Данияны жеңеміз деген түйсігім алдамады – Аслан Дарабаев

Данияны жеңеміз деген түйсігім алдамады – Аслан Дарабаев
Футбол

Euro-2024 іріктеу кезеңі аясында Қазақстан өз алаңында Даниядан ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. Бұл камбэк екі күннен бері талқыланып отыр. Осы матчтағы ойынның басқа арнаға бұрылуы бірнеше футболшыны ауыстырған соң басталды. Олардың арасында жартылай қорғаушы Аслан Дарабаев та бар. Футболшы матчтан кейін тілшілердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды BasSport.kz.

– Таңғжайып жағдай. Стадиондағы атмосфера тіптен керемет болды. Стадиондағы жағдайды сөзбен жеткізу қиын. Жеңіліп жатып, жеңісті жұлу алу әсерлі болды.

– Құрама соңғы 15 минутта жеңісті жұлып алды. Сол сәтте аяқ дірілдеп, толқу болды ма?

– Жеңіске жетеміз деген түйсік болды. Кемі тең түсеміз деп ойладым. Алғашқы голдан кейін сенімділік артты.

– Тәжірибелі ойыншы ретінде сізден сұрасақ, құраманың соңғы кездегі жеңістерінің сыры неде?

– Өткен циклде Магомед Адиев жақсы сөз айтты. Мынандай алаңда, осындай стадионда, жанкүйерлердің қолдауы кезінде тек рахаттанып ойнау керек. Емін-еркін ойнап, толқынысынды басқан кезде нәтиже де болады. Бапкер бар жауапкершілікті өзіңне алғанын түсінесің.

– Бұл жеңіс – Қазақстанның алдағы уақытта кез келген қарсыласты ұтуы мүмкін екенін білдіре ме?

– Бұл шынымен алдыға жасалған маңызды қадам. Осындай жоғары деңгейлі қарсыласпен де команда мынандай рух, мінез көрсете алатынын дәлелдеді. Словения, Словакия, Дания болсын бәрібір. Біз Еуропаның үздік құрамаларымен терезесі тең ойын көрсетуге дайынбыз.