Жаңалықтар

Анам маған бүйрегін беріп, екінші мәрте өмір сыйлады – Самат Алиев

Қазақстанда алғашқылардың бірі болып бүйрек трансплантациясын жасатқан Самат Алиевпен сұқбат
Анам маған бүйрегін беріп, екінші мәрте өмір сыйлады – Самат Алиев
Фото: ortcom.kz 12.08.2022 17:24 2332

Елімізде 2012 жылдан бері адам ағзасына трансплантация жасалып келеді. Қазақстанда ең алғаш рет жүрек трансплантациясын жасатқан адам Жәнібек Оспанов болатын. Сол кезден бері қаншама қазақстандықтың тоқтап қалған жүрегі қайта соқты. Бүгінгі таңда медицинамызда ағза ауыстыру тәжірибесі жыл сайын дамып, бүйрек трансплантациясы да сәтті өтіп келеді.

2013 жылы алғашқылардың бірі болып бүйрек трансплантациясын жасатқан қызылордалық – Самат Алиев еді. Оның күрделі отадан кейінгі өмірі мен денсаулығы туралы өзінен сұрап аз-кем сұхбаттастық. 

– Сіз елімізде бүйрек трансплантациясын жасатқан алғашқылардың бірі болдыңыз. Ота жасатарда қорықтыңыз ба?

– Ол кезде менің жасым не бары 24-те еді. Бүйрегімнің ауырғанын қатты сезген жоқпын. Бірақ, мединалық тексерістерден өтіп, анализ тапсырған кезімде бүйрегің істемей тұр деді. Дәрігерлердің қадағалауымен гемодиалезден 2 ай өттім. Сол уақытта, менде қосымша диагноз «қант диабетінің 1-ші типі» асқынған болатын.

Сондықтан маған жедел түрде бүйрек трансплантациясын жасату керек деген шешім қабылданды. Туыс-туғандарымның барлығы анализ тапсырып, солардың ішінде ата-анамның бүйрегі келетін болып шықты. Сөйтіп, донор ретінде анам отаға дайындалып, 2013 жылдың қараша айында Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы ғылыми зерттеу хирургиялық институтында ота жасалды. Ана болған соң ойланбастан бүйрегін беруге дайын тұрды. Сол себепті анама деген құрметім шексіз.

Ал трансплантацияны Әкімжан Құрметұлы мен Николай Сергеевич есімді өте білікті дәрігерлер жасап шықты.

Анам маған бүйрегін беріп, екінші мәрте өмір сыйлады – Самат Алиев

– Қазіргі уақытта қаншалықты жиі тексерістен өтіп отырасыз? Денсаулығыңызға ешқандай шағым болмады ма? Анаңыздың отадан кейінгі жағдайы қалай болды?

– Ол кезде анамның жасы 42-де. Отадан кейін анамның да, менің жағдайымыз бір қалыпты болды. Ешқандай ауырсыну, қиналу болған жоқ. Уақытылы тексерістен өтіп, салауатты өмір салтын ұстандық. Трансплантациядан кейін жылына 2-3 рет Алматыға барып тексерістен өттім. Ал қазіргі таңда екі жылда бір тексерілемін. Менің денсаулығымды Әкімжан Құрметұлы, Мелс Нұрсейтұлы және Лиза Нариманқызы секілді трансплантолог, нефролог дәрігерлерім қадағалап отырады.

– Сізге спортпен айналысуға рұқсат берді ме?

– Иә, спортпен айналысып тұрамын. Жақында ғана елорадада Жәнібек Оспановтың ұйымдастыруымен трансплантация жасағандардың арасында өткен республикалық жарысқа қатысып, Қызылорда құрамасы волейболдан 3-ші орын иелендік. Біздің құрамадағылардың барлығы бүйрек трансплантациясын жасатқан. Араларындағы бірінші болып жасатқандардың бірі – мен. Ал, ең жасы бір жыл бұрын жасатты. Негізінде бұл жарыс 2019 жылдан бері 5 спорт түрінен өтіп келеді. Үздік команда Англияға жолдама алып, соңда өтетін олимпиадаға қатысады. Ал, биылғы бірінші орын алған команда келесі жылы Австралияда өтетін додада бақ сынайтын болады. Сондықтан команда капитаны Досбол Әбділдаев, команда үйлестірушісі Берік Бдан құрама жасақтап дайындалдық. Биыл жарыс еліміздегі трансплантацияның 10 жыл толуына орай ұйымдыстырылды. Алдағы уақытта жыл сайын ұйымдастырылуы мүмкін.

Бұл жарыста мен дартстан, жүзуден және командалық волейболдан қатыстым. Негізінде спортпен кәсіби түрде айналыспаймын. Анда-санда достарыммен бірге уақыт өткізу үшін келіп тұрамын.

Анам маған бүйрегін беріп, екінші мәрте өмір сыйлады – Самат Алиев

– Трансплантациядан кейін өміріңізде қандай өзгерістер болды?

– Өмірге қайта келгендей әсерде болдым десем де болады. Нақты айтқанда, анам мені өмірге екінші рет алып келді. Негізінде еліміздегі трансплантация туралы дерек көзі өте аз, ақпарат қолжетімсіз болды. Сондықтан ата-анам күрделі отаны шетелде жасатамыз деген ойда жүрді. Соның ішінде, Пәкістан, Қытай, Израиль елдерінің медицинасын сараладық. Дегенмен, отаны Қазақстанда жасауға мүмкіндік туды. Дәрігерлердің арқасында трансплантация сәтті өтті.

Қызылорда облысы бойынша мен 23-ші адам болып трансплантация жасаттым. Маған дейінгілер шетелдерде және елімізде де жасатқандары бар. Қазіргі таңда облыс бойынша трансплантация жасатқандардың саны 80-нен асты. Оның ішінде көбісі бауыр мен бүйрек ауыстырған. Осындай ота жасатқандардың барлығы араласып, жөн сұрасып, тіпті кездесіп, бас қосып отырамыз. Олардың да жағдайы мен сияқты жақсы деп айта аламын.

Анам маған бүйрегін беріп, екінші мәрте өмір сыйлады – Самат Алиев

– Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?

– 2012 жылдан бері Қызылорда облысы Шиелі ауданы Байсын ауылындағы №207 “Жаңатұрмыс” орта мектебінде жүйе техник(системотехник) маманы болып жұмыс істеймін.  Отбасым және ұлым бар. 

Анам маған бүйрегін беріп, екінші мәрте өмір сыйлады – Самат Алиев  

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға