Жаңалықтар

Фаст-фуд тағамдары денсаулыққа қалай әсер етеді?

Фаст-фуд тағамдары денсаулыққа қалай әсер етеді?
Фото: siberianhealth.com 31.01.2023 20:19 3724

«Ас – адамның арқауы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Қазіргі таңда ел арасында пайдалы тағамдар емес, денсаулыққа зиян келтіретін фаст-фудтар кеңінен таралып кеткен. Оның құрамындағы заттар уақыт өте келе адам ағзасына кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Мұндай тамақ Америка құрама штаттарында көптеп пайдаланылады. Соның кесірінен халқының 60 пайыздан астамы семіздіктің зардабын шегуде. Фаст-фудты көп тұтынған адам семіздіктен бөлек, жүрек аурулары, қант диабеті, асқазан-ішек жарасы, ұйқы безі аурулары сынды түрлі дертке шалдығады. Бұл мәселені толығырақ тарқату үшін білікті маман, нутрициолог Лаура Сейтбекова мен диетолог Гүлбала Таймаханованың пікірін білдік.

Нутрициолог маман алдымен кез келген фаст-фуд тағамы жартылай фабрикатталған өнімдерден дайындалатыны жайлы сөз етті.

«Фаст-фуд тағамдарын әзірлеу үшін ұзақ мерзімге шыдайтын, құрамында химиялық қоспалары бар фабрикаттар қолданылады. Оған қоса бургер, донердің етін, фриді пісірген кезде бір майға бірнеше рет қуыра береді. Соның кесірінен концерогендер көбейіп, болашақта қатерлі ісіктің пайда болуына әкеп соқтырады. Сондай-ақ адамның ағзасына шамадан тыс сұйық май түсетін болса, қабыну процессіне дейін жеткізеді», – дейді ол.

Сонымен қатар тез дайындалатын тағамдарға қосатын дәмдеуіштердің құрамында бояу мен неше түрлі қоспалар болады. Оның барлығы бауыр мен өттің дұрыс қызмет етуіне кедергі келтіреді. Қандағы холестерин көбейіп, өттің толуына, адам ағзасындағы детоксикацияның нашарлауына алып келеді.

«Тез әзірленетін тағамның құрамында қант, тұз сынды қоспалар болғандықтан уақыт өте келе тәуелділікке дейін жеткізеді. Байқап қарасаңыздар, кез келген фаст-фуд тағамы газдалған, суық сусынмен беріледі. Екеуін бір уақытты тұтынған кезде адам ағзасында өте ауыр процесс жүреді. Сондықтан да күнделікті жеп-ішкен асыңызды мұқият қадағалап отыруыңыз қажет», – деді Лаура Сейтбекова.

Бір өкініштісі, бүгінде фаст-фуд тағамын жеуді ересектерден бөлек, балалар да әдетке айналдырып алған. Себебі мұндай зияны көп тағамдарды бір рет жесең, тағы да өзіне тартып, тәуелді қылып қояды.

Әрине жастарды бірден фаст-фудты тұтынудан бас тартқызу мүмкін емес. Сол себепті ата-ана олармен әңгімелесіп, барлығын егжей-тегжейлі түсіндіргені абзал.

«Тіпті болмай бара жатса, фаст-фуд тағамын үй жағдайында әзірлеп жеуге болады. Пісіру үшін қолданылатын ет, көкіністердің сапасы жоғары болуы тиіс. Оны қуырған кезде де үйреншікті болып қалған сұйық майға емес, пайдалы май немесе жылқының жүрек майын пайдаланған жөн», – деп кеңес берді ол.

Нутрициолог фаст-фуд тағамының халыққа зиянынан басқа берері жоқ деп отыр.

«Тез дайындалатын тағамды тұтынған адам ары кетсе ақшасы мен уақытын үндемдедім деп ойлайды. Алайда жеген тамағыңызға ақшаны аяғанның кесірінен денсаулығыңызды тәуекелге буып жатқаныңызды түсінуіңіз қажет. Себебі сіз бұл жасаған іс-әрекетіңізбен болашақта түрлі аурудың пайда болуына жол ашасыз», – деді Лаура Сейтбекова.

Ал диетолог маман болса, фаст-фудты тұтынатындар саны бүгінде көбеймесе, азаймай жатқанын айтты. Сол себептен өзіне артық салмақ қосып, одан арылуға көмек сұрап келетіндер де жетерлік дейді.

«Диетолог маман ретінде алдымен емделушінің тамақтану тәртібін дұрыстаймын. Пайдалы май, ақуыз, көмірсудың көп болуын қадағалаймын. Себебі адам ағзасына қажетті тағамды тұтынған кезде фаст-фудқа деген тәуілділік бола қоймайды», – деді Гүлбала Таймаханова.

Оған қоса диетолог кез келген адам күнделікті 5 рет дұрыс тамақтануы тиіс екенін атап өтті. Ағзаға керек тамақты күнделікті қолдану керек. Денсаулықты ретке келтірудің тағы бір жолы суды тұрақты түрде ішу. Адам өзіне қажетті судың мөлшерін анықтау үшін салмағын 30-ға көбейтуі тиіс. Егерде осындай жоғарыда айтылған ережелерді сақтайтын болса, адамның дені сау болмақ. Сондай-ақ ешқандай зиянды тағамдарға деген тәуелділік болмайды. Денсаулықты барында бағалап, күтім жасай білейік!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға