×

Сенат депутаттарының сайлауы мен ІІ Түркі универсиадасы: 2023 жылы Қазақстанда қандай іс-шаралар өтеді

Halyq Uni 2023 жылы Қазақстанда өтетін және ел басшылығы қатысатын саяси маңызды іс-шараларға шолу жасады

 Айгерім Таубай 07.12.2022 | 10:25
Коллаж Halyq Uni

2023 жылы Қазақстанда Парламент сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Сондай-ақ жаңа жылда елімізде екінші Түркі универсиадасы өтетіні белгілі. Halyq Uni 2023 жылы Қазақстанда өтетін маңызды іс-шаралар мен мемлекет мүше халықаралық ұйымдардың жиыны қай елде өтетініне шолу жасады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ІС-ШАРАЛАР

Сенат депутаттары сайланады

2023 жылдың басында Парламент сенаты депутаттары сайланады. Бұл шара 14 қаңтарда өтеді деп бекітілді.

Кандидаттарды ұсыну мен тіркеу 2022 жылдың 29 қарашасында басталды. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 24 желтоқсанда басталып, 13 қаңтарға дейін жүргізіледі.

Заңнамаға сәйкес сенат депутаттарына мәслихат депутаттары дауыс береді.

2022 жылдың наурызында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының рөлін қайта қарауды ұсынды. Оның ішінде сенаттағы президент квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартынын мәлімдеді.

«Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн», - деді Тоқаев.

Осылайша Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізілді. Ал заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады.

Конституция бойынша Сенатқа әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және Астанадан екі депутаттан сайланады. 10 депутатты президент тағайындайды.

ІІ Түркі универсиадасын өткізеді

Қазақстан 2023 жылы елімізде ІІ Түркі универсиадасын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандтағы түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде айтты.

«Біз академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет. Сондықтан 2023 жылы түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады», - деді Тоқаев.

Президент түркі  елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлу керек деп санайды.

Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтеді

2023 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті Қазақстанда өтеді.

Айта кетейік, 2022 жылдың қарашасында саммит Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтті. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары бас қосқан жиында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы саналатын ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына 30 жыл толатынын еске салып, бұл мерейлі оқиғаны жоғары деңгейде атап өтуге шақырды. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті келесі жылы Қазақстанда өтетінін жеткізді.

Түркі мемлекеттері ұйымына Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мүше. Бақылаушы мемлекет қатарында Мажарстан, Түрікменстан және Солтүстік Кипр бар.

Астана процесінің кезекті жиыны өтеді

Сирия бойынша Астана процесінің кепілгер елдері 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан астанасында ХХ халықаралық кездесу өткізуге келісті.

Кепілгер елдер – Иран, Ресей және Түркия қақтығыстың әскери шешімі жоқ екенін тағы да растады және конституциялық комитеттің редакциялық комиссиясының тоғызыншы сессиясын тез арада өткізуге шақырды.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ ҚАТЫСАТЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР

Каспий экономикалық форумы өтеді

Үшінші Каспий экономикалық форумы 2023 жылы Иран Ислам Республикасында өтеді.

2022 жылдың 5-6 қазанында Каспий экономикалық форумы Мәскеуде өтті. Оған Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайлов қатысты.

Жиында «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін толық форматта пайдалану Каспий маңы елдері бизнесінің экономикалық белсенділігіне оң әсер ететіні айтылды.

Айта кетейік, Каспий экономикалық форумын құру туралы шешім 2018 жылдың 12 тамызында Ақтауда өткен саммитте Каспий маңы елдері – Ресей, Әзербайжан, Иран, Қазақстан және Түрікменстан көшбасшылары қабылдады.

Сочиде өтетін кездесу

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Үкімет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2023 жылдың 7 маусымында Сочиде өтеді.

2022 жылы 28 қазанда Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы төрағалық эстафетасын ресми түрде Қырғызстанға тапсырды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанада өткен ТМД елдері үкімет басшылары кеңесінің отырысында Қазақстанның 2022 жылы ТМД-ға төрағалық етуінің барлық жоспарланған іс-шарасы толық көлемде орындалғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, ТМД-ға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина мүше. 2005 жылдың тамызынан бастап Түрікменстан ТМД мүшелерінен шығып, қауымдастырылған бақылаушы мүше мәртебесін алды.

ҰҚШҰ сессиясы Минскіде өтеді

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің келесі сессиясы 2023 жылдың төртінші тоқсанында Минскіде өтеді.

2022 жылдың қарашасында Ереванда мемлекет басшылары 2021-2025 жылдарға арналған әскери ынтымақтастықты дамыту жоспарын орындау үшін ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін заманауи қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жарақтандыру туралы шешімге қол қойды.

Сондай-ақ ҰҚШҰ-ның радиациялық, химиялық және биологиялық қорғанысы мен медициналық қамтамасыз етілуін бірлесіп қалыптастыру туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар отырыста ҰҚШҰ-ның 2023 жылға арналған бюджеті бекітілді.

Айта кетейік, ҰҚШҰ ның жаңа Бас хатшысы болып үш жыл мерзімге Қазақстан өкілі Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды. Ол бұл қызметке 2023 жылдан бастап кіріседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама