Қазақ спортының тарихындағы алғашқылар

Қазақ спортының тарихындағы алғашқылар
Бокс

Спорттың серті - жеңіс болса, мақсаты - алғашқы болу немесе алдыңғысынан озу. Тарихта алғашқы спортшылар да, рекорд орнатқан адамдар да жетерлік. Осы ретте Bassport,kz жас тілшісі тұңғыштарды тізбелеп көрген болатын.

Мәселен, америкалық жүзу спортының өкілі Майкл Фелпс Олимпиададан 19 алтынын алған алғашқы спортшы ретінде танылса, спорттық жүгіруден алғашқы рекордты 1665 жылы ағылшын атлеті сэр Арчибальд Гловер жасаған екен. Ал, бұл жолда отандық спортшыларымыздың жетістігі қандай?

Қазақ боксының атасы – Шоқыр Бөлтекұлы

Шоқыр Бөлтекұлын қазақ спорт журналистикасының іргесін қалаған қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов «Қазақстанға бокс қолғабын алғаш арқалап келген адам» деп жазған. Оның бастамасымен 1937 жылы Алматыда жеке-топтық біріншілік ұйымдастырылып, аталған жиынға 4 спорттық қоғамдастықтан 50-ге жуық былғары қолғап шебері қатысқан.

Осы чемпионат бокстың дамуына түрткі болып, еліміздің басқа да өңірлерінде спорттық үйірмелер көптеп бой көтере бастаған. Сол тұста Шоқыр Бөлтекұлы республикада жаттықтырушылар қатарының көбеюіне де үлкен үлес қосты.

Тұңғыш кәсіби балуан – Қажымұқан

Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан- Қажымұқан Мұңайтпасұлы. XX ғасырдың басында 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған осындай спортшы түркі халықтарының арасында тек қазақта болған. 1909 жылғы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп, бүкіл дүние жүзіне Мұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды.


1905 жылы Харбин қаласында өткізілген халықаралық турнирде Мұңайтпасұлы ең алғаш рет ірі табысқа қол жеткізеді. 1910 жылы Америкаға, Еуропаға орыс балуандарының үлкен бір тобы аттанады. Осы сапарда Америкаға барған балуандар бірнеше шағын топтарға бөлініп, әр жерде күреседі. Оңтүстік Американың ірі-ірі қалаларында күш сынасады. Олардың әсіресе Аргентина астанасы Буэнос-Айреске барған сапары сәтті болады. Қажымұқан бұл сапардан үлкен алтын медальмен оралған екен.Яғни, Америка чемпионы атанады.

Конькиден тұңғыш спорт шебері – Ораз Қаңлыбаев

Конькимен алыс қашықтыққа жүгіруден Қазақстанның 12 дүркін чемпионы және ел рекордын 7 мәрте жаңартқан ол 1953-1957 жылдары Кеңес Одағы құрамасы сапында сынға түсті. Қаңлыбаев олимпиадалық порт түрлерінен совет құрамасына алынған бірінші қазақ спортшысы. Қазақстан конькишілерінен тұңғыш «КСРО спорт шебері» нормативін орындаған.

Ораз Мұсағалиұлы 1952-1953 жылғы қысқы спорт маусымының қорытындысында дүние жүзі бойынша 10 000 метрге жүгіруде алтыншы орынға жайғасқан (17 минут 22.4 секунд). Бұл жөнінде «Советский спорт» газетінің 1953 жылғы 9 мамырдағы санында нақты дерек бар. Сол маусымның соңында Қаңлыбаев әлемдегі ең таңдаулы 25 конькишінің қатарына енді.

Тұңғыш шабандоз қыз – Райхан Әбілахатова

1958 жылы Мәскеуде тұңғыш рет қыз жарыстан КСРО біріншілігі өткізіледі. Бұл жарыста Алматы облысының атынан жарысқа қатысқан Райхан Әбілахатова «Бирюза» есімді тұлпарымен 2000 метр қашықтықтағы бәйгеде 2 минут 03,3 секундта келіп, чемпион атанып, бүкіл одақтық рекорд жасаған.

1959 жылы Хелсинкиде болған жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінде ат жарысынан бас бәйгені жеңіп алды. Сөйтіп, Райхан апамыз КСРО чемпионатында да, дүниежүзілік фестивальда да ат бәйгесінен рекорд жаңартқан, ат спорты бойынша қазақ қыздары арасынан тұңғыш чемпион атанған ару ретінде тарихта қалды.

Қазақтан шыққан тұңғыш волейболшы – Жәнібек Сауранбаев

Доп ойындарынан Кеңес Одағының ұлттық құрамасына енген бірінші қазақ спортшысы. 1963-1969 жылдарда Кеңес Одағының ең таңдаулы 24 волейболшысының қатарына 6 мәрте кірген жалғыз қазақ волейболшысы. Бұдан бөлек, волейболдан әлем чемпионатының қола жүлдегері (1966 Польша), Әлем кубогының жеңімпазы (1965), Еуропа чемпионы (1967), Кеңес Одағының чемпионы (1969), Еуропа чемпиондары кубогының екі дүркін жеңімпазы (1970-1971) болған атақты спортшы.

Олимпиаданың алтынын алған тұңғыш қазақ боксшысы

Боксшы Бекзат Саттарханов – ұлты қазақ спортшылардан Олимпиада чемпион болған тұңғыш боксшы. Осы жеңісі үшін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев чемпионға І дәрежелі Барыс орденін табыстады. Сөйтіп, бокс жұлдызы Қазақстандағы алғашқы Барыс орленінің иегері атанады. Сонымен қатар, Саттарханов Қазақ елінде жекпе-жек спортынан 20 жасында Олимпиада жеңімпазы атанған тұңғыш әрі әзірге жалғыз спортшы.

Дайындаған: Би-Фатима Ералханқызы