×

Башқұрт белсенділері қазақ халқынан көмек сұрады

Сіздер мыңдаған ер азаматтың өмірін сақтап қала аласыздар, –  делінген үндеуде

 Дастан Жұмабекұлы 26.09.2022 | 17:21
фото: facebook.com

Ресейдің Башқұртстан Републикасының белсенділері қазақ халқынан көмек сұрап, үндеу жолдады.

«Құрметті бауырлар!

Бір-біріне көршілес орналасқан біздің бауырлас халқымыз ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне көмек қолын созып келеді. Біз қазақ халқының башқұрттың бас көтерген азаматтары мен олардың отбасыларына пана болып, жандарын қалай сақтап қалғанын тарихтан жақсы білеміз.

Сол секілді Қазақ хандығының жеріне Жоңғарлар шапқыншылық жасаған кезеңдерде біздің башқұрттар да өз әскерімен көмекке келген.

Біз Алаш Орданың басшылары мен Башқұртстанның Үкіметі күш біріктіріп, қызыл террорға қарсы бірлесіп күрескенін, өз автономияларын алуға ұмтылғанын тарихтан білеміз. Өз уақытында біздегі көтеріліс басшысы болған Киния Арасланов пен Қарахакал хан қазақ жерінен пана тапқан еді», –  деп басталады үндеуде.

Одан әрі үндеуде олар Ресей мемлекетінің мыңдаған башқұрт халқының өкілдерін Украинадағы соғысқа айдап салып жатқанын, башқұрт елінің тілі мен тарихы, салт-санасы, дәстүрі мен мәдениетінің жойылуға аз ғана уақыттың қалғанын жазған.

«Тәуелсіз Қазақстандағы бауырлар!

Біздің жерімізге тағы да пәле келді. Ресейлік имперлік шовинизм дәл қазір біздің ондаған мың баламызды Тәуелсіз Украинаға қарсы соғысқа айдап салуда.

Бұл империя ғасырлар бойы біздің халқымызды жойып келеді. Тілімізді, тарихымыз бен дәстүрімізді жойды. Енді қазір біздің ер азаматтарымыздың қолымен тәуелсіз Украина жерінде «орыс әлемін» орнатпақшы», –  делінген.

Сонымен бірге үндеуде башқұрт азаматтарының соғысқа барғысы келмейтінін, Ресейдің саясаты үшін ешкіммен соғысқысы келмейтінін айтқан.

«Біздің ер азаматтарымыз бұл соғысқа барғылары келмейді. Біз Кремльдің имперлік, шовинистік саясаты үшін соғысқымыз келмейді.

Сол себепті де, мәжбүрлі мобилизациядан бас сауғалап, туған топырағымызды тастап кетуге мәжбүрміз.

Қазақстан – Башқұртстан мен Татарстанға және Орал-Волга аймағындағы өзге республикаларға ең жақын орналасқан Тәуелсіз мемлекет. Сол себепті де, бізден бас сауғалап қашқандардың дені қазақ еліне қарай ағылуда», –  деп жазылған.

Үндеудің соңында Башқұрт Ұлттық-Саяси орталығы қазақ халқынан осынау қысыл-таяң кезде кқмек берулерін сұрайды.

«Башқұрт Ұлттық-Саяси орталығы Қазақ халқына, қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық қорларға, жекелеген белсенділерге үн қатып, көмек сұрайды.

Украина халқына қарсы соғысқа барудан бас тартып, бас сауғалап, сіздерге барған біздің азаматтарымызға көмек қолдарыңызды ұсынуларыңызды сұраймыз. Олардың көбі қолдарына құжаттарын ғана алып шыққандар. Әрі қарай өмір сүруге қосымша қаражаты жоқ азаматтар. Біздің азаматтарымызға уақытша тұрғынжай, тұрмысқа қажетті керек-жарақ, дәрі-дәрмек берудің мүмкіндігін қарастыруларыңызды сұраймыз.

Біз Путиннің имперлік саяси машинасы Украина халқының темірдей тегеурінінен жескесі үзіліп, біздің еліміз де өз егемендігін алатын күн туатынына бек сенеміз! Сіздердің көмектеріңіз мыңдаған ер азаматтың өмірін сақтап қалады. Бұл дегеніңіз – балалар әкесіз, әйелдер күйеусіз қалмайды деген сөз. Сіздердің бүгінгі көмектеріңіз, біздің ертеңгі болашағымыз!», –  делінген үндеуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама