Жаңалықтар

Айтуға келгенде кем түсіп жатқан жоқпыз, мәселе елдің ертегі үшін еңбек етуде – Ерғалиев

Қоғам және мемлекет қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевпен сұқбат
Айтуға келгенде кем түсіп жатқан жоқпыз, мәселе елдің ертегі үшін еңбек етуде – Ерғалиев
Фото: parlam.kz 27.01.2023 11:21 1397

Біздің бұл жолғы әңгімеміз қашан болсын елдік сөз айтып жүрген, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевпен болды. Күні кеше, яғни 26 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Сенатының отырысына қатысып, Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөйлеген сөзінен туындаған міндеттерге бірден ойыстық.

 – Сонымен, Парламент Сенатының жаңа құрамы өз жұмысын бастап отыр. Парламенттің жоғары палатасында кезінде Сіз де айтар тойыңыз бен сөзіңіз көптің көңілінен шығып отырған депутат болдыңыз. Сенаттың құрамы жаңарды деп жатыр. Осы жаңа құрамнан не күтер едіңіз?

– Сіздің бұл сауалыңызға Сенат депуттарының алдында сөз сөйлеген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев толық жауап берді  ғой деп санаймын. Мемлекет басшысы «Бұл палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған» десе, басты мақсатымыздың бірі – қоғамда өркениетті саяси дәстүрді орнықтыру екенін еске салып, ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

 Міне, Сенаттың жаңа құрамының қызметі де осы міндет төңірегінде жалғасатын болса керек. Әрине, түрлі пікірлер, түрлі көзқарастар да бар. Ол енді демократиялық қоғамның үрдісі болса керек.

 Кезінде бір сөзімде айтып едім, «жақсы депутат болу үшін парламенттің мінбесінің алдында тұрып алып, Ресейдің Думасындағыдай, болмаса Украйнаның Радасындағыдай жаға жыртысып, бетке су шашысу керек пе» деп. Солай болса онда біздің қазақ халқының сабырлылығы мен ақыл-парасаттылығы, ұстамдылығы қайда қалады. Ал айту жағына келгенде біздің Парламенттің депуттаттары да ешкімнен кем түсіп жатқан жоқ. Ендігі мәселе, айтқан жайды жүзеген асыруда, орындауда қалып отыр. Жалпы біздің қазақ «ол неге олай емес, ол неге бұлай емес» деп айтуға келгенде алдымызғы жан салмаймыз. Орындауға келгенде орнымыздан табылмай жатамыз. Абай хакімнің «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деген еске түседі осы сәтте. Ендігі мәселе айтуда емес, орындауда және жұмыла жүріп еңбек етуде қалып отыр.

Әрине айту керек! Және де әйтеуір айтып қалайын дегеннен аулақ болғанымыз абзал. Президентіміз  «қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал сенім – аса маңызды құндылық» екендігін өте орынды атап көрсетіп отыр. Осы жай біздің әрқайсымыздың есімізде болғаны жөн.

– Сіз жуырда Президентіміз Тоқаевтың қабылдауында болдыңыз ғой. Не жайлы сөйлестіңіздер?

– Елдік жайлы, елдің бірлігі жайлы пікір алмастық. Президентіміз өз халқының ендігі арада әлемге еңбекқор халық есебінде танылғанын қалайтындығын аса бір ықыласпен айтқан сәтінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз халқын қаншалықты жақсы көретіндігін тағы бір аңғарғандай болдым.

 Президентіміз кешегі Сенаттағы сөзінде:

– Елімізде саяси радикализм мен экстремизмнің кез келген түріне орын жоқ. Демократия – бұл, ең алдымен, өз сөзің мен ісіңе жауапкершілікпен қарау. Бәріміз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әрбір азамат, кез келген қоғам қайраткері, барша саяси күш ел болашағы үшін өзінің тікелей жауапкершілігін сезінуі қажет. Барлық отандасыма айтарым: әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал кезінде еліміздің тыныштығы мен ырыс-берекесін сақтау тек өзімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға байланысты. Тәуелсіздігімізді сақтау және нығайту аса маңызды екенін тағы да еске саламын. Бұл – халқымыздың басты құндылығы. Біз конструктивті реформа бағытымен алға қарай нық қадам басып, мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамды біріктіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Саяси жауапкершіліктің биік мәдениеті мен азаматтарымыздың шынайы патриотизмі мұның кепілі бола алады. Әрқайсымыз өзара тілеулестік қағидатынан айнымауымыз керек. Сонда ғана тең мүмкіндіктер мен дамуды ту еткен Әділетті Қазақстанды құрамыз, – деді емес пе?

 Мемлекет басшысының осы айтқандары баршамызға, барлық қазақстандықтарға қашан болсын айтып отырар ниеті деп білемін.

– Сенат сайлауының қарсаңында енді Сенатта төрағасы ауысар болар деген пікірлер де болғаны анық. Бұрынғы Спикер Мәулен Әшімбаевтың қайтадан төраға болып сайланғанына қалай қарайсыз?

– Президент өте орында ұсыныс жасады және сенаторлар сол ұсынысты дұрыс қолодады деп санаймын. Өз басым Мәулен Сағатханұлын құрметтейтін және елі мен халқына адал қызмет етеріне сенетін себебім, ол - жазушының баласы! Қанша айтқанмен, әдеби ортада өскен азаматтың құлағында жас күнінен ел мен халық жайлы айтылған көсем әңгімелердің қалғаны бар ғой деп ойлаймын. Ең бастысы ол мемлекетшіл тұлға! Жаман іске бара алмайтын арлы азамат! Ендігі саясаткер осындай болғаны абзал!

 Спикерге және Сенат депутаттарының баршасына ел мүддесі жолындағы еңбектерінің табысты болғанын тілеймін. Дүрлігіп тұрған мына дүрбелең дүниенің тыныштығын берсін! Еліміз өсіп, өркендей берсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға