×

«Жүз теңгені де инвестициялайды». Елімізде жеке инвесторлық қаншалықты дамыған?

Қазақстандық он шақты компанияның бағалы қағаздарына деген сұраныс жоғары

 Ербол Тұрымбет 24.09.2022 | 10:34
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның қор нарығында KASE және AIX биржалары жұмыс істейді. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде сол биржаларда жұмыс істеуге құқығы бар 39 брокер-дилер тіркелген.

Әдетте шетел биржаларында комиссия жоғары болатындықтан аз ақшамен бастау пайда әкелмейді. Ал отандық биржаларда инвестор атануға қаражат пен комиссия жөнінен еш шектеу жоқ, ел азаматтары 500-1000 теңгесімен-ақ құнды қағаз сатып алуына болады. Ендеше ондай мүмкіндікті отандастарымыз қалай пайдаланып жүр? Halyq Uni елімізде бүгінде қанша адам жеке инвестициямен айналысатынын біліп көрді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР АМЕРИКА БИРЖАСЫН ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

Jusan invest брокерлік компаниясының мәліметінше, қазақстандық инвесторлар 100 теңгеден бастап 10 млн долларға дейін қаражат салып отырады. Компанияның ірі клиенттермен жұмыс департаментінің вице-президенті Әйгерім Молдабекованың айтуынша, қазақстандық жеке инвесторлар көбіне Нью-Йорк биржасын таңдайды.

Өйткені, ең ірі де ең қызығы АҚШ биржалары. Ол жерде неше түрлі инвесторға арналған қымбат та, арзан да миллиондаған бағалы қағаз бар. Ең жақсы көретіндері Нью-Йорктағы ең танымал екі биржа: NASDAQ пен NYSE. Сосын Лондон биржасында да жиі бағалы қағаз аламыз. Қазақстандық екі биржада онша көп бағалы қағаз сатылмайды, инвестордың да саны аздау. Бірақ сонда да арасында қызықтырарлық бағалы қағаздар шығып тұрады, дейді ол.

Оның айтуынша, Jusan invest клиенттері көбіне АҚШ-тың Microsoft, Apple, Coca-Cola, Tesla сынды дүние жүзіндегі ең ірі компаниялардың құнды қағаздарына қызығушылық білдіреді. 

Еуропалық қағаздардың да отандастарымызға жағатынын айтады. Оған қоса, бұрындары клиенттер Ресей бағалы қағаздарын да алып келіпті. Бірақ қазір бәрі санкцияға түскен соң оларды не сатып ала алмайды, не сата алмайды.

Сондай-ақ, Microsoft, Apple сынды ірі компаниялар кіретін «көк фишкаларды» да қазақстандық инвесторлар жақсы көретінін айтады. S&P 500 сияқты индекске байланған ETF-тер де көп сұранысқа ие бағалы қағаздардың қатарында.

Ал Қазақстан нарығына келсек, отандық он шақты компанияның құнды қағаздары жақсы өтетін болып шықты. Мысалы, Ксеll, Сбербанк Қазақстан (қазіргі Bereke Bank – ред.), KEGOC, «Қазақтелеком», «ҚазТрансОйл», «Kaspi Bank», «Қазатомөнеркәсіп» және басқалары. Қазір IPO-ға дайындалып жатқан «ҚазМұнайГаз» да үлкен сұраныс туғызып отыр.

ЕЛІМІЗДЕ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН ИНВЕСТОРЛАР ДА БАР

Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің (KCSD) 1 тамыздағы мәліметінше, барлығы 425 мыңнан астам шот ашылған. Оның 385 мыңы қосалқы шоттарға тиесілі. Өсімнің негізгі себебі жастардың қызығушылығының артуынан болып отыр. 

Оның ішінде барлық бөлшек инвесторлардың жартысына жуығын (49,6%) 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар құрайды. Ал 18-24 жастағы инвесторлардың үлесі 19,3%, 25-34 жастағы инвесторлардың үлесі 30,3% шамасында. Инвесторлардың тағы 35,3%-ы 35-54 жас аралығында болса, 55 жастан асқан инвесторлардың үлесі қысқарып барады, қазіргі үлесі 15%.

Сонымен қатар, жеке инвесторлар арасында аз да болса кәмелетке толмағандары да бар. Бірақ олардың атына ашылған брокерлік шоттар саны 0,1%-дан аспайды.

Гендерлік бөлініске келгенде елімізде жыл басынан бері инвестор әйелдердің саны 76% өскен. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта бөлшек инвесторлардың ішінде ерлердің үлесі 57,5%, әйелдер 42,5%-ды құраған.

Ал аумақтық тұрғыдан алғанда, көшбасшылықты бұрынғыдай Алматы (22%), одан кейін жеке тұлғалардың қосалқы шоттарының ең көп саны – Нұр-Сұлтан (10%) және Түркістан облысы (9%) бөліседі. Брокерлік шоттардың ең азы солтүстік тұрғындарының еншісінде: Қостанай облысы (3,3%), Ақмола облысы (2,3%) және СҚО (1,5%).

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама