Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазан татарларын таң қалдырған кітапты жазған Жаманқұл ақын кім

1728
Қазан татарларын таң қалдырған кітапты жазған Жаманқұл ақын кім - e-history.kz

Шыға бастағанына 115 жыл болған туыстас татар жұртының белді басылымында қазақтың сол кездегі және соған дейінгі ақын-жыраулары, би-шешендері, өзге де текті тұлғалары туралы деректер мол. «Шора» – 1908-1918 жылдары аралығында Орынбор қаласында айына екі рет «Уақыт» газетіне қосымша ретінде шығып тұрған татар тіліндегі қоғамдық-әдеби журнал.   240 нөмірі жарық көрген. Кеңес үкіметі құрылу алдында Ұлттық әдебиеттің ұраншысы болған бұл журнал тоқтатылған. 

Өткенде жазған бір мақаламызда аталған басылымның 1912 жылғы №5 санының 145-146 беттерінде қазақ ақындары туралы «Шайырлар хақында жауап» атты мақаланың бар екенін, сол мақалада бүгінгі таңда белгілі һәм белгісіз болып келген қазақтың он ақынын таныстырылғанын айта келіп, аталған жазбада Шал ақын туралы қысқа да нұсқа құнды деректер барлығын жария еткенбіз. «Түрік оғлы» деген бүркеншік есіммен жазылған мақалада қазақ ақындары туралы білгісі келетін татар оқырмандарына қазақтың 10 ақынын сол кезде қолы жеткен деректер негізінде таныстырып өткен. Бес ақынды бақилық болған, бес ақынды қазір тірі ақындар деп бөле таныстарғанын да айта кеткенбіз. Енді сол  жазбада аталған ақындарды бір-бірлеп бүгін оқырман алдына салып, ұмыт болғандарын зиялы қауыммен бірге іздестіру үшін, желілес мақалалар жазып жариялауды жөн көрдік. 

Басылымда аталған он ақынның бірі Шал ақын болатын. Ол туралы жоғарыда аталған мақаламызда өз ой-болжамымызды оқырман назарына ұсынғанбыз. Қалай деген күнде де татарлардың өткен ғасыр басында-ақ қазақтың танымал тұлғаларын түгендей бастауы жан сүйінер қарекет екеніне дау жоқ. 

«Шораның» 1912 жылғы №5 санының 145-146 беттерінде қазақ ақындары туралы «Шайырлар хақында жауап» атты мақаланы жазушы «Түрік оғлы» татарлармен іргелес қазақ үйездеріндегі ақындарды білгісі келетін оқырмандардың өтінішімен осы тізімді жасап отырғанын, белгілі себептермен бұл жазбасы кешіккенін, қазақ пен татар даласы атты кісіге айшылық жол болғандықтан қол жеткен деректер негізінде қазақ ақындарын осындай қысқаша таныстырып отырғанын жазады. Онан кейін «Уафат ақынлардан» деген тақырыпша қойып, о дүниелік болған қазақ ақындарынан бес адамды көрсетеді. Сондағы ең бірінші болып жазылғаны – Жаманқұл ақын. 

Жаманқұл ақын туралы «Түрік оғлы» былайша қысқа ғана мәлімет береді:

  1. Жаманқұл. Қыпшақ руы көрлеуіт тайпасынан. Қазақ үлгісінде (емлесінде, диалектінде) жазылған және ұзақ уақыттардан бері Қазан ноғайлары арасында танымал (мутдәуіл) болып оқылған «Жүсіп кітабы» (Юсуб кітабы)»  осы кісінікі еді (бұ затының-дүр), «Қазірет жүсіп (Юсуб)» қиссасын бір рет (мәртебе) естумен екі күн ішінде аталған (мезкур)  кітапты жазғаны мәлім («Шора» журналы, 1912 ж.  №5, 145 б.). 

Жаманқұл туралы мақала авторы осындай дерек береді де, ары қарай Шал ақынды таныстырады. Дегенмен, онда Шал (Тілеуке Құлекеұлы) мен аталмыш Жаманқұл ақынның ара-қатынасын да айта кетеді. 

«Шал. Арғын руы, Атығай тайпасынан. Жоғарыдағы Жаманқұл ақынның дұғасын (батасын) алған шәкірті. Қостанай үйезінде мәшһүр Нұржан ақын мұның жиеншары (қызының қызының баласы).» («Шора» журналы, 1912 ж.  №5, 145 б.)

Жаманқұл ақын Шал ақынға дұға-тілегін берген ұстаз иә аға жолындағы тұлға болса, демек, Жаманқұл Шалдан жасы үлкен, тым құрығанда замандас (15 жас айырмасы бар) ғұмыр кешкен тұлға болады. Шал ақын (1743-1819) жылдар арасында дәурен сүргені белгілі. Ендеше Жаманқұл ақынның туғанына қазір шамамен 300 жылға жуықтады деген сөз. 

111 жыл бұрынғы мақалада Жаманқұлдың тегі немесе әкесінің аты жазылмаған. Тек қыпшақтың көрлеуіт тайпасының адамы екені белгілі. Мұндайда рулар шежіресінің де аталған тұлғаны зерттеуге себі тие жатар. 

Жоғарыдағы шағын мәліметтен Жаманқұл ақынның кітабы шыққаны туралы мәлімет ала аламыз.  Қазан татарлары таласа-тармаса оқыған «Жүсіп» кітабы.  Ақын «Қазірет Жүсіп» қиссасын бір ести салысымен бірнеше күнде қайта жырлап жазып шыққан. Демек, Жаманқұл  құймақұлақ, қиссагер, жазарман, жыршы, ақын болған бөлек бөгенай иесі. Бұл деректер арқылы Жаманқұл ақынның қазаққа ғана емес, ескіше ортақ жазу қадім яки шағатай жазуында тым ертеде-ақ кітабы шығып, сол арқылы татарларды да мойындатқан, өзі Шал ақыннан да ертерек өмір сүрген дүлдүл жыр иесі болған деп болжауға негіз бар. Татар жазарманы «Шора» оқырмандарына қазақтың «Уафат ақындардың» ең басына Жаманқұлды қойып таныстырып отыруы да осыны айғақтай түссе керек. 

Әрине, бұл жерде біз қазақтың дауылпаз жыр иесі Жаманқұлды қазақ өзі ұмытып қалды, татарлар ғана айтты, жазды дегеннен аулақпыз. «Шорадан» осы құнды мәліметтерді оқығаннан кейін біз де шамалы ізденіс жасап көрдік.

Бірақ, біз тапқан деректерде кездесетін бір Жаманқұл ақын Жаманқұл Дәндібайұлы деп, ол Сегіз сері, Нияз серілердің шәкірті ретінде көрсетіледі.  

Алаштанушы Ұшқын Сәйдірахманның «Қазақтың суырып салма әнші-ақыны Нияз сері жайлы не білеміз» атты мақаласында:

«Жаманқұл Дәндібайұлы әнші-ақын өзінің ұстазы – Сегіз серіге шығарған жоқтауында былай дейді:

Салдық құрған ұстазым,

Ниязды ертіп қасына.

«Гауһартасты» шығарған,

Он сегіз кәміл жасында», – деп бір деректің басын көрсетеді. 

Ал, «Тарихи тұлғалар» атты оқулықта: Сегіз  серінің көп шәкіртінің бірі Жаманқұл Дәндібайұлы: «Елу бес әнін Сегіздің өзім елге тараттым», «Қырық бес күйін Сегіздің тартып бердім әр жерде», «Тарап кетті халыққа жүзден астам...» – деп жырлаған, – деген келтіреді (Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. «Алматыкітап баспасы», 2009).

Бұл зерттеушілердің дерегінде келтірілген Жаманқұл Дәндібайұлы аталған екі серінің шәкірті екені шын болса татар басылымындағы Жаманқұл ақын мен бұл Жаманқұл екеуі екі адам болып шығады. Сегіз сері де, Нияз сері де 1818 жылы дүниеге келген деп көрсетеді деректер. Ал шәкірті олардан әлдеқайда кіші болса, біз іздеп отырған Жаманқұл, Дәндібайұлы Жаманқұлдан 200 жас шамасында үлкен болып шығады. Оның үстіне Дәндібайұлы Жаманқұл серілік пен әншілікті қуған тұлға болып көрінсе, Шал ақынға бата берген, «Жүсіп» кітабы арқылы Қазан татарларын таң қалдырған Жаманқұл абыз, қиссагер, көшбасшы тұлға болған сияқты. 

Жаманқұл ақын  туралы тағы бір деректі «Орталық Қазақстандағы би-шешендердің әдеби мұрасы» сериасымен шыққан, «Тура биде туған жоқ» атты кітаптан кезіктіреміз. Мұхаммадғали Ілиясұлы Әбдуов құрастырған көлемді еңбекте қазақтың көптеген би-шешендері зерделенген. Дегенмен, бұл кітапта Жаманқұл ақын емес, шешен, би ретінде көрінеді. 

Жаманқұл Табылұлы 1786 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратоғанбай тауының биігі Қарашыңның күншығыс жақ баурайында дүниеге келген. Əкесі Табыл байлығымен аймаққа танылған дəулетті адам болыпты («Тура биде туған жоқ», ІІ кітап. Құраст.: Мұхаммадғали Ілиясұлы Әбдуов. Қарағанды, 2020 ж.  Б 313. (38 б)). 

Демек Табылұлы Жаманқұл да татар басылымы көрсеткен Жаманқұл ақын болмай шығады. Себебі, біздің іздеп отырған Жаманқұл ақынымыз арғы ғасырлардың тумасы да, Табыл баласы Жаманқұл Дәндібайұлы Жаманқұлдан жарты ғасыр шамасында бұрын  өмір кешкен тұлға болады. 

Жаманқұл аты аталған деректерді тізбелеп біраз жерді шиырладық. Бір дерек, 1928 жылы Елжас Бекенұлы жазған «Жаманқұлдың теңдігі» деген әңгіме кітап барлығы туралы. Елжас Бекенұлының бұл кітабын таба алмадық. Бірақ Е.Бекенұлының Кеңес одағының орнаған жылдары социализмді мадақтап жазған өзге еңбектеріне қарап отырып,  бұл автордың бабалар мұрасын, атап айтқанда біз іздеп отырғани Жаманқұлды жаза қоятын кісі емес екенін оңай шамаладық. 

Міне, заманында дауылпаз ақын, жыршы, қиссагер болған, тіптен жазған дастаны – «Жүсіп» кітап болып басылған, ол кітабын татарлар тамсана оқыған, 1912 жылы қазақ ақындары қайсы дегенде, міне осы деп атын атап таныстарған Жаманқұлдың тарихта кім болғаны бір мақала көлемінде кесім айта қоюға келмейтін іс болып шықты. Әдебиеттанушы ғалымдар еңбегінің біз қарамаған тұстарында бұл Жаманқұл да зерделенген болуы мүмкін. Ары қарай індете зерттеуді осы саланың өз мамандарына қалдыруға тура келеді. 

Бүгінгі жұртқа мәлім де беймәлім бабаларымыздың бірі Жаманқұл ақынның  есімін татардың ғасыр бұрынғы басылымы – «Шорадан» кезіктіріп, күллі оқырманға салмағы қорғасындай сауал қалдырдық. Сұрауы бар дүниенің жауабы да табылар деп сенеміз. Келесі жазбамызда ғасырлар қатпарынан бізге өшкіндеп жеткен деректерден тағы да бірнеше тұлғаны жария ететін боламыз. 

Әділет Ахметұлы 

Алаштанушы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?