Bugin

Шымкент ҚДСБ өкілдері фитнес-клубтағы қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкентте фитнес-клубтардың бірінде төрт жасар бала суға батып кетті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сәби ересектердің қарауынсыз қалған. Бала ауруханаға қандай жағдайда жеткізілгенін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілдері айтып берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Дәрігерлердің айтуынша, баланы ауыр халде ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер науқастың өмірі үшін күрескен, бірақ оны аман алып қала алмаған, төрт жасар бала ауруханада көз жұмды.

"Жедел жәрдем қызметіне қаладағы дене шынықтыру орталықтарының бірінен хабарлама түсті. Шақыруда 4 жасар бала есінен танып, бассейнге батып кеткені көрсетілген. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері зардап шегушіні қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді. Жағдайы ауыр, жедел реанимацияға қарамастан, науқас ауруханада көз жұмды", - деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілдері.

Шымкенттегі танымал спорт залының өкілдері оқиғаға қатысты пікір беруден бас тартты. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бала 1,2 метр тереңдіктегі балалар бассейніне батып кеткен. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған.