Әлем чемпионатынан жүлде алған боксшылар елге оралды

Әлем чемпионатынан жүлде алған боксшылар елге оралды
Бокс

Бүгін бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Делидегі әлем чемпионатынан елге оралды, деп хабарлайды Bassport.kz.

Алматы әуежайынан спортшылар мен Шәміл Сафиуллин бастаған бапкерлер қосынын жанкүйерлер, боксшылардың туған-туыстары мен достары, қаладағы спорт мектептерінің шәкірттері және БАҚ өкілдері қарсы алды.

Айта кетейік, біздің ұлттық құрама Үндістанда 6 жүлдеге (2 күміс пен 4 қола) қол жеткізіп, жалпы есепте 8-орынға тұрақтады. Аса ауыр салмақтағы (+81 келі) Лəззат Күнгейбаева мен Карина Ибрагимова (57 келі) финалда қарсыласына жол берді. Ал Алуа Балқыбекова (48 келі), Надежда Рябец (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі) мен Фариза Шолтай (81 келі) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді.

Әйелдер құрамасы әлем чемпионатында осыған дейін мұнша медаль жеңіп алмаған еді. Былтыр Ыстанбұлдағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Алуа Балқыбекова журналистерге берген сұхбатында алдағы жарыстарға мықтап дайындалатынын айтты.

Бір жыл бұрын Түркияда өткен чемпионатта күміс жүлдегер атанғанмын. Осы жолы Үндістанда қола медаль бұйырды. Көбі бұрыннан қолғап түйістіріп жүрген таныс қарсыластар. Жартылай финалда үндістандық боксшымен кездестім. Өте тартысты кездесу болды. Өкінішке қарай, төрешілердің шешімімен қарсыласым финалға шықты. Алдағы уақытта елімізде 4 жыла бір келетін жазғы Спартакиада өтеді. Одан бөлек, Азия ойындары келе жатыр. Енді осы жарыстарға дайындаламыз,-деді Алуа Балқыбекова.

Алматыға жеткен бетте боксшылар өз қалаларына аттанып кетті. Әлем чемпионатынде ел намысын қорғаған елордалық Лəззат Күнгейбаева, Валентина Хальзова, Рима Волосенко мен Аида Әбікееваны әуежайдан туыстары, достары, Спортты дамыту дирекциясы мен Астана қаласы спорт басқармасының қызметкерлері ыстық ықыласпен күтіп алды.

«Әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алу – мен үшін жақсы көрсеткіш. Бокспен айналысып жүргеніме 12 жыл болды. Қазір жасым 22-де. Үндістанда 4 жекпе-жек өткізіп, үшеуінде ұттым. Барлық кездесу қиын өтті. Осал қарсылас болған жоқ. Жартылай финалда сәл сәттілік жетіспеді. Бапкерлеріме рақмет айтамын»,-деп айтты Надежда Рябец.