Bugin

Құстар қыстағына айналған Қаракөлде санақ өтті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін республикалық мәні бар Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қаумылының бөлігі Қаракөл көлінде 57-ші Халықаралық суда жүзетін және су маңайы құстарының санағы – International Waterbird Census (IWC) өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Қысқы санаққа Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Эколидер» клубы «Қаракөл сақшылары» жобасының белсенділері, «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі (ҚБСА) «Жасыл әлем» Ақтау клубының, «EcoJer»қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшелері, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясы өкілдері және Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы қатысты.

Ақтаудағы санақтың ұйымдастырушысы, ҚБСА Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы және Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасының Қазақстан тарапынан жұртшылықпен байланыс бойынша фокал-пойнты Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, халықаралық санақ 1967 жылдан бастап 100-ден астам елдеқаңтар айында өткізіліп келе жатыр.

«Синхрондық санақтардың негізгі мақсаты – суда жүзетін және су маңайы құстарының, олардың ішінде шаруашылық маңызы зор және сирек кездесетін түрлері де бар, саны мен оның өзгеруі туралы анық деректер алу. Осы материалдар негізінде түрлер ахуалына болжам жасалып, оларды сақтау бойынша шаралар қолданылады», - деді Ә.Қозыбақов.

«Қаракөл сақшыларына» жетекшілік еткен Ақтау қаласындағы NIS-тіңэкология бойынша координаторы,ҚБСА мүшесіБақытгүл Жақсылықова құстар санағына зияткерлік мектеп оқушылары мектеп ашылғалы бері, яғни сегіз жыл қатарынан қатысып, мониторинг жүргізе отырып, санақ пен қатар құстар мекен ететін ортаның ауасын, суын, топырағын зерттеп, зерттеу нәтижелерін ғылыми зерттеу жұмыстарына қолданатындығы туралы айтты.

Құстардың түрлерін нақты анықтауға жас орнитологтарға «Табиғи орта» ассоциациясы «Дияр» аңшылық шаруашылығының директоры Нұрлыхан Исмаилов сарапшылық қолдау көрсетті.

57-шіIWC санағының нәтижелері бойынша Қаракөл көлінде құстардың келесі түрлері анықталды: сыбырлақ аққу – 4300, қасқалдақ – 2500, сарыайдар үйрек – 500, сұңқылдақ аққу – 22, қоқиқаз – 15, аққұйрықты субүркіт – 14 дарақ.

Айта кету керек, санақ барысында құстардың сирек кездесетін және жойылып кету қауіпі бар түрлері де кездесті. Мысалы, сұңқылдақ аққу, аққұйрықты субүркіт және қоқиқазеліміздің Қызыл кітабына егізілген түрлер қатарына жатады.