×

Космомониторинг, жайылым жерлер, субаренда: ең жас вице-министрмен сұқбат

Саладағы проблемаларды ашық айтып, бюрократиясыз шешуге жұмыс істейміз, дейді Әбілхайыр Тамабек

 Халық үні 22.05.2022 | 00:30

Жақында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болып 27 жастағы Әбілхайыр Тамабек тағайындалған болатын. Ең жас вице-министр «Хабар 24» арнасына сұқбат беріп, космомониторинг, жайылым жерлердің жетіспеушілігі, субаренда және тағы басқа бағыттардағы проблемалар бойынша шешу жолдарын айтты.

Әбілхайыр Тамабек көптен бері қызу талқыланып, қоғам белсенділері арасында дау тудырған космомониторинг жұмысындағы кемшіліктерді атады.

«Былтыр «Қолдау» ақпараттық порталы 22 млн гектар жер игерілмей жатыр деп шығарды. «Қазғарыш сапары» болса 20 млн гектар жер игерілмей жатқаны туралы хабарлады. Алайда бұл 42 млн га жер игерілмеді деген сөз емес. Себебі бір азаматтың жері «Қазғарыштың» да, «Қолдаудың да» базасында тұрып, екі компания бір жерді айтып отырған болуы мүмкін. Не болмаса «Қазғарыш» ескермеген мәселені «Қолдау» ескерген болуы да ықтимал. Сол себепті нақты қанша гектар екенін айту қиын. Осыдан келіп бірнеше проблема шығады. Ауруын жасырған өледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да, Цифрлық даму министрлігі тарапынан да кеткен проблемалар бар екенін айтуымыз керек. Мысалы, «Қолдауда» тіркелген бір ЖШС-ның 50 мың гектар жері игерілмей жатыр десек, ол ЖШС-да 200-ге жуық пай үлескері болуы мүмкін. Енді ол ЖШС-ға пай үлескерлері мал тіркейін десе, кепілге қойып жібере ме деп қорқады. Шын мәнінде пай үлескерлерінің бәрінде жер бар. Соны «Қазғарыш» немесе «Қолдау» игермей жатыр деп көрсетеді. Ауыл шаруашылығы жануарларын біркелкілендіру базасында бұл мәселе ескерілмей қалған. Себебі кезіндегі шаруа қожалықтарына біріктірілген пай үлескерлерінің ақпараты электронды нұсқада жоқ, қағаз жүзінде ғана. Сол себепті қазір жеке тұлғаға тіркелген малды ЖШС-ның атына интеграция жасаумен айналысып жатырмыз. Сол кезде нақты картинаны көре аламыз. 1 шілдеден кей аймақтарда пилоттық жоба ретінде енгізіп, жыл соңына дейін толық шешу жоспарда бар», - деп түсіндірді ол.

Маман космомониторинг бойынша өңірлерде кездесіп жатқан проблемалардан мысал келтірді.

«2020 жылы біз Жамбыл облысында 35 мың гектар жер игерілмей жатыр деген ақпарат алдық. Кейін тексерсек, игерілмей жатқаны 17 мың гектар ғана екен. Яғни, дәлдік 50%-ға жеткен жоқ. Ғарыштық бақылау жаңадан егілген арпа, бидай алқабын анықтайды да, көпжылдық жоңышқа сияқты мәдениеттерді анықтай алмайды. Ол жерде арамшөп жатыр деп жалпылама қорытынды бере салады. Ал біз барған жерлерде көп жылдық екпелер анықталды. Одан кейін жергілікті атқарушы органдарға қатысты жер балансы мәселесі бар. Осы бойынша да қай жер егістік, қай жер шабындық екенін дұрыс көрсетпейтін жағдайлар болып, сәйкессіздік туындайды. Егер де біз осындай әрбір сәйкессіздіктерге шара қолданып, қайтарып ала берсек, қаншама мыңдаған азаматтардың құқығы бұзылады. Сөзсіз, космомониторинг керек. Себебі ол жұмысты оңтайландыратын фактор, көмек құралы. Бірақ бұл жұмыстарды жүйелі түрде реттеу керек. Министрлік тарапынан жоғарыда айтылған барлық мәселе толық зерделеніп, барлық факторды ескере келе, биылғы жылдың соңына дейін нақты бір жүйеге келтіреміз деп ойлаймыз», - дейді Тамабек.

Министр орынбасары жерді кейінгі жалға берудегі (субаренда) заңсыздықтарды да атап өтті.

Субарендаға беру мәселесі негізі заңмен тыйылған. Азаматтардың көтеріп жүрген мәселелері орынды. Министрлік бұл сұрақтарды жақсы біледі. Ашығын айтсақ, Жер кодексінде субарендаға жалпы тыйым салынғанымен, жердің субарендаға алынғанын анықтайтын, оған шара қолданатын механизм әзірге жоқ. Біз қазір субаренданы анықтау, одан кейін оған шара қолдану туралы сұрақтарды қарастырып жатырмыз. Құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы бағытта жылдың соңына дейін белігілі бір механизм енгізу жоспарда бар, - деді бұған қатысты вице-министр.

Аталғандармен қатар соңғы 10-15 жылда өзектілігін жоймаған жайылым жердің жетіспеушілігі туралы да сұхбатта айтылған.

«Қазір осы сұрақтарды шешудің бірнеше жолы қарастырылып жатыр. Негізі, бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар жүйелі түрде ұйымдастыруы керек. Әр жергілікті жердің өз жүктемесі бар. Елді мекендерде мал басына жайылым жерлері жүктемесінен асқан жағдайда сол елді мекендерге шекарасын кеңейтіп, жайылым қосып береміз деп отырмыз. Екінші мәселе – игерілмеген 5 млн гектар жерді қайтару. Соның есебінен елді мекенге жақын жерлерді ескеріп, соларды елді мекен шекарасына қосып, бекітіп береміз. Одан кейін бір ауылда 500, 1000 қой немесе 100 жылқы ұстайтын үйлер кездеседі. Ал кейде бір ауылдың бар малын қосса 500 қой ғана шығады. Яғни, жаңағы бір ғана адам өзінің 500 қойын жайып жайылымды бірден тоздырады. Ол - әділетсіздік. Сондай азаматтарға біз «Ауылдан алысырақ жер берейік, орман қорынан болса да алыңыз, бақташы жалдауға мүмкіндігіңіз бар. Малды сол жаққа жайсаңыз елді мекен маңындағы жайылымды ауылдың адамдары түгел пайдаланар еді» деп айтып жатырмыз. Бірақ, бұл да мәселені толық шешпейді. Қазір мысалы 3 км радиусқа жетіп отырған жер ертең 5 км, одан кейін 10 км болады. Ауыспалы жайылым жоқ. Айналдыра малды жая бергеннен жайылым жер тозады. Келесі жылы осы 3 км радиустағы жерде шөп шықпай қалып, тұрғындар тағы 5-10 шақырымды сұрайды. Жайылым туралы заң бар. Ол жерде нақты ауыл әкімдерінің жауапкершілігі көрсетілген. Жайылым схемасын дұрыс ұйымдастыру керек. Ата- бабаларымыздың тәжірибесіндегі көктеу, жайлау, қыстау, күздеу тәжірибелері болуы тиіс. Мұндай ауыспалы жайылымды ауыл әкімдері ұйымдастыруы қажет. Ал бақылау жер инспекторларында болу керек. Ауыл әкімі дұрыс ұйымдастырмаса, онда оған ескерту беріп, одан кейін шара қолдану керек, болмаса әкімшілік айыппұл салынуы тиіс. Жалпы ауыл әкімдерінің жауапкершілігі болғанымен де бұл механизм толық жұмыс істемейді. Сондықтан осы бағыттағы механизмді қазір жасап жатырмыз», - деді бұл жөнінде Әбілхайыр Тамабек.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурс арқылы бөлуде әділетсіздіктің алдын алу – қазір министрлік алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта қосымша нормалар қабылданып жатқанын жеткізді, маман.

«Бұл туралы ереже 2018 жылы қабылданған. Оған дейін де ережелер болған. Оған сәйкес, жер алу үшін ақша, инвестиция құйғаныңа байланысты балл беріледі. Яғни, кім ақша көбірек құяды, жерді сол алып кетеді. Конкурсқа қатысқанда техникасы, қаражаты бар азаматтардың мүмкіндігі жоғары. Сондықтан 2022 жылдың басында келесідей норма енгіздік. Мысалы, бір ауылдық округте бір жер конкурсқа шықты дейік, ауыл азаматы мен басқа жердің тұрғыны конкурсқа түссе, ауыл азаматына басымдық беріледі. Оған қосымша 10 балл қосылады. Енді біз осы ережеге жаңа өзгеріс енгізіп жатырмыз. Егер де өмірінде бірде бір рет ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін мемлекеттен конкурс арқылы алмаған немесе кезінде әділетсіздікпен жерінен айырылып қалған адам конкурсқа түссе, бірінші басымдық сол азаматта болады. Бұл жерде бірақ азамат бірден 100 гектар, 200 гектар аламын деп ойламауы керек. Бірінші біз оған суармалы жерден 5 гектар, тәлім егістіктен 20 гектар, жайылымнан 100 гектар мүмкіндігіне қарай береміз. Егер әрі қарай жерді игеріп жатса, қаражат жинап, жағдайын түзеп жатса, қосымша тағы жер алуына мүмкіндігі болады. Біз жер инспекторлары тарапынан бақылауды осы үшін күшейтіп жатырмыз. Бір жылда берілген жерді игермесе келесі жылы оған нұсқама беру арқылы қайтарып аламыз. Сөйтіп, ол азамат 3 немесе 5 жыл қатарынан жер алу құқығынан айырылады», - деп түйіндеді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама