Қазақстанға Халықаралық биатлоншылар одағының президенті келді

Қазақстанға Халықаралық биатлоншылар одағының президенті келді
Қысқы спорт

Бүгін Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) президенті Олле Далин кездесті, деп хабарлайды Bassport.kz.

Естеріңізде сала кетейік, 4-12 наурыз күндері Щучинск қаласында биатлоннан жасөспірімдер мен жастар арасындаәлем чемпионаты өтеді.

Аталған спорттық ұйымның басшысы министрмен осы чемпионатты өткізуді талқылады. Бүгін әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтеді. Олле Далин соған қатысады.

Шетелдік қонаққа елімізге көрсеткен сенімі үшін алғысымды білдірдім. Әлемдік біріншілік ең жоғары деңгейде өтетініне күмәнім жоқ. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған және заманауи спорт инфрақұрылымы бар. Мысалы, Щучинск қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. Алдағы турнир - еліміздің спорты үшін маңызды оқиға. Мұндай іс-шара Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр, -дейді Асхат Оралов.

Әлем чемпионатына 38 елден 500 спортшы келген. Олардың арасында Швеция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция, Германия, Норвегия, Австрия, Канада, Швейцария, Жапония және басқалары бар. Далин Швецияда биатлонды танымал ету тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ Текелі қаласында жаңа шаңғы - биатлон кешенін салу мәселесінде қазақстандық әріптестеріне кеңес беріп, қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.