Есте сақтау қабілетін арттыру үшін...

Есте сақтау қабілетін арттыру үшін...

Адам баласының есте сақтау қабілеті әртүрлі. Бірі оқиғалардың күнін, адамдардың толық аты-жөнін қиналмай айтып беретін болса, екіншісі оқығанын сол мезетте-ақ ұмытып қалады. Біздің мына кеңестеріміз екінші топқа жататын адамдарға арналады, деп хабарлайды BasSport.kz.

Сөзсіз, жадыны жақсартуға бағытталған жаттығулар мен кеңестер өте көп. Біз солардың арасынан әзірге тек сегізін іріктеп жазуды жөн көрдік.

1. Ұғыну заңы. Бұл заң ең қарапайымы әрі ең маңыздысы. Неміс жазушысы Георг Лихтенберг «Адамдар өздері көп ойланбайтындықтан, оқығанын ұмытып қалады» дейді. Бір нәрсені есімізде жақсы сақтау үшін, оның мағынасына үңіліп, тереңінен ойлауымыз қажет.

2. Ықылас заңы. Жазушы Анатоль Франс «Білімді бойға жақсылап сіңіру үшін, оны тәбетпен асап жеу қажет» екендігін айтады. Ал қызықты дүниені есте сақтау үшін аса күш салмайтынымыз белгілі.

3. Келер білім заңы. Жаңа тақырыпқа сәйкес білім қорыңыз мол болғаны жақсы. Бұрын-соңды оқыған кітабыңызды қайта қолыңызға алғанда, оны бірінші рет оқып отырғандай күй кештіңіз бе? Бұл – алғашқы тәжірибенің жетіспегендігінің салдары.

4. Есте сақтауға дайындық заңы. Қандай ақпаратты алғыңыз келсе, оқығаныңыздан дәл сондайын сіңіресіз. Дәл осы уақытқа да қатысты. Ақпаратты көп уақытқа есте сақтауым қажет деп жаттаңыз.

5. Ассоциация заңын б.з.д. IV ғасырда Аристотель айтып кеткен болатын. Бұл жаңа мен ескінің байланысы. Мысалы, сіздің жаңа танысыңыздың көп уақыт бойы көрмей кеткен досыңызға мінезі, түр, тұлғасы қатты ұқсауы мүмкін. Ал есімдерінде ұқсастық бар ма? Сондықтан әрбір алған ақпаратыңызды жаңамен байланыстырып отырыңыз.

6. Жүйелілік заңы. Әліпбиді ретімен айтып шығу оңай болғанымен, керісінше, қайталау қиын. Сол секілді тақырыпты жүйелі түрде оқып отырған жөн.

7. Күшті әсер заңы. Жаңалық әсерлі болған сайын, есте ұзағырақ сақталады. Өткен өміріңіздегі ерекше күнді еске түсірер болсаңыз, міндетті түрде ерекше әсерге бөленген сәтті тізіп шығасыз. Жинаған ақпаратыңыз да кез келген сәтте есіңізге түссін десеңіз, міндетті түрде бастапқы қабылдаудың әсерін күшейтіңіз.

8. Тежелу заңы. Әр нәрсенің шегі бар. Жаңа тақырыпты оқымас бұрын, ескісін тиянақтап алыңыз. Осыған сәйкес оқушыларға физикадан кейін математиканы, әдебиет пәнінен кейін тарихты, ұйқы алдында тақпақты жаттамауға кеңес береміз.