Мадияр Құрамысов: Олимпиадалық емес салмақта чемпион шығатынын іштей білдік

Мадияр Құрамысов: Олимпиадалық емес салмақта чемпион шығатынын іштей білдік
Күрес

Күрес түрлерінен Сербияда өтіп жатқан лицензиялық әлем чемпионатында еркін күрес шеберлері 1 алтын және 1 қоламен жарысты аяқтады. Осы орайда еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов жарыстың қорытындысы бойынша сұхбат берді, деп хабарлайды BasSport.kz.

Күрестен әлем чемпионаты екінші мәрте қатарынан Сербияда өтіп жатыр. Сіздер үшін белгілі бір елде өтудің ерекшелігі бола ма?

- Спортшылар үшін жарыс қай елде болатындығы қатты қызықтыра бермейді. Олар тек жеңіс үшін күреседі. Дегенмен, теңіз деңгейінен төмен, жоғары орналасуы белгілі бір деңгейде әсер ететіндігі сөзсіз. Белград қаласы уақыт жағынан бізден 4 сағат артта. Балуандарымыз ерте бастан аттанып, уақыт айырмашылығына үйренді.

Былтырғы мен биылғы біріншілікте қандай айырмашылықтар бар?

- 2022 жылы әлем чемпионатына Ресей мен Беларусь мемлекеттері қатыспады. Егер еркін күрестен 2000 жылдан бергі әлем біріншілігі мен Олимпиададағы алтын жүлделердің статистикасына назар аударсақ, Ресей 71 алтынмен көш бастап тұр. Салыстырмалы түрде АҚШ – 28 алтын, Иран 17 алтын алған. Ал биыл Ресей мен Беларусь елдеріне нейтральды түрде қатысуына мүмкіндік берді.

Осы орайда Ресейдің балуандары тек өз елінен ғана емес, өзге елдердің атынан қатысқанын да ескерген жөн. Мысалы, биыл еркін күрестен Ресейдің 44 балуаны басқа мемлекеттің атынан жүлдеге таласты. 86 келідегі қола жүлдегер Азамат Дәулетбеков 1/8 финалда Ресей, 1/4 финалда Францияның легионерін, қола жүлдеге таласта Бахрейннің легионерінен басым түскені осы сөзіме дәлел.

2022 жылғы әлем чемпионатынан қандай сабақ алдыңыздар?

- 2022 жылы балуандарымыз 24 мәрте қарсыласымен күресіп, 11 жеңіс, 13 жеңіліс статистикасын көрсетті. Сол сәтте біз спортшыларымыздың физикалық деңгейіне мән беру керектігімізді аңғардық. Оқу-жаттығу жиындарында таулы жерде жаттықтық, артынша Ресей мен Беларусьпен тәжірибе алмастық. Көргендеріңіздей, 86 келіде Азамат Дәулетбеков пен 92 келідегі Ризабек Айтмұқан соңғы секундтарда жеңісті жұлып алды. Биылғы көрсеткішіміз: 20 жеңіс, 15 жеңіліс.

Әлем чемпионаты басталмас бұрын, қандай мақсат қойдыңыздар? Мақсат орындалды ма?

- Еркін күрестен 10 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынғанымен, тек 6 салмақта Париж Олимпиадасының жолдамасы берілді. Біз 2 Олимпиада лицензиясын алуды мақсат еттік. Бұл жоспарымызды тек 86 келідегі Азамат Дәулетбеков ғана орындады. Өкінішке қарай, 57 келідегі Мейрамбек Қартбай қола жүлде үшін белдесуде Еуропаның 3 дүркін чемпионы, Армения балуаны Арсен Арутюнянға 0:11 есебімен есе жіберді.

Ал 65 пен 74 келідегі Әділ Оспанов, Нұрқожа Қайпанов қосымша белдесулерінде Ресей және Жапония спортшыларына жол берді. 97 келідегі Әлішер Ерғали ширек финалда сүрінді. Әлем чемпионатына барған барлық балуандарға сенім арттық.

Олимпиадалық емес салмақта чемпион шығатынын іштей білдік. Неге? Себебі, бұл салмақтағы спортшыларымыз әлемнің мықтыларын турнирлерде жеңіп жүрді. Соның бірі - 19 жастағы Ризабек Айтмұқан алғаш рет чемпион атанып, қазақ елін қуантты.

Әлем чемпионатындағы 3 балуан Азия ойындарына барады. Неге ондай шешім қабылдадыңыздар?

- Егер Азия ойындарының статистикасына назар аударсақ, еркін күрестен 1994 жылы ғана Мәулен Мамыров чемпион атанған. Одан бері топ жара алмай келеміз. Әлем чемпионатында еркін күрестен алғаш рет әлем чемпионын шығардық. Енді Азия ойындарында да тарихты жаңғыртуға тырысамыз. Әлем чемпионатына барған 3 балуанның Азия ойындарына баруларының бір себебі осы.

Сұхбатыңызға рақмет!

Қанат Байұзақов