Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тұғырыл хан және оның хандық кезеңі

1215
Тұғырыл хан және оның хандық кезеңі - e-history.kz

Сурет: abai.kz

Шыңғысхан және одан кейінгі қазақ хандары дәуірінің қалыптасуына ықпал еткен тұғырлы тұлға Тұғырыл ханның өмір жолы мен ерлік іздері моңғол, парсы, түрік, қытай, орыс, жапонның тарихи жазбаларында көптеп кездеседі. 

Ұлт тарихында ғылыми тұрғыда игерілмей келе жатқан тақырыптар да, тұлғалар да аз емес. Солардың бірі – Тұғырыл хан және оның хандық кезеңі. Ұлы ханның тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеулер соңғы 2-3 жылдың көлемінде ғана жүргізіле бастады. Әсіресе ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының негізінде ұлы тұлғаларымызды тануға жаңаша бағыт-бағдар ашылды. Соның негізінде «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы жүзеге асты. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты әзірлеген «100 тарихи тұлға» қатарына VII-ші ғасырда негізі қаланған Керей мемлекетінің XII-ші ғасырдағы атақты билеуші ханы, әйгілі Шыңғысханның (Темужин) анда (өкіл) әкесі, әрі әскери өнерге баулыған алғашқы ұстазы Тұғырылханда кірді.

Шыңғысхан және одан кейінгі қазақ хандары дәуірінің қалыптасуына ықпал еткен тұғырлы тұлға Тұғырыл ханның өмір жолы мен ерлік іздері моңғол, парсы, түрік, қытай, орыс, жапонның тарихи жазбаларында көптеп кездеседі. Бұған қоса, Тұғырыл хан есімі Марко Поло, Рашид-ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих», орыс тарихшысы Левшиннің, Әлкей Марғұлан зерттеулерінде сондай-ақ А.Андреев, Н.А.Аристов, Г.Ф.Миллер т.б. саяхатшы ғалымдардың еңбектері арқылы  Тұғырылхан есімі  әлемге әйгілі. Тұғырылхан жөнінде жазушы Зейнолла Сәніктің  «Тұғырылхан» әдеби-танымдық шығармасы және Шәміс Құмарұлының «Көкжал» дейтін романы бар. Осы ғылыми, әдеби, көркем шығармалар мен көптеген зерттеу мақалаларда Тұғырылханның еңбегі, қайраткерлік істері ерекше баяндалады. Әйтсе де, қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен әдеби-мәдени мұрасын зерттеп, зерделеуде кенжелік, соңын күткен кібіртіктеу байқалады. Оның сыры неде болды екен? деген кілтипаны көп сауал ойлантады. Бір жағы Тұғырыл ханға қатысты тарихи құжаттар мен архивтік мұралардың әлі де болса, шетел архивтерінде зерттеліп, зерделенбей жатқаны. Екіншіден, Шыңғыс хан және моңғол шапқыншылыңы кезеңіне байланысты тарихи зерттеулердің методикалық-әдістемесіне Тұғырыл хан есімінің енбеуі. Үшіншіден шүршіт, моңғол, шағатай, көне түрік тілін білетін мамандардың аздығы. 

Алдағы уақытта орта ғасырдағы түркі әлемінің аңызға айналған көсемі, ұлы хан Тұғырыл ханның «өз тұғырына қонатын» күні жақын екені анық. Жошы ханның әкесі, әйгілі Шыңғысханның тарих сахнасына шығуына ықпал еткен, тарихта өзіндік орны бар тұлға – Тұғырыл хан қазақ тарихына жаңаша танымда ұлықталып, ұлт тарихының өзегіне айналатынын анық. 

Тұғырыл хан және Керей хандығы

Керейіттер – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын орта ғасырлық мемлекеттердің бірі. Тайпалық бірлестің аты – тарихи деректер де керей хандығы деп аталды. Хандық территориясы ежелгі ғұндар мен көк түріктердің ежелгі қонысы болған - Орталық Моңғолия жері. Жазба деректерде бұл тайпалар Орхон, Керулен, Селеңгі, Аргун өзендерінің бойында қоныстанған. Белгілі тарихшылар Аманжол Күзембайұлы мен Еркін Әбілдің «Орта ғасырдағы керей хандығы» атты зерттеуінде: «VIII ғасырдың орта шенінде тарих сахынасыда  «Кереит хандығы» деген атпен жаңа мемлекет пайда болды. Олар жөнінде тарихи деректер бұл уақыт-қа дейін де кездесетін. Керейлер немесе қарайлар қазіргі Мұңғұлия жеріндегі Орхон, Онон, Керлін, Тула Тамыр, Арғұн өзендерінің алқабын сонау көне заманнан бер мекендеп келе жатқандығы белгілі»,-деп жазылады [1.]. 

Алаш арысы, тарихшы, тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышбайұлы «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде «Керейлер» туралы айта келіп, Рашид-ад-Диннің деректері бойынша, керейлер сахият, дубоут, тоңғойт, албат, қарқыз деген тайпалардан тұратынын жазады [2.]. Тағы да сол еңбегінде «Егер көпше түрдің «т» қосымшасын жекешенің «н» қосымшасымен ауыстырсақ, онда сахы немесе саха, дубо және т.б. болып шығады [3.],-дейді. Сондай-ақ М.Тынышбайұлы осындағы Сахияттан бүгінгі сахаларды, дубоуттардан туба халықтарын таратып, оларды бір кездегі Керей мемлекетінен бөлшектенген жұрттар болуы мүмкін деген болжамды айтады. 

Ал белгілі орыс тарихшысы, әрі этнографі Н. Аристов «Керей халық ретінде Қытай тарихында IX ғасырда еске алынатынын дәйектейді. Саян тауларының солтүстік шатқалындағы Уде өзеніне құятын жер «Керей» деген атпен белгілі. Харузиннің («К вопросу происхождении киргиз») деректері бойынша, керейлер саны Х ғасырда 900000 жанға жеткен» деген деректі жазады [4.]. 

Археолог, тарихшы Әлкей Марғұлан: «Алтай, Жоңғар даласында, Енесейде,жоғарыда көрсеткендей, орхон жазуы бар құлпытастар кездеседі, олардың көбін жазған керей мен үңгіттер. Моңғол дәуіріне дейін бұлар және наймандар тегіс несториан дінін қабыл еткен елдер. Бұл әсіресе олардың крест таңбасынан ашық көрінеді... бұл таңба қазақ керейлерінде осы күнге дейін сақталған. Мұндай крест таңбасы бар құлпытастар (орхон жазулы) Енесей даласында көп...»,-дегенді айтады [5.].

«Монғолдың құпия шежіресі» кітабындағы деректерде, ХІ ғасырдың аяғы мен ХІІ ғасырдың басында Керейттер хандығы мен жаңадан құрылған монғол хандығы арасында жақсы қатынас орнаған. Екі хандық одақтаса отырып меркіт, найман, т.б. тайпаларға шабуыл жасаған.

Керей мемлекеті Тұғырылдың ұлы атасы Марқұз Бұйрық хан тұсында қуатты мемлекетке айналып, көрші мемлекеттерге әйгілі бола бастайды. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» туады. Сондықтан болар сол уақытта керейлер «Алтын кеседен ас ішіп, алтын ер-тұрман сайлаған». 

Түркі мемлекетінің жалғасы ретінде алып сахарадан күшті әскер жасақтаған. Бірнеше ғасыр бұрынғы көк түріктің әскери, мемлекеттік, тіпті саяси құрылымдарын толық меншіктеп алған керей хандығы сол құрылыммен қуатты мемлекет құрған. Бұл мемлекеттік аппарат кейін Тұғырылдың билігінде де қызмет атқарды. Ары қарай Шыңғыс ханда өзі құрған мемлекетіне түрік қағанатының мемлекеттік құрылымын сақтап қалды. 

«Шыңғыс құрған мемлекет құрамына моңғол-түркінің әр түрлі тайпалары кіргенімен, өзара даму деңгейі бір, тілі ортақ болды. Мемлекеттің мәдени тұғыры мен әлеуметтік құрылымы Көне Түрік қағанаттарының мұрасын толық қабылдады» [6.]. 

Елдің астанасы ретінде Түріктердің байырғы атақонысы – Қарақорымды таңдады. Марғұздан кейін таққа оның ұлы Құршақұз Бұйрық хан отырды.  Рашид-ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарих» атты еңбегінде Тұғырылдың ұлы атасы Марғұз туралы: «Оның атасының аты Марғұз болатын. Марғұздың екі ұлы болды: үлкенінің аты – Құршақұз Бұйрық хан. Бұйрық сөзінің мағынасы – бұйрық беруші... Марғұздың екінші ұлының есімі – Гурхан» [7.].  Құршақұз Бұйрық хан заманы қидан патшалығының ыдырап оның орнына шүршіттердің Алтан патшалығы орнай бастаған кезең.  Ол уақытта қидандардың бір бөлігі Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай жылжиды. Қырғыздың Енисей жері арқылы өтіп, Оңтүстік Алтай арқылы Шығыс Түркістан мен Жетісу жеріне барып, қарақытай мемлекетін құрды. Татар даласы енді екі ел арасындағы тартыс майданға айналды, шүршіттер сахараның бірігуіне кедергі болып әрқашан әр тайпаның арасына от тастап өзара қырқыстырып отырды. Найман мен керей хандықтары құрылды. Татарлар өз іштерінен бүлінді. Шүршіттер оларды басқа тайпаларға қарсы айдап салды. 

Моңғолдың құпия шежіресінде: «Жеті жасында меркіттердің қолына түсіп, бөрте лақтың терісін киіп, Селеңгінің Буыра керіне дейін барып, меркіттің бидайын түктеп күн көрген еді. Әкесі Құршақұс-бүйрық хан меркіттермен соғысып жеңіп, үлын алып келген-ді. Ал, мына Тұғырыл хан он үш жасында әкесімен бірге татардың Ажай ханының қолына түсіп, оның түйесін баққан болатын. Сөйтіп, Ажай ханның қойшыларымен ілесіп қашып, үйіне келеді» [8.]. Құршақұз Бұйрық хан туралы Рашид-ад-Дин еңбегінде: «Құршақұс былай деуші еді: «Егер олар бірге болса (бір-біріне жақын өмір сүрсе), онда тыныштық болмайды. Мен өлгеннен соң, олар керейттер ұлысынан кештен таңға дейін және таңертеңнен кешке дейін (ештеңе) қалдырмайды» [9.]. Сондықтан да оларды бір-бірінен аулақ ұстайтын. Әйелі Тұрагаймыш сиқыршылықпен айнайлысты.  Әйелінің мазасыздығын сезгендіктен, ол өзінің екі күніңе оны өлтіруді тапсырады. Күндер оның айтқандарын істеген. Арада біраз уақыт өткен соң Бұйрық хан да көз жұмды.  

Құршақұс Бұйрықтың бірнеше  ұлдары болды. Үлкені - Тұғырыл, екіншісі – Арқа Қара, үшіншісі – Жағамбу, басында оның аты Кирайдай болатын. Тағы басқа балалары да болған. Кирайдай жастық шағында таңғұттарға тұтқынға түседі. Олардың арасында жүріп, Кирайдай епті, қабілетті болады. «Жағамбу» деп деген атауды сол таңғұттар берді. «Ол алғашында бауыры Оң ханмен келісімде өмір сүргеніне қарамай, кейіннен ол екі рет одан кетіп қалды» ал «Арқа Қарада алғашында басшылық пен патшалық билікке талпыну (ойы) ұялаған еді, сол үшін Оң ханмен бәсекелесті. Алдымен (Оң хан) Арқа Қарамен бірге одақтас болған өзге бауырларын өлтіртті, содан соң, ол (әлі) оның өзіне шабуыл жасады» [10.]. 

Құршақұз Бұйрық хан өлгеннен кейін тура 1196 жылға дейін керей хандығында таққа талас тоқтамады. Тұғырыл таққа отырып алған екі інісін өлтірді, оны сылтауратып немере ағасы Тұғырылдан тақты тартып алды. Ол өзін «гүрхан» атады. Моңғол сардары Иесукейдің көмегімен Тұғырыл Гурханды жеңіп, иеліктегі жерлерін тартып алды. Осы жорықтан кейін Шыңғыс ханның әкесі мен Тұғырыл анда (бауыр) болды. Бұл туралы да Рашид-ад-Дин деректерінде: «Он ханның Жесугей баһадүрмен достығы және олардың бауырластығының себебі келесідей болған еді: Бұйрық хан дүние салғаннан кейін, Құршақұз патшалықты иеленіп алды. Соның себебінен Оң хан өзінің туған бауырлары мен немере інілерінен бірнешеуін өлтірді, олар: Бауыры – Тайтемір тайши, немере інісі – Бұқатемір» [11.]. Жоғарыда айтқандай Керейт мемлекетінің шарықтау шегі Марқұз бен оның баласы Құршақұз  Бұйрық хандар кезі. «Моңғол билігіне дейін Керейді Марғұзған, Құршақұз, Бұйрық, Гөр-хан, Уаң сияқты хандар билеген. Уаңның өз аты Торы (Тұғырыл).Ол өз кезінде Қытайдың Алтын ұлысына татар тайпаларын жеңуге көмектескені үшін қытай әміршісінен Уаң хан (бір елдің ханы) лауазымын алған [12.]. 

«Моңғолдар Шыңғыс ханға дейін қытайларға алым-салық төлеп тұрғаны және моңғол батырларының ең күштісі керей Тұғрұл хан болғаны белгілі. Моңғолдар жай салықтың өзін төлемей қойғанда, қытай императоры Тұғрұлдан руластарын бағындырып беруді сұрайды. Тұғрұл бұл міндетті ойлағыдай орындағаны үшін императордан алғыспен қоса «Ван хан» деген дәреже де алады» [13.]. Бұл туралы Рашид-ад-Диннің кітабында да баяндалады. «Чинсаң керейттің Тұғырыл патшасына «бір мемлекеттің патшасы» дегенді білдіретін Уң хан (Оң хан) деген лақап ат берді» [14.].  Уаң ханның (Он ханның) осы есімі кезінде керейлердің несториан дінін ұстағанына қатысты Еуропаға «керейлердің королі Иоан поп» деген атаумен де жеткен екен.

«Керейлер бұл кезде Онон, Керуен және Орхон өзендерінің жоғарғы ағысын жайлаған. Дәл осы кезден бастап оларға христиан діні (несторианство) тарай бастайды. Бұл жайындағы қаңқу сөз сонау Батыс Европаға дейін жетіп, керейдің Иоан поп деген королі туралы аңызға айналады. Тек 1253 жылы Рубрук қана Иоан поп дегені керей Ван ханнан басқа ешкім емес екенін анықтады» [15.]. Сондай-ақ бұл деректерді Зәйнолла Сәнікұлының «Тұғырыл хан» кітабы толықтыра түседі.  «Сол тұстағы керейт хандығы тек керейлерге ғана емес, Алты өзен өңіріндегі моңғол ұлыстарына, татарларға және басқа халықтарға өз ықпалын, сырттай билігін жүргізіп отырғандығы мәлім. Әсіресе 1193 жылы Тұғырыл хан Темучинмен бірлесіп, татарларды жеңген соң, оның даңқы Франция, Рим, Араб елдеріне дейін жеткен. Әйгілі жиһанкез Марко Полоның: Біліп қойыңдар, татарлар солтүстікте... Чисче өлкесінде тұрады. Ол ел ұлы жазықта мекендеген, онда қыстау, қала, қоржа деген болмайды. Бірақ өзендері көп, суы мол, жайылымы шүйгін, олардың елі бексіз, хансыз еді. Өздері Унекен деп атайтын ұлы патшаға алым-салым төлейді. Французша айтқанда Иван Поп. Күш-қуатының құдіреттілігі туралы бүкіл әлем аңыз ғып айтып жүрген Иван Поп осы. Татарлар он малының бірін соған салық ретінде төлейді» [16.]. 

«Алғашында Оң ханның есімі Тұғрыл болатын, түркі мен керейт руларының тілінде Тұғрыл – Тунгүрул (Тонгүріл) деп аталады. Бұл (атаумен) олар ешкім көрмесе де, адамдар арасында танымал, батыстық Аңқай құсы сияқты құсты атайды. Айтуларынша, ол сұңқарға ұқсайды, оның тұмсығы мен тырнағының қаттылығы мықтылығы болаттай. Ұшып бір рет шабуыл жасағанда екі жүз-үш жүздей құсты құлатып, өлтіреді» [17.].  Оның Оң ханның негізгі ие болған есімінің мағынасы осындай. Кейін, жоғарыда айтып өтілгендей, Қытай Алтан ханның уәзірі Чинсаң оған «бір аймақтың патшасы» дегенді білдіретін Оң хан лақабын білдіреді. Шыңғыс ханның Оң ханмен достығының алғашқы кезеңі туралы хикаялар деректер парсы тарихшысы Рашид-ад-Дин еңбектерінде де баяндалған. Қысқаша кітаптан үзінді келтіре отырсақ: «Істің мән-жайы былай болды: Шыңғыс ханның әкесі Жесугей баһадүр мен Оң ханның арасында жақын көршілестік нәтижесінде ерте кезден толық достық пен келісім (орнаған) болатын. Жесугей баһадүр бірнеше рет Оң ханға жаугершілік шабуылдар кезінде көмек көрсетіп, оны қиын жағдайлардан құтқарған болатын. Және олар бір-бірін «анда» деп атайтын. Шыңғыс хан «сүйіспеншілік мұраға қалар» дегенге сәйкес, сүйіспеншілік жолымен жүріп, оны «әке» деп атайтын. Оң хан керейт қауымының, қоңқотандардың және өзге де керейттер қатарына жататын рулардың патшасы болатын. Олар көп санды қауымдарымен, әскерлерімен, сондай-ақ көне патшаларымен даңқты болатын, әрі олар мұғул қауымдарымен мүшабахат» [18.]. 

«Жесугей баһадүр мен Шыңғыс хан заманында олардың патшасы Оң хан болған. Олар дос болатын. Сондықтан (осы) тарихта жазылғандай, (Жесугей баһадүр мен Шыңғыз хан) Oң ханға көп рет көмек беріп, қолдау көрсеткен. Соңында олардың арасы дұшпандықпен аяқталды, содан олар соғысуға кірісті. Осы себептен олар (жеңіліс тауып) Шыңғыз ханның тұтқындары мен кұлдары болды» [19.].  Шыңғыс ханның басты мақсаты ата тағына отыру еді. Ол мақсатта Шыңғысханға Тұғырылға арқа сүйеу қажет болды. Ол уақытта түркі даласында Тұғырылдың даңқты асқақтап тұрды. Көп өтпей меркіт тайпалары Шыңғыс ханның әкесі Есукейдің Уәлінді тартып әкеткен көне кегін қайта қозғап,  Темужіннен Бөртені тартып алады. Шыңғыс ханның басқа сүйенері болмаған соң, ол керейдің ханы Тұғырылға келіп шағымын айтады. Тұғырылхан қолдан келгенін аямайды. 

Жазушы-тарихшы Жәди Шәкенұлы «Жошы ұлысы атанған Түркі мемлекеті» атты мақаласында: «Сол тұстағы сахаралық мемлекеттер туралы айтқанда Шыңғыс ханның алдындағы асу бермес асқар бел тек қана керейт Тұғырыл хан еді. Тұғырыл ханды қытай Алтан ханының көмегі арқылы бас көтерместей жеңіп, күйреткеннен кейін Шыңғыстың мейманасы ерекше тасыды», деген дерек келтіреді [20.]. 

1200-1203 жылдар кезінде Тұғырыл хан мен Шыңғыс хан күш біріктіре отырып, найман, меркіт және татарлар қолдаған Жамұха басқарған монғол тайпасын күйретті. Осы жеңісінен кейін Темучин керейдің көмегін қажет ете қойған жоқ, сондықтан да одақтастардың арасы тез нашарлай бастады. 

«Шыңғыс хан керейттер мемлекетінің қағандығы ғана емес әскери әмірлерін де қолына алып, әуелі найман ханы Таяң ханға шабуыл жасап, оған жеңіліс таптырды. Оның қуатты армиясының да ұлтанды бөлегін өзіне қосып алды. Керейт пен найманның қуатты қолы қосынын толықтырған Шыңғыстың ендігі екпіні тау суындай тасқындады. Меркіт, Таңғұт, Қырғыз, Ұйғыр сынды елдерді бірінен соң-бірін бағындырды. Сөйтіп, бүгінгі күнгі түркілік ұғымымен қарағанда бағынған, оның қол астына кіріп, жауларына ортақ атойлаған жауынгерлер легінің 90 пайызы түркі әскерлері болды. Төрт інісі, төрт ұлын арқау еткен жүздік, мыңдық, түмендік әскер басыларына ғана өзінің ең сенімді адамдарын тағайындап, жер қайысқан қалың қолды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады», дейді академик, жазушы Ж.Шәкенұлы «Жошы ұлысы атанған Түрік мемлекеті» мақаласында [21.]. 

1203 жылы Керей хандығы Шыңғысхан тарабынан жойылды да, керейлер оның бұқарасына айналды. «Тұғырыл заманындағы қуатты керейт хандығының күйреп, іргесі аяқталғаннан кейін керей князі Құдабек пен Тұғырылдың інісі Еркеқараның бастауындағы үлкен бір топ керейлердің найман хандығына келіп қосылғандығы, енді бір бөлігі меркіт Тоқтабектің еліне қосылғандығы мәлім. Бұлар найман, меркіт елдерімен бірге батысқа жосып, сонау Сибирия, Сыр, Арал бойына дейін барып жеткен» [22.].  Ордос жазығы мен ішкі моңғолияда қалған Керей хан әулеті торғауыт жасақтарына басшылық жасап, кейін Жоңғар құрамындағы жауынгер тайпаға айналды. Олар туралы да алдағы уақытта арнайы зерттеу жүргізіліп, мақала әзірлейтін боламыз. Тұғырылдың тағы бір ұрпағы Тайбұға Сібірге кетіп сол араны бағындырып, «Сібір хандығын» құрады да, кейін Шыңғысханға келіп кеңшілік алып, хан атанбай «бек» лауазымымен Сібірге билік жүргізеді. 

«Монғол ханы Шыңғыс  Бұхараны бағындырған кезде, Қазан облысының бір патшасы немесе бұрын Қырңыз-қайсақ ордасы аталған, Мамық ханның баласы -Тайбұға,Шыңғыстан өзіне Ертіс, Тобыл, Есіл мен Төре өзендерін беруін сұраған. Шыңғыс оған осы облыстарды басқаруды сеніп тапсырған жәнеТайбұғы ұрпақтарын одан кейін де сол жерлерді иемдене берген» Сібір жылнамасы [23.]. Алдағы уақытта да Тайбұғы туралы әңгімеге қайта оралып, Сібір жерінде Чимги тура қаласын салдырып, оның атауын Шыңғыс ханның құрметіне қойғанына жеке тоқталамыз. Сібір жазбаларында Тайбұғадан соң Сібірде патша болған Ходша, оның ұлы Мар сондай-ақ ібір-сібір аймағын билеген Сейтақ, Қасым, Қожа хандар туралы да зерттей түсетін боламыз. 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Күзембайұлы А., Әбіл Е., Әлібек Т.ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ КЕРЕй ХАНДЫҒЫ - http://edu.e-history.kz/kz/publications/view/418
  2. Тынышпаев Мұхамеджан, Қазақ халқының тарихы. Оқу құралы. – Қарағанды: «Болашақ-Баспа» РББ., 2010. – 229 б – 29 бет.

3.  Бұл да сонда. – 29 бет.

4.  Бұл да сонда. – 29 бет.

5.  Марғұлан Ә.Х.Таңбалы тас жазуы.//Қазақ тарихынан./Құраст: Е.Аққошқаров-Алматы Жалын, 1997, 226 бет.)

6.  Ж.Артықбаев «Қазақстан тарихы», оқулық. Астана: Фолиант. 2013 жыл.132 бет.

7.  Көне дәуірдегі Керей хандығы - https://e-history.kz/kz/publications/view/5347 

8.  Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том 

9.         Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том

10.         Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 2-том, 47 бет.

11.         Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 2-том, 47 бет. 

12.         Моңғолдың құпия шежіресі.ХІІ-ХІІІғасырлардағыкөшпелілер шежіресі. Ауд..Сұлтанияұлы.-Алматы:Өнер,1998,-71 бет.)

13.         Тынышпаев Мұхамеджан, Қазақ халқының тарихы. Оқу құралы. – Қарағанды: «Болашақ-Баспа» РББ., 2010. – 229 б – 70 бет.

14.         Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 2-том, 46 бет. 

15.         Тынышпаев Мұхамеджан, Қазақ халқының тарихы. Оқу құралы. – Қарағанды: «Болашақ-Баспа» РББ., 2010. – 229 б – 70 бет.

16.         Зейнолла Сәнікұлы, Тұғырылхан. Тарихи эссе – Алматы: «Palitra Press», 2020 – 354 бет, - 89 бет.

17.         Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 2-том, 47 бет. 

18.         Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 2-том, 45 бет. 

19.         Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том

20.         Жошы ұлысы атанған Түркі мемлекеті https://e-history.kz/kz/publications/view/zhoshi_ulisi_atangan_turki_memleketi__5969

21.         Жошы ұлысы атанған Түркі мемлекеті https://e-history.kz/kz/publications/view/zhoshi_ulisi_atangan_turki_memleketi__5969 

22.         Зейнолла Сәнікұлы, Тұғырылхан. Тарихи эссе – Алматы: «Palitra Press», 2020 – 354 бет, - 122 бет.

23.          СИБИРСКОЕ ХАНСТВО - http://www.spsl.nsc.ru/history/descr/sibir.htm

Суреттер: ғаламтор бетінен алынды

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?