"Ақтөбе" қаржылық қиындықтарға тап болды

Футбол

"Ақтөбе" футбол клубының ойыншылары, бапкерлері мен қызметкерлері жалақыларын, еңбек демалысы үшінн берілетін және бонустық қаржыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі "Meta-ratings.kz" сайтына сілтеме жасап. 

Клуб қызметкерлер мен команда мүшелері алдындағы қарызын өткен жылдың соңына дейін жабуды жоспарлаған. Аймақ басшысы ҚПЛ матчтарының бірінен кейін киім ауыстыру бөлмесінде болған жиналыстардың бірінде бюджеттен қосымша қаржы бөлетінін айтқан, алайда қарыз әлі күнге дейін өтелмеген. 

Сондай-ақ, футбол орталығының бапкерлері, "Ақтөбе" футзал командасының ойыншылары мен жаттықтырушылары да қаржылық қиындыққа тап болған. Бұл жағдай қысқы үзілісте жақсы ойыншыларды қатарына қосуды жоспарлаған клубтың трансферлік саясатына кері әсерін тигізуі мүмкін. 

Еске сала кетейік, өткен маусымда "Ақтөбе" чемпиондық атақтан бір қадам жерде қалған болатын.