2023 жылдың 29 сәуіріндегі жағдайды Украина бас прокуратурасы хабарлады.

"Мама, әкемді сағындым" Украинада қаза болған балалар саны қаншаға жетті?
Сурет Владимир Зеленскийдің телеграмынан

«2023 жылдың 29 сәуіріндегі таңғы жағдай бойынша Украинада Ресей Федерациясының жаппай қарулы агрессиясының салдарынан 1428-ден астам бала зардап шекті. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі прокурорлардың ресми мәліметі бойынша, 475 бала қайтыс болып, 953-тен астамы әртүрлі дәрежедегі жарақат алған», — делінген хабарламада.

Бұл сандарды нақты деп санауға болмайды, өйткені соғыс жүргізілген жерлерде, уақытша басып алынған және азат етілген аумақтардағы мәліметтерді анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Балалар ең көп зардап шеккен Донецк облысында – 452, Харьков – 275, Киев – 128, Херсон – 94, Запорожье – 89, Николайев – 88, Чернигов – 69, Днепропетровск – 67, Луганск – 66.

Еске салайық, 28 сәуірде Ресей армиясының Черкасск облысындағы Уман қаласының азаматтық инфрақұрылымын атқылауы нәтижесінде жау зымыраны 9 қабатты тұрғын үйге тиген болатын. Көпқабатты үйдің кіреберісі толығымен қирап қалды. Қайтыс болғандардың арасында төрт бала бар: 8 және 10 жастағы қыздар және 15 және 1,5 жастағы ұлдар.

29 сәуірде Чернигов облысының Семёновский ауданын жаудың атқылауынан 14 жасар жасөспірім зардап шекті.

Еске салайық, «Украина. Таңғы бесте» коалициясы құрамына ZMINA құқық қорғау орталығы кіреді және олар Ресейдің ұлттық және халықаралық сот төрелігі механизмдері үшін «басып кіру кезіндегі әскерилердің соғыс қылмыстарын, адамзатқа қарсы қылмыстарын» тіркеп, құжаттайды.

Бұл қылмыстарға:

  • қасақана кісі өлтіру және ауыр азап келтіру;
  • азаптау және адамгершілікке жатпайтын мінез-құлық таныту;
  • зорлау;
  • әскери қажеттіліктен туындамаған мүлікті жою және иемдену;
  • азаматтық немесе әскери тұтқындарды Ресей Федерациясының қарулы күштерінде қызмет етуге мәжбүрлеу;
  • халықты «адам қалқаны» ретінде пайдалану;
  • Ресейге немесе ол басып алған аумақтарға депортациялау;
  • азаматтарды ұрлау және заңсыз қамауға алу;
  • кепілге алу;
  • ұрыс қимылдарына қатысуын тоқтатқан әскери қызметшілерге шабуыл жасау;
  • қарсы әскердің киім үлгісін немесе айырым белгілерін, Қызыл Крест эмблемасын жалғандықпен пайдалану;
  • тыйым салынған қаруды қолдану (мысалы, кассеталық оқ-дәрілер);
  • улы заттарды қолдану;
  • діни және мәдени мекемелерге шабуыл жасау;
  • қоғамдық және жеке меншікті талан-таражға салу және т.б.

Сонымен қатар, БҰҰ-ның Азаптаулар жөніндегі комитеті, Украинадағы оқиғаларды зерттеу жөніндегі БҰҰ Тәуелсіз халықаралық комиссиясы, Халықаралық қылмыстық сот, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот және т.б. халықаралық бірлестіктер Украинада жасалған әскери қылмыстарды тергеуді жалғастырады.

Поделиться: