ДАМУ

Тағы бір асыл қазынадан айырылып қалуымыз мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ел аузында «ашаршылық жылдары жалғыз тазы бір ауылды асыраған» деген сөз бар. Тарих пен әдебиетке көз жүгрітсеңіз бұл ақпараттың шын екенін анықтай аласыз. Ал бүгінд қазақтың тазысы қолдауға зәру. Bugin.kz тілшісі осы мәселені зерттеп көрді.

Әлем халқына «неміс овчаркасы», «араб жылқысы» сынды тіркестер таныс. Бір жануардың тұқымы ел мен халықтың атын шығарып тұр. Сол арқылы арабтар мен неміс жұрты секілді өз құндылығын қалыптастырған халыққа өзге жұрттың қызығушылығы оянады. Мұндай қадам арқылы туризм мен жалпы ұлттық брендтің дамуына үлкен жол ашуға болады. Біздің елде де осы үрдісті қолға алу керек. Неміс ғалымдары сан жылдар еңбек етіп, қолдан иттің жаңа тұқымын ойлап тапты. Ал бізде дайын тұрған тұқымды одан әрі дамыту енді ғана қолға алынды. Оның өзінде, әлі нақты қадам жасалған жоқ.

Әлемде жүйрік тұқымды ииттерге деген сұраныс жоғары. Оны осы саланың айналасында жүргендер жақсы біледі. Ал қазақ тазысы несімен ерекшеленді деген сауалға, ауыз толтырып жауап беруге болады. Аңшылар ізге түсетін, жүйрік, жүректі ит деп иттерді бөлетін болса. Аталған қасиеттің бәрі тазының бойында бар. Сол үшін де шығар, Қазақстанға көршілес елдерден қазақ тазысына деген сұраныс көбейген. Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдерде тазы күшігін іздегендер жетіп артылады.

Ең қызығы, Ресейдің итқұмар азаматтары қазақ тазысын патенттеп алғысы келген екен. Бұл туралы тазы жанашыры Айбол Алпысбаев айтып берді: «Кезінде орыстар бір әрекет жасағысы келген. Алайда халықаралық кинологтар ұйымына кіргізудің шарттары күрделі. Жері өте үлкен Ресейдің, әр қаладан бірең-сараң адам тазы ұстайды. Бір-біріне қатынау да қиын, аралары алыс болғандықтан ойлағандарын жүзеге асыра алмады деп ойлаймын. Жалпы  Ресейдің өзінде әлі тіркелмеген ит жетіп жатыр. Тек аңшылыққа ғана емес сәндік үшін ұстап жүрген иттердің өзін патенттеп алмаған. Менің ойымша, олар қазақ тазысы үшін таласа қоймайды».

Бірер жыл бұрын әлеуметтік желіде, қырғызстандықтардың қазақ тазысын «қырғыз тайғаны» деп атаған видеосы тараған еді. Қырғызстандағы оқиға провакациялық әрекет болуы да мүмкін. Есесіне қазақ жігіттерінің белсенділігі артты. Еліміздің әр өңірінде тазылардың жүйріктігін анықтайтын шырға тарту жарысы, жүректі екенін білу мақсатында салбұрын секілді сайыстар өтіп жатыр. Қуанарлығы, көп облыста жылына бір-екі мәрте сайыс ұйымдастыру дәстүрге айналған.

Қазіргі таңдағы ең үлкен мәселе - тазыны патенттеп алу. Заң жүзінде, құжатқа «Қазақ тазысы» деп мөр бастыру. Бұлай болмаған жағдайда асыл қазынамыздан айырылып қалу қаупі бар. Мәселен, көкпар – қырғыздікі, қымыз – немістікі екенін ескеріп, сабақ алған жөн. Ал патенттелген жағдайда қандай мүмкіндік пайда болатынын білесіз бе? Біріншіден, болашақ ұрпақ үшін мұра болып қалады. Екіншіден, әлемдік жарыстарда қазақ тазысы бой көрсетеді. Үшінші, нарықтағы тазы бағасы өседі. Яғни, шетел азаматтары қымбат бағаға қазақ тазысын сатып алуға ұмтылады. Ең бастысы, ұлттық брендтің дамуына әсер етеді.

Қазақстан дегенде, белгілі бір аудитория Димаш Құдайбергенді, енді бірі Геннадий Головкинді еске алады. Сол секілді асыл тұқымды тазыны одан әрі дамытсақ, еліміздің «ел аузында» болуына көмектесері анық.

Диктаторлық өркендеген Кеңес заманында қолдан жасалған геноцид болды. Сол кезде кейбір ауылдардың аман қалуына себепші болған – қазақ тазысы. Жүйріктігіне көз ілеспейтін бұл тұқымның халыққа еңбегі сіңді. Енді көмек адамға емес, итке керек. Қазақы тазыны сақтап қалмасақ, оған жасаған сатқындығымыз болар еді. БАӘ, Германия, Түрікменстан, Түркия сынды елдерден үлгі алуымыз керек.