×

Бас прокуратура шетел асқан ақшаны қайтаруға кірісті

Берік Асылов санаулы адамның капиталды елден заңсыз шығаруын сынады

 Дастан Жұмабекұлы 23.06.2022 | 10:56
Фото: gov.kz

Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалық етуімен экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Отырыста экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға және заңсыз алынған мүліктерді қайтаруға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында бас прокурор іс-шараға қатысушылардың назарын Мемлекет басшысы қойған негізгі міндеттерге аударды. Бұл – заңсыз шығарылған қаржы қаражатын елге қайтару бойынша жүйелі шараларды әзірлеу және іске асыру, сондай-ақ экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау.

Оларды іске асыру отандық экономиканы дамытуға, кірістерді әділ бөлуге және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға мультипликативтік әсер етуі тиіс.

Отырыста комиссия төрағасының орынбасары – бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бірінші басшылары баяндама жасады.

Іс-шараларды талқылай отырып, санаулы адамның капиталды елден заңсыз шығарып, заңсыз баюын болдырмау алғашқы кезектегі шаралардың бірі деп танылды.

Сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, олигополия субъектілерінің активтерді мемлекетке қайтару мүмкіндігі туралы ұсыныс қаралды. Бұл ретте, Б. Асылов комиссияның жұмысы адал кәсіпкерлер үшін бөгет болмауы қажет екендігін атап өтті.

Барлық шешімдер тексеріліп, мұқият пысықталған соң ғана қабылдануы керек, - деді ол.

Отырыстың соңында комиссия жұмысының басым бағыттары айқындалды.

Комиссия Президенттің 5 маусымдағы Жарлығымен құрылған болатын. Оның құрамына құқық қорғау, арнаулы және бірқатар орталық атқарушы органдардың, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның бірінші басшылары кіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама