Магомед Адиев: Құрамаға шақырылмаған ойыншыларға қатысты ойыннан кейін арнайы айтамын

Магомед Адиев: Құрамаға шақырылмаған ойыншыларға қатысты ойыннан кейін арнайы айтамын
Футбол

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында Словениямен кездесу алдында тілшілердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Bassport.kz.

– Біріншіден барлықтарыңызды Наурыз мерекесімен және Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Шетел чемпионаттарында ойнайтын Вороговский, Әліп, Зайнутдинов және Скворцов қатарымызға кеше қосылды. Сондықтан жаттығу процесіне толық қатыса алмады. Соған қарамастан ертеңгі ойынға нақты тактикалық ойын жүйесін дайындап қойдық. Өздеріңіз білетіндей, бізде шабуылшыларға келгенде таңдау аса көп емес.

– Құрамада жарақат алған ойыншылар бар ма? Соңғы матчтарда алаңға шықпағандардың жағдайы қалай?

– Дұрыс айтасыз, бізде ішкі чемпионатта ойнайтын ойыншылар жетерлік және олар біз қалағандай көп ойнай алмайды. Бірақ бұл тек біздің көзқарасымыз, дегенмен ең бастысы олар бәсекелестіктен жеңіліп қалуы мүмкін. Жағдай солай. Жарақатқа келетін болсақ, Быстровқа ота жасалды, оңалту болды, ол бәрін жеңді, бірақ ойынға уақыты жетпейді.

–  Мұсылмандардың ұлы мерекесі Рамазан айы келіп жетті. Құрамада ораза ұстайтындар бар ма?

– Иә, әрине. Бірақ толық тізімді бере алмаймын. Өйткені, ертең өзі бірінші күн. Ойыннан кейін неше адам ораза ұстап жүргенін білетін боламыз. Бұдан проблема көріп тұрған жоқпын. Құрамадағы жігіттердің ораза ұстағанын қалаймын. Қанша дегенмен алғашқы күні ағза тың болғандықтан қатты қиынға түседі деп ойламаймын.

– Словения соңғы матчтарда алыстан көп тебетінін байқап жүрміз. Осы ретте қақпашы мәселесін реттедіңіздер ме?

– Иә, бұл жағын анықтадық. Стас Покатиловпен сөйлестім. Ол менің ойымды түсінді. Мен қақпашы мен шабуылшыны бірден анықтағанды жөн көремін. Дәл қазір Шацкий бірінші нөмірлі қақпашы болып қала береді. Ол ертең негізгі құрамада алаңға шығады. Сонымен қатар бірінші минуттан өнер көрсететін негізгі шабуылшы да белгілі.

– Сіздің алдында құраманың тізгінін ұстаған Талғат Байсуфинов бірнеше жас футболшыны қатарға қосқан еді. Самородов, Кәрімов секілді жастар мүмкіндік алды. Осы ретте ел біріншілігіндегі ең болашағынан үміт күттіретін Әлібек Қасым неге құрамада жоқ екенін білгіміз келеді?

– Мен бұл сұрақтарға екі матчтан кейін арнайы баспасөз мәжілісін өткізіп жауап беремін. Әзірге алдағы ойындарға қатысы жоқ, қазір құрамаға алынбаған футболшылар жайлы сұрақтарды шегере тұруға рұқсат етіңіздер.