Bugin

Арон Атабектің қызы Тоқаевқа маңызды үндеу жолдады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

31 қаңтар - әділдік жолында құрбан болған, ақын Арон Атабектің туған күні. Ал ақынның қызы Алма Аронқызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу тастап, Шаңырақ оқиғасы бойынша істі қайта қарап, әкесін толық ақтауды талап етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

"Бүгін - менің марқұм әкем Арон Атабектің туған күні. Ол көзі тірі болғанда, 70 жасқа толар еді. Аяусыз өлтіргендіктен, өзінің мерейтойына жете алмады. Менің үндеуім президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға жетуі үшін осы бейнежазбаны барынша таратуларыңызды сұраймын.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен өзіңіге тағы да жүгініп отырмын. Алдыңғы өтінішіме ҚР ішкі істер министрлігі, прокуратура және ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің атынан сырғытпа жауаптар ғана алдым. Олар менің әкем қайтыс болғаннан кейін ақталмайды, іс жабылды және ол бас бостандығынан айыру орындарындағы түзеу мекемесінің жағдайына шағымданбады деп айтады. Алайда бүкіл Қазақстан олардың әкемді қандай мүшкіл жағдайда өлу үшін босатқандарын көрді. Ол бостандыққа науқас, өлуге жақын жүдеу күйде салмағы 47 келі болып шықты. Бұған қарамастан, ол толық ақталмайынша, босатудан бас тартамын деп, өз қолымен жазды, - деді ақынның қызы.

Алма Аронқызы әкесінің Қазақстан халқы үшін кім болғанын және болатынын еске салғысы келетінін айтты.

"Ол - өз халқын, өз жерлестерін қорғауға шыққан патриот, нағыз батыр. Соның арқасында бүгінде 1000 отбасы баспанасын заңдастырып, жылы үйдің ішінде тұрып жатыр. Сондай-ақ әкем еліміздің тарихына баға жетпес үлес қосты. Шығармашылығы халықаралық деңгейде танылған мәдени қайраткер ретінде, талантты жазушы ретінде, ақын ретінде, түркітанушы ретінде оның өлеңдері өмір сүріп келеді және мәңгі өміршең болары сөзсіз. Алайда менің әкем өзінің 15 жыл ғұмырын жеке камерада өткізді. Оны қорлады, аштық, суықпен азаптады. Оны аяусыз соққыға жығып, қол-аяғын сындырды. Осының бәріне қарамастан, менің әкем қайсар рухын сақтап, өзінің адал есімін қалпына келтіруді талап етті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен сізге мұңын шаққан қыз ретінде жүгініп отырмын, өйткені сіз де әкесіз. Сізді марқұм әкемді қайтыс болғаннан кейін ақтауыңызды сұраймын. Шаңырақ оқиғасы бойынша істі қайта қарауға жіберуді сұраймын. Бұрынғы биліктің қателіктерін мойындап, түзетулеріңізді сұраймын",- деді Алма Аронқызы.