Бокстан ел чемпиондарының есімі анықталды

Бокстан ел чемпиондарының есімі анықталды
Бокс

2-9 желтоқсан күндері Павлодар қаласында бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтіп, елдің жаңа үздіктері белгілі болды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Биылғы ел біріншілігінде әр өңірден келген 216 былғары қолғап шебері 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Ендеше, назарларыңызға барлық салмақ дәрежелеріндегі Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлерінің есімін ұсынамыз:

48 келіде ақмолалық Теміртас Жүсіпов алтын иеленсе, алматылық Ернұр Қайрат күміспен күптеліп, шымкенттік Рысхан Тәліп пен Абай облысының былғары қолғап шебері Ернар Қарап қоланы қанжығаларына байлады.

51 келі салмақ дәрежесінде Дамир Әбдіқадыр (Алматы облысы) қарсылас шақ келтірген жоқ. Ал Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Даниял Сәбит күміс медаль еншілеп, түркістандық Жомарт Ержан мен Алматы облысының боксшысы Кенже Мұратұлы қолаға қол жеткізді.

Келесі салмақта (54 келі) қызылордалық спортшы Нұрсұлтан Алтынбек 2022 жылғы Қазақстан чемпионы атанды. Бекзат Алдамжаров (Ақтөбе облысы) күміс, ал Кәрім Серкебаев (Қарағанды облысы) мен Дәулет Молдашев (ШҚО) қоланы қанағат қылды.

57 келі салмақ дәрежесінде павлодарлық Ерболат Сабыр үздік шықты. Оразбек Асылқұлов (Ақмола облысы) алтыннан бір адым жерде тоқтаса, жамбылдық Бейбарыс Жексен мен шымкенттік Асылжан Серікбай жүлделі үшінші орыннан көрінді. Қарағандылық Талғат Сырымбетов 60 келіде қарсыластарының бәрін жеңіп, чемпион атанды. Осы салмақтың күміс алқасы алматылық Ерасыл Танқайға, ал қоласы Бекнұр Ожанов (Абай облысы) пен Дулат Тұрлыбекұлына (Алматы) бұйырды.

63,5 келі салмақ дәрежесінде маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев тұғыр биігінен көрінді. Түркістандық Мұхамедсабыр Базарбайұлы күміс медаль иеленіп, Василий Самчук (Қарағанды облысы) пен Ертуған Зейнулинов (Алматы облысы) қоланы місе тұтты.

67 келіде чемпиондық атаққа таласқандар арасынан шымкенттік былғары қолғап шебері Абзал Серік үздік шықты. Ал оған финалда есе жіберген түркістандық Темірхан Тезек екінші орыннан көрінді. Әлішер Әбдулалим (Жамбыл облысы) мен Нұрқадам Әбдіреш (Астана) Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

71 келі салмақ дәрежесінде Ермахан Жақпеков (Абай облысы) тұғыр биігінен көрінсе, Сабыржан Аққалықов (БҚО) күміске қол жеткізді. Ел біріншілігінің қола медалі Фарух Тохтасунов (Алматы) пен Нұржан Аманкелдіге (Жетісу облысы) бұйырды.

Жамбыл облысының намысын қорғаған Диас Молжігітов 75 келіде ел чемпионы атанды. Аятулла Тәкіжанов (Павлодар облысы) вице-чемпион атағын иеленсе, алматылық былғары қолғап шеберлері Армат Арманұлы мен Ильяр Әшіров қолаға қол созды.

80 келі салмақ дәрежесіндегі төрт жүлде келесідей ретте сарапқа салынды: алтын алқа Ерасыл Жақпековке (Абай облысы), күміс Жәнібек Қартбаевқа (Ақтөбе облысы), қола жүлде Бекболат Әбдікерім (Түркістан облысы) мен Михаил Коханчикке (Қостанай облысы) бұйырды. Павлодарлық Шаймұрат Құсайынов 86 келіде өзіне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеп, бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Түркістандық Сағындық Тоғамбай чемпионаттың күмісімен күптелсе, Бауыржан Байғоншеков (Павлодар облысы) пен шымкенттік Бекзат Таңатардың қоржынына қола түсті.

92 келіде түркістандық Абзал Құттыбеков үздік шығып, алтыннан алқа тағынды. Данияр Рахимбердинов (Алматы) күміс алып, Мейрамбек Берғанаев (Алматы) мен Мұхаммеджан Тайбағар (Жамбыл облысы) үздік үштікті түйіндеді.

92+ келі салмақ дәрежесінде алматылық Дамир Тойбай Қазақстан чемпионы атанды, ал біріншіліктің күмісін Аманат Сабырғали (Атырау облысы) еншіледі. Павлодарлық Олжас Букаев пен қостанайлық Данила Семенов қола жүлдегер атанды.