×

Зайсандық барымташылар Тарбағатай жылқыларын бордақыға қойған

Тұрғындар полиция қызметкерлерінің жайбасарлығына наразы

 Еркеғали Болатұлы 27.09.2022 | 10:46
фото: ашық дереккөз

Қазір ШҚО Тарбағатай өңірінен жоғалған үйір-үйір жылқы Зайсан ауданынан табылып жатыр. Мал иелері Айнабұлақ ауылында бірнеше мал бордақылайтын қора бар екенін айтады. Сол қорада тұрған көп жылқының ішінен иелері өз малын тапқан деп хабарлады Qazaqstan телеарнасы.

Жануарлардың көбісінің ен-таңбасы өзгертілген. Әйтсе де әркім өз жылқысын жазбай танып жатыр. Ал жылқысы жоғалған Зайсан, Тарбағатай ауданының тұрғындары соңғы үш тәулікте сол қораның маңын күзетіп жүр.

Мал бордақылайтын үлкенді-кішілі бірнеше қораның нақты иелері кім екені әлі анықталған жоқ. Тұрғындар полиция қызметкерлерінің жайбасарлығына наразы. Жоғалған жылқының көбін иелері өздері анықтаған. Енді малын қайтарып ала алмай жүр.

Былтыр Қазақстан ауылынан 17 бас малым жоғалған. Биыл, міне, 36 басым жоғалды. Зайсан ауылы маңынан таптым. Полиция департаментінен, жоғарғы жақтан – министрліктен көмек сұраймын. Заңды түрде өз малымды қайтарып берсеңіздер екен, - дейді Тарбағатай ауданының тұрғыны Азамат Рахимов.

Тұрғындар құқық қорғаушылардан ешбір көмек болмай жатқанын айтады. Ал аудан мен облыс полицейлері бұл мәселе бойынша әзірше ешқандай ақпарат бермей отыр. Мал иелерінен де түсініктеме алмаған. Қамауда тұрған жылқылардың нақты иелерін анықтау бойынша тергеп-тексеру әлі басталмапты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама