Сырлыкүл Шойбекова: Жасым жетпістен асса да, Бекзатым айтылған жерден қалмаймын

Сырлыкүл Шойбекова: Жасым жетпістен асса да, Бекзатым айтылған жерден қалмаймын
Бокс

Фото авторы: Оспан Әли

Жақында отандық 17 спортшының оқиғасын біріктірген, қазақстандық чемпиондардың өмір жолын, жеңіске деген жігері мен жүлдеге жету жолында кездесетін қиындықтарын суреттейтін тұңғыш кітап жарық көрді. «Чемпиондыққа жетелеген арман» кітабының авторы – талантты жазушы Унзила Мыңбай. Бұл туындының басқалардан басты айырмашылығы – кітаптың балаларға арнап жазылуы. Әдемі безендіріліп, мағыналы әңгімелермен толыққан чемпиондар туралы жинаққа Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттарханов та енді. 20 жасында олимп шыңына шығып, сол жасында мәңгілік сапарға аттанған боксшының оқиғасын анасы Сырлыкүл Шойбекова баяндап берген. Астанада өткен кітаптың тұсаукесер рәсіміне батырдың анасы арнайы ұшып келді.

«Балаларым күннің суықтығын айтып, Астанаға жібергісі келмеген. «Мама, үйде отыра беріңіз. Қыс ортасында салқындап қаласыз», - деп, асты-үстіме түсіп жатыр. Қан қысымым көтерілетіні бар, соны уайымдайды. Бірақ мен Бекзат аталған жерден қалғым келмейді. Бекзатыма қатысты жиын болса, еліміздің қай түкпірі болса да барамын. Ұлым жиырмасында кетсе де, Алла маған ғұмыр берді ғой. Ол туралы естеліктер айтып, Бекзаттай жігіттің қазаққа қалай серпіліс әкелгенін жеткізуді өзіме парыз санаймын. Көзден кеткесін, көңілден де кетеді... Қазақтың осындай батыр ұлы болғанын өскелең ұрпақ біліп өссе деймін. Өзі тірі болса, қырықтан асқан жігіт ағасы болып, осындай ортада жарқырап жүруші еді. Амал не, маңдайына жиырма жыл ғана жазылыпты. Сондықтан, ұлым жайлы айтуды, ұлым жайлы жазуды өмірім жеткенше, жалғастыра беремін», - дейді Сырлыкүл ана.

Кітаптың таныстырылымына елордадағы үздік журналистер мен блогерлер, түрлі сала мамандары мен Олимпиада чемпиондары келді. Көпшілік қауым жиырмасында жарқыраған Бекзаттың анасын қаумалаумен болды. Тіпті, Сырлыкүл ана осы кештің басты қонағы болды десек, артық емес. Тұсаукесерге жиналған халық чемпионның анасымен суретке түсіп, қолтаңба алып, батыр анаға ерекше ілтипат білдірді. Сол әйгілі жеңіс пен қайғылы жағдайдан бері 23 жыл өтсе де, Бекзаттың ерлігін ешкім ұмытпағанына, оның қазақ жүрегінде мәңгіге қалғанына іштей қуанумен болдым.

«Кейде ұлым жайлы ойға батамын. «Осылай атақты болмай-ақ, аман-есен, қатардағы көптің бірі болып, жүре бергенде ғой», - деген арман да қылт ете қалады. Сондайда өзімді тез жинап, тәубеме түсемін. Алланың ісіне қарсы келмейін деп, тағдырға бағынамын. Қолымнан басқа не келеді? Бокспен бар болғаны бес жыл айналысып, бес жыл ішінде Олимпиада чемпионы болды. Қазір мұның бәрі тәтті түс сияқты. Бекзаттың Сиднейден оралғаны, қалың қазақтың күтіп алғаны... Бекзат марқұм сөзіне берік адам еді. Біреуге уәде берсе, соны орындамай қоймайды. Сиднейден келген соң үлкенді-кішілі жора-жолдастары қаумалап, оны бір дәмханаға отырғызыпты. Сол кезде ешкімнің көңілін қалдырғысы келмеген ол дастарханға отыра беріп: «Жігіттер, пейілдеріңе рахмет! Бірақ менің басқаларға да берген уәдем бар. Соны орындауым керек. Қырық минут қана отырамын», - депті. Қызығы сол, көңілді кеште улап-шулап отырса да, тура қырық минуттан соң рахметін айтып, уәделі жеріне шығып кеткен.

Бекзат жайлы жаманат хабар келерде де солай болды. Жаңа жыл қарсаңы. Түркістандағы басты алаңда оған «Жыл адамы» атағын бергелі жатыр. Бірақ мерекелік кеш жоспардағыдай алтыда емес, онда басталды. Тіпті, сол жиын басталып болмағасын, келініммен бірге үйге қайтып, дастархан қамына кірістік. Бекзат ең бірінші болып сахнаға шығып, марапатын алды да, үйге қайтып келді. Бізді жаңа жылмен құттықтап, әрі қарай Шымкентке кетпекші. Оның Шымкентке барғанын қаламадым. «Үйде болсаңшы», - деп қолқа салғам. «Мама-ау, сөз беріп қойдым ғой. Осы барып келген соң, бірден жаттығуға кірісемін. Міне, алдағы бес жылға жазып қойған жоспарым да бар», - деп дәптерін көрсетті. Қалай жаттығатынын түгел тізген екен. Сол уәдесінде тұрамын деп, кетті ғой... Әкесі оны соңғы рет алаңдағы сахнадан ғана көрді. Ал қаралы хабар түнгі екіге қарай жетті», - деп еске алды Бекзаттың анасы.

Бүгінде Бекзат Саттархановтың атын иеленген тағы бір бозбала өсіп келеді. Сырлыкүл ана бір немересіне Бекзаттың аты мен тегін берген. Тіпті, ол бокстан да жақсы нәтиже көрсете бастаған.

«Қазір Бекзат атты немерем жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеп жүр. Құдайдың құдыреті ғой, Бекзатымнан айнымайды. Жүріс-тұрысы да, келбеті де келеді. Боксқа қатысып, спорттан да жақсы нәтиже тіркеп жүрді. Бірақ 15 жасқа келгенде өзім бокстан шығарып алдым. Үстіне көз жара шығып кетті, оның үстіне, спорттың жолы оңай емес. Көз алдымда жүргенін қаладым. Қазір ол да жақсы жігіт боп өсіп келеді, шүкір. Немерелеріме ағасы туралы жиі айтамын. Мендегі немеренің көбісі – қыз балалар. Оларға тәрбие беріп, ақыл айту – әжелік міндетім. Бір қуантатыны, бәрі де әдепті, бәрі де өз орнын біледі. Қазақтың тәрбиесін бойларына сіңірген. «Сендердің осындай ағаларың болған», - деп бір айтқаным-ақ оларға жеткілікті. Ағаларының ерлігін немерелерім де мақтан тұтады», - дейді Сырлыкүл ана.

Сол кештен соң 75-ке аяқ басқан Сырлыкүл ананың жүзі нұрланып кетті. Бекзат туралы талай шығарма жазылса да, балаларға арналған жинақтың жарық көргеніне ерекше қуанып жүр.

«Олимпиада чемпионы болған соң үш айға жетпес өмір сүрді ғой. Әлі күнге дейін халық ұмытпапты. Қазіргі жастарға осындай кітап керек-ақ. Бекзатымды ұмытпаған, ол жайлы жылы естелік жазған кітап шығарушыларға алғысым зор», - деген ол бізбен жылы қоштасты.

Жазып алған: Ақырыс Сейтқазы