Жаңалықтар

Лашын Жанарбек: «Арманым – әлемдегі қазақ жастарын бір арнада біріктіру»

«Jas Qazaq» халықаралық ұйымының лидері Лашын Жанарбекпен сұқбат
Лашын Жанарбек: «Арманым – әлемдегі қазақ жастарын бір арнада біріктіру»
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 04.08.2022 18:46 3797

Жастар – еліміздің болашағы. Мемлекет жастарға ерекше қолдау білдіріп келеді. Үкімет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдаланған жастар тың жобалар мен бірқатар бастамалар көтеріп, биіктерден көрінуде. Бүгінде шеттегі қазақ жастарын бір ортаға тоғыстырған ұйым бар. Бұл – Елордадағы «Jas Qazaq» халықаралық жастар ұйымы. Ұйым туралы толығырақ білу үшін «Jas Qazaq» халықаралық ұйымының лидері Лашын Жанарбекті сұқбатқа тарттық.

– Сұқбатымызды бастамас бұрын өзіңіз жайлы қысқаша айта кетсеңіз. Лидер Лашын ұйымға қалай келді?

 – 2018 жылы мектеп бітіргеннен кейін Атамекенге келіп, Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түстім. Алғаш Қазақстанға келгенде таныстарым, достарым болмағандықтан ортаға бірден сіңісіп, үйренісіп кету қиын болды. Шетелден келген қазақ жастарының ортақ ұйымдарын іздеп таба алмадым. Әр елден келген қандастар тек өз-өздерімен ғана араласатын. Кейіннен, музыкалық, спорттық командалар қатарына қосылып, оқуыммен қатар қызығушылығымды да дамытып алып жүрдім. Сол кезде, алғаш Алжан Шарифов мырзаның шақыртуымен «Jas Qazaq» ұйымымен бірге музыкалық кеш өткіздік. Мен іздеген ұйым мені өзі келіп тапқанына қатты қуандым. Жасалып жатқан жобалармен танысып, өзімнің де идеяларым мен жобаларымды ұсындым.

Бұл ортадан алған ыстық жылулықтың арқасында өз болмысынан ұялатын оралманнан, тағдырына қарсы шығып тарихи мекеніне қайта оралғанын мақтан тұтатын қандасқа айналдым.

Сұқбат барысында Лашынның еңбекқорлығымен қатар жан-жақтылығын да байқадық. Жеке жетістіктерімен бірге өзі нәзік бола тұра, бокспен 7 жыл айналысқан екен. Спорт шеберіне кандидат деген атағы бар. Сонымен қатар, өнерден де алыс емес. Пианино, гитара сынды аспаптарда ойнайды. Авторлық өлеңдер жазады. Сондай-ақ, ағылшын тілінде халықаралық грамоталары бар.

Жеткен жетістіктерімен қатар Лашын ұйымға өзінің септігін тигізіп, көптеген жобаларды әріптестерімен бірге іске асырып жатыр.  Сұқбат барысында ұйым туралы сұрап көрдік.

– «Jas Qazaq» халықаралық жастар ұйымы қашан құрылды, тарихына тоқтала кетсеңіз?

– Ұйым 2019 жылы «Отандастар Қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен өткен «Киелі Қазақстан» жобасы аясында шетелден келген жастардың ұсынысымен құрылған болатын. Бүгінгі күнде, Германия, Франция, Түркия, Иран, Ресей, Беларусь, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сынды мемлекеттерден 250-ге жуық белсенді қатысушылар бар.

Лашын Жанарбек: «Арманым – әлемдегі қазақ жастарын бір арнада біріктіру»

– Ұйымның мақсаты мен бағыты қандай?

– Жобалар мен іс-шаралар ұйымдастыру арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қазақ жастарының басын бір арнада қосу, ақпараттық және мәдени-гуманитарлық жағынан қолдау көрсету.

– Қандай жобалармен жұмыс жасап жатырсыздар?

– Қазіргі таңда белсенді де өзекті екі жобаны атап өтейін. Біріншісі – зерттеу жұмыстары. Оқу-Ағарту министрлігіндегі ресми ақпараттарды пайдалана отырып, жыл сайын қанша қандас студент Қазақстанға оқуға келетінін анықтай отырып, қандас жастардың арасындағы сұранысқа ие университеттер мен мамандықтарды және экономикалық көрсеткіштерді анықтап жатырмыз.

Кейбір жағдайда, қандастарымыз грантпен оқуға түссе де, бітірген соң немесе оқуын орта жолда тастап өз еліне кетіп жатады. Біздің мақсатымыз олардың себебін анықтау, ұтымды шешім ұсыну және Қазақстандағы білім саласындағы мүмкіндіктермен ақпараттық қолдау көрсету. Қазір, зерттеу жұмыстарымен 30-ға жуық ерікті айналысып жатыр.


Ал екінші жоба – «Jasqazaq podcast». Подкастымыздың басты миссиясы Қазақстанға келген және енді келуді жоспарлап жүрген бар адамға пайдалы ақпараттар жеткізу. Бұл аудио форматтағы подкастта тәжірибелі қандастарды шақырып өзекті мәселелерді талқылаймыз, маңызды да пайдалы ақпараттарды ұсынамыз.

– Бұл подкастың ерекшелігі және қандай тақырыптар қозғалады? 

- «Әр елдің салты басқа» дегендей, әр мемлекеттерден келген, әртүрлі көзқарасқа ие, ойлауы мен сөйлеуі де ерекше қандастарымыздың шынайы да қызықты тәжірибелері Қазақстан, Швеция, Түркия, Германия, Румыния, Украина, Моңғолия, Өзбекстан мемлекеттеріндегі тыңдармандарға жетіп отыр. Подкаст тақырыптары әлеуметтік желіде қандастарымыздың қоятын көкейтесті сұрақтарынан туындайды. Бүгінгі күнге дейін білім гранттары, дайындық бөлімі, степендиялық бағдарлама және халықаралық жобалар туралы ақпараттар бердік. Подкастымызды автобуста, алыс жолда, жалпы бос уақытыңызда Anchor, Castbox, Google Podcast платформаларында тегін тыңдай аласыз. 

– Ұйымның жеткен жетістіктері?

– «Jas Qazaq» жастар ұйымы республикалық шағын гранттар конкурсына қатысып тұрады. 2021 жылы «Волонтерлік бастамаларды қолдау» шағын гранттар конкурсына қатысып, жобамыз жеңіске жетті. Жоба – қандас жастарға арналған подкастин орталық ашу. Соның нәтижесінде қазір «Jasqazaq podcast» жобасын аштық.


–  «Jas Qazaq» ұйымының мүшесі болуы үшін белгілі бір талаптарыңыз бар ма?

– Ұжымға мүше болу өте оңай. Instagram, Facebook, Whatsapp, Telegram желілері арқылы бізге мүше болғысы келетіні туралы мәлімдесе, біз оларды онлайн топтарымызға қосамыз. Маңызды ақпараттар мен хабарландыруларды тұрақты жіберіп отырамыз.

Лашын Жанарбек: «Арманым – әлемдегі қазақ жастарын бір арнада біріктіру»

– Бұл ұйым тек Нұр-Сұлтанда орналасқан ба?

- Орталығымыз Нұр-Сұлтан қаласында «Отандастар Қоры» КеАҚ орналасқан. Елордадағы қандас жастар кез-келген уақытта келіп кездесіп, сұрақтарына жауап алады. Шахмат ойнау, кітап оқу, speaking club, дебат клубтарын жүргізу, пикникке шығу, музыкалық кештер өткізу деген сияқты қызықты да пайдалы іс-шаралар ұйымдастырып бос уақыттарын бірге өткізеді. Сонымен қатар, «Астана Жастары», «Атамекен» сынды жастарды қолдау орталықтарымен бірге жұмыс жасаймыз. Болашақта «Jas Qazaq» ұйымының филиалдарын басқа да қалаларда, мемлекеттерде ашу жоспарда бар.

– Толымды сұқбатыңызға көп рақмет! Тың жобалар мен бастамаларыңызға тек сәттілік тілейміз!

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға