмыс істейтін маман-теологтың болмауына байланысты қиындықтар туындайды. Өйткені деструктивті бірлестіктердің жақтаушыларының әйелдері мен балалары назар аударуды талап етеді. Екпелерден бас тарту, зайырлы мекемелерде тыйым салынған киім кию, әскерде қызмет етуден бас тарту фактілері анықталады. Осы фактілердің бәрін ескере отырып, конфенссияаралық қатынастарды дамытудың бағыт-бағдарын айқындау қажет.

Өзгелердің жаңалығы