×

Елімізде 3 мыңнан аса қытайлық жұмыс істеп жүр

Шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 762 қазақстандық жұмыс беруші бар

 

 Дәурен Ерболат 24.06.2022 | 10:35
Фото: eurasian-research.org

Қазақстанда 16 мыңнан аса шетелдік еңбек етіп жүр, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстанда 16 424 шетел азаматы жұмыс істейді.

Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілген санаттар төмендегідей:

  • басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 617 рұқсат (бірінші санат);
  • құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 224 рұқсат (екінші санат).

Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады: 8 020 және 926 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 506 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 131 адам тартылды, - деп жазылған хабарламада.

Бүгінде елімізде шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 762 жұмыс беруші бар. Оларда 398 мыңнан аса Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл – қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер:

  • Қытай – 3 651 адам,
  • Түркия – 1 853 адам,
  • Өзбекстан – 1 605 адам,
  • Үндістан – 1 577 адам,
  • Ұлыбритания – 1 113 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Биыл қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Президенттің берген тапсырмасын орындау үшін министрлік шетел жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама