×

Ресейлік журналист Қазақстанға қатысты арандату жазбасын жариялады

Бұл посттың өзі ксенофобиялық жазба. Орыс тілін тықпалай бермеңіздер. Оның ешқандай қатысы жоқ, -  делінген жауапта

 Дастан Жұмабекұлы 28.09.2022 | 11:45
фото: ашық дереккөз

Бұрын Ресейде тұрған, қазір Чехияның астанасы Прагада қаласында тұрып жатқан Виктор Шендерович деген журналист Facebook-те РФ-дағы мобилизациядан қашқан ресейліктерге көмектесіп жатқан көрші елдердің халқына байланысты арандату репостын жариялады.

Ол өзінің мәскеулік әріптесі Марина Королева деген журналистің «Ресейдегі мобилизациядан кетіп жатқан адамдарға көрші мемлекеттерде көмек қолын созып жатқандар кезінде орыс тілі пәні мұғалімдерінің тәлім-тәрбиесін алған, солардың сабағын оқыған адамдар» деген сыңайдағы жазбасын көшіріп, желіні қолданушылар арасында араздық тудырды.

Ал Марина Королеваның постында былай деп жазылған:

«Мен бұрынғы Одақтың құрамында болған Өзбекстан, Түркіменстан, Қазақстан, Қырғызстан, Грузия, Армения секілді елдерде жұмыс істеген орыс тілі пәнінің мұғалімдерін жиі еске аламын.

Олардың бәрі ешкімнің көмегінсіз, қолдауынсыз жұмыс істеді, істеп жатыр да. Олардың барлығы жоғарыда аталған елдердің азаматтары. Сол мемлекеттерде туып-өскен. Олар үлкен қалаларда, біз өмір сүре алмайтын таулы елді мекендердер тұрады.

Олар –  ғажап жандар. Мен сол кісілерге таңқаламын. Міне, сол мұғалімдердің оқушылары қазір ештеңеге қарамастан Армения мен Грузияда, Қазақстан мен Өзбекстанда сіздер мен біздердің балаларымызға, күйеулерімізге, достарымызға, таныстарымызға көмектесіп жатыр.

Мен оларға бас иемін».

Міне, осы жазба қазір Facebook-тегі үлкен дау тудырып отыр. Желіні қолданушылар жазба авторы мен оны таратқан адамның өз елдерінен бас сауғалап, қашып келген ресейліктерге көмектесіп жатқан адамдарды тек орыс тілін оқыған етіп көрсетісі келетінін айтып, айыптап жатыр. Мысалы, Нарине Абгарян есімді азамат: «Адам бір-біріне көмектессе, мәселе оның орыс тілі пәінің мұғалімі болғанында емес, мәселе қарапайым адамгершілікте. Менің анам 50 жылдан астам уақыт армян мектебінде орыс тілінен сабақ берген. Егер ол Арменияға көшіп келіп жатқандарға тек орыс тілі мұғалімінің сабағын оқыған, соның тәрбиесін көрген адамдар ғана көмек қолын созып жатыр деген әңгімені естіссе ұятқа қалатын еді», десе, Әсия Ермұхамбетова деген желіні қолданушы «Бұл жазбаның өзі ксенофобиялық жазба. Орыс тілін тықпалай бермеңіздер. Оның ешқандай қатысы жоқ. Осы жазбаға қарап, Ресейдің либералдарының өздері имперализммен ауыратынын көруге болады», деді.

Жазбаға қатысты бұдан да басқа коментарийлерде сыни пікірлер жарияланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама