"Біз үшін сабақ болды": Әлем чемпионатынан алтынсыз қалған бас бапкер не айтты

Бокс

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістан астанасы Делиде өткен әлем чемпионатын аяқтады. Жарыс қорытындысы бойынша біздің спортшылар барлығы 6 – 2 күміс пен 4 қола жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Осылайша, бас бапкер Шәміл Сафиуллин шәкірттері шет елдегі жарыстарда медаль саны жағынан үздік нәтиже көрсетті. Сондай-ақ жүлде саны жағынан жалпы есепте Қытайдан кейін 2-орынға ие болды.

Қазақстан құрамасы сапында Делиде соңғы болып рингке шыққан аса ауыр салмақтағы (+81 кг) Лəззат Күнгейбаева əлем чемпионатының 2 дүркін жүлдегері, марокколық Хадидже Эль-Мардимен күш сынасып, тәжірибелі қарсыласына есе жіберді.

Осы салмақтағы басты фавориттің бірімен кездескеніне қарамастан отандасымыз жарқын жекпе-жек көрсетті. Айта кетейік, Лəззат 2016 жылы əлем чемпионатында топ жарған.

"Біз Үндістанға алтын медаль үшін келдік. Бірақ дегенімізге қол жеткізе алмадық. Сәл сәттілік жетіспеді. Бұл біз үшін сабақ болды. Келесі Қытайдағы Азия ойындары сынды маңызды жарыста мұнда кеткен қателіктерді қайталамаймыз. Бар шеберлігімізді көрсетуге тырысамыз", - деді Шәміл Сафиуллин.
"Жалпы бұл нәтижеге көңілім толады. Құрамамыз 6 медаль жеңіп алды. Десе де әлі тынбай жұмыс істеуіміз керек. Алда Азия ойындары келе жатыр. Ол сында біздің боксшылар барынша көбірек Олимпиада жолдамасына қол жеткізуі қажет", - деп айтты Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.