ДАМУ

Гүл солмас үшін қандай күтім жасау керек?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Гүл сыйлаған да, сыйға алған да қыз-келіншектердің көпшілігіне ұнайды. Алайда оған қалай күтім жасау керегін білесіздер ме? Ендеше Bugin.kz тілшісі гүлді ұзағырақ сақтауға арналған лайфхактар ұсынады.

Кесілген гүлдер әрі-бері тасымалдағаннан тез солып қалады. Ұзағырақ сақтау үшін флориске гүл шоғын қағазға жақсылап орап беруін өтініңіз. Одан соң барынша тезірек үйге жеткізуге тырысыңыз. Алайда бірден суға салуға асықпаңыз. Жаңа температураға үйрену үшін орамада 5-10 минут тұруы керек. Содан кейін ғана қағазын ала берсеңіз болады.

Тағы бір ескеретін дүние: гүл суда ұзақ тұрса да, түбі шіріп кетуі мүмкін. Сол үшін өсімдіктің үштен бір бөлігінен жапырақтарды алып тастаңыз.

Егер букет гүлдердің бірнеше түрінен құралса, оларды әртүрлі вазаларға бөлген дұрыс. Себебі кейбір гүл түрлері басқаларымен бірге тұрса, тез қурап қалады.

Суға не қосу керек?

Ваза таңдағанда да мән беретін нәрселер бар. Соның бірі – ыдыстың мойын диаметрі букет шеңберінен шамамен екі есе кең болуы тиіс. Сонымен қатар су таза және бөлме температурасында болуы керек. Дүкендерде гүлді солудан сақтайтын арнайы өнім сатылады. Олардың құрамында бактерияға қарсы және өсімдіктерге қажетті минералды заттар болады.

Қант пен сірке суының қоспасы да гүлдің ғұмырын ұзартуға көмектеседі. Біріншіден, гүлдерге азық, екіншіден, бактериялардың көбеюін тежейді. Бір литр суға 2 ас қасық қант пен сірке суын қосып, жақсылап араластырыңыз. Сірке суының орнына сондай мөлшерде лимон шырынын қолдануға болады.

Тәтті газды сусын. Бір литр суға шамамен 50 мл тәтті газды сусын құю керек.

Арақ. Алкоголь гүлдерді қуратпайды дейтін ақпарат бар. Егер бұл тәсілді қолданамын десеңіз, бір литр суға бір шай қасық алкоголь қоссаңыз болады.

Гүлді қайда қою керек?

Гүлдеріңіз тез солмасын десеңіз, тұратын жеріне мән беріңіз. Оларға күннің тіке түскені, жылыту құрылғыларының жақын тұрғаны дұрыс емес. Бөлме салқын әрі ауа ылғалды болса, өсімдіктің өмірі де ұзағырақ болады.

Ас үйге букет қойсаңыз, жақын жерде жемістер мен көкөністер, әсіресе банандар жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Олар гүлдерді тез қурататын этилен бөліп шығарады.

Букетке қалай күтім жасау керек?

Гүлге күнделікті күтім жасау қажет. Вазаны жиі жуып, суын күн сайын ауыстырыңыз. Сабақтарын шамамен 1 см кесіңіз. Гербера сияқты қою шырын бөлетін гүлдердің сабақтарын кескеннен кейін ағын сумен шайыңыз. Ылғал тек сабағына ғана емес, сонымен қатар жапырақтарына да қажет екенін ұмытпаңыз. Сондықтан гүл шоғының үстінен күніне бір рет су бүркіп тұрыңыз.

Барлық солған гүлдер мен жапырақтарды дереу алып тастап отырыңыз. Олар композицияның шырқын бұзады әрі суды ластайды.