Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегінен соң қанша табыс тапқанын мәлімдеді

Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегінен соң қанша табыс тапқанын мәлімдеді
Жекпе-жек

Отандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов АҚШ-та өткен соңғы жекпе-жегінде қанша табыс тапқанын айтты, деп хабарлайды Bassport.kz.

Бұл туралы спортшы "Жаңа түнгі студия" бағдарламасында айтты. Бағдарлама жүргізушісі Нұрлан Қоянбаев Шавкат Рахмоновтан соңғы жекпе-жектен қанша ақша түскенін сұрады.

Осы орайда аралас жекпе-жек шебері қаражатты әлі санамағанын, жобамен 200 мың доллардан (91 миллион теңгеден астам) астам табыс тапқанын жеткізді.

Сонымен қатар Шавкат Рахмонов жас спортшыларға ақыл айтуды ұмытпады.

"Жастарға дайындық кезінде режим сақтаңыздар және асықпаңыздар деп айтқым келеді. Асықсаңыздар қателікке бой алдыруларыңыз мүмкін. Күтуді біліңіздер. Шыдам міндетті түрде болу керек. Жекпе-жектегі кез келген әдіс жай келе салмайды, сабырмен келеді. Асықпау керек", - деді спортшы.

Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновты қабылдағанын жазған едік. Президент даңқты спортшыны таяуда Лас-Вегас қаласында өткен UFC турнирінде жеңіске жетуімен құттықтады.

Жекпе-жекте  отандық спортшы америкалық Джефф Нилді қылқындыру әдісімен ұтты.