Сметов неге жеңілді? Бас бапкер жауап берді

Сметов неге жеңілді? Бас бапкер жауап берді
Дзюдо

Ташкентте дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турнирінде жарыс жолынан шығып қалған Елдос Сметовке қатысты құрама бапкері пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Ширек финалға дейін жеткен спортшының жұбаныш белдесуіне де қатыспау себебі белгілі болды. Отандасымыз жартылай финалға шығар  бәсекеде грузиялық Георгий Сардалашвилиге ескерту саны бойынша есе жіберген еді. Бас бапкер Нұрбол Сүлейменов Елдостың қарсыласына тыйым салынған әдісті қолданғанын атады.

Елдос Сметов ширек финалда қарсыласының мойнын бұрап жіберді. Бұл әдіске дзюдода тыйым салынған, себебі, спортшының денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан, төреші Сметовке "хансоку-маке" берді. Бұл ескертуден кейін спортшы жарысты жалғастыра алмайды. Елдостың жұбаныш белдесуіне қатыспау себебі осы. Жалпы, Елдостың дайындығы жаман емес. Жарақатының да беті бері қарап қалғандай. Ташкент турнирін жетінші орынмен аяқтап отыр, - деді бас бапкер Olympic.kz-ке берген сұхбатында.

Елдос Сметов дзюдодан әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері. Ол жыл басында Париждегі турнирде белдесіп, екінші айналымда есе жіберген еді. Ташкенттегі турнир оның 2024 жылы қатысқан әзірге екінші бәсекесі. Сонымен бірге, ол әлемдік рейтингте 30-орында тұр.