Жаңалықтар

Шымкентте қаптама материалдарын шығаратын «QazAIPack» зауыты ашылды

Зауыт ішкі нарықтағы 75 пайыз импорттық өнімді алмастырады
Шымкентте қаптама материалдарын шығаратын «QazAIPack» зауыты ашылды
Фото: gov.kz 21.10.2022 16:47 1643

Қаптама материалдарын шығаратын жаңа отандық кәсіпорын Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан, деп хабарлайды El.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Азық-түлік өнімдеріне арналған алюминий құтыларын өндіретін Орта Азиядағы бірегей зауыттың ашылу рәсіміне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және «Shymkent» ӘКК өкілдері қатысты.

Қайырбек Өскенбаев құттықтау сөзінде өндіріс ошағы қайта өңдеу өнімдерін жоғары сапада шығаруға жаңа серпін беретінін атап өтті.

 «Мемлекеттік қолдау мен жүйелі жолға қойылған менеджменттің нәтижесінде жоба бар-жоғы 2 жылдың ішінде іске қосылды. Зауыт 170 отандасымызды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, ішкі нарықтағы 75 пайыз импорттық өнімді алмастырады. Осы орайда тағы да атап өткім келеді, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі іскер топ өкілдерімен және бизнес-қауымдастықпен әрдайым ортақ диалог орнатуға ниетті. Министрлік отандық өндірушілердің бәсекелестік қабілеттілігін арттыруға әрдайым басымдық береді», – деп атап өтті министр.

Осы орайда айта кетерлігі, Қазақстан мен Орталық Азиядағы бірегей жоба ҚР СІМ Инвестициялар комитетімен бірлесіп жүзеге асырылған инвестициялық келісім мен «Қарапайым заттар экономикасы» несиелеу бағдарламасының нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар мемлекет тарапынан дайын инфрақұрылым жүргізілген жер телімі түріндегі арнайы грант ұсынылды.

Кәсіпорынның есепті өндірістік қуаттылығы жылына – 500 млн дана құты шығару.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға