Абиба Әбужақынова: Тбилисидегі нәтижеге көңілім толмайды

Абиба Әбужақынова:  Тбилисидегі нәтижеге көңілім толмайды
Дзюдо

Қазіргі кезде қазақ дзюдосында әйелдер арасында басты үміт 48 келідегі Абиба Әбужақынова да болып тұр. Отгонцэцэг Галбадрах карьерасын аяқтап, туған жері Моңғолияға кеткен соң, онын орнын Абиба бірден басты. Соңғы бір жыл көлемінде барған жарыстарынан жүлдемен оралып жүр. Арасында әлем чемпионатының қола медалі де бар. Жақында Тбилисидегі Grand Slam-нан үшінші орын алған спортшымен Bassport.kz тілшісі аз-кем әңгімелесті.

– Абиба, жүлдеңіз құтты болсын! Тбилисидегі нәтижеңізге көңіліңіз тола ма?

– Рахмет.  Жыл басталғалы осымен үшінші рет жүлде алып отырмын. Бұған әрине қуаныштымын. Бірақ Тбилиси татамиіндегі қола медальға көңілім толмайды.

– Жартылай финалда сербиялық Милица Николичке есе жіберіп алдыңыз. Бұған дейін одан басым түскеніңіз бар еді. Қателік қай жерден кетті?

– Николичпен үшінші рет кездесіп отырмыз. Мұның алдында екі рет жеңгенмін. Осы жолы есе жіберуімнің өзіндік себебі бар. Өйткені «стойка» емес, партерде күрестік. Содан ұсталып қалдым.

– Антальядағы Grand Slam-ға қатысатындардың тізімінде жоқ екенсіз...

– Иә, Антальяда күреспеймін. Келесі жарыс – әлем чемпионаты. Соған дайындалып жатырмын. Биыл әлем біріншілігін мамыр айында Қатар мемлекеті қабылдайды. Бірақ Антальядағы оқу-жаттығу жиынына барамын. Бұл әлем біріншілігі алдындағы дайындықтың бірі болмақ.

– Азия ойындарына да барасыз ба?

– Иә, төрт жылда бір өтетін дода ғой. Сондықтан ол қыркүйек айының соңында. Сондықтан бұйырса бақ сынаймыз.

Айта кетейік, Абиба Әбужақынова жақында Грузияның астанасы Тбилиси қаласында өткен Grand Slam жарысында 48 келіге дейін салмақта қола жүде алған болатын. Сөйтіп, биылғы жылғы үшінші жүлдесіне ие қол жеткізді. Ол жыл басталғалы барған жарысынан бос қайтқан емес. Португалиядағы Гран-приде алтын, Франциядағы Гранд-слэмде қола.