×

Бір жерден сатып алу: Шымкентте бірқатар келісімшарт күмән туғызып отыр

Бұл тәсілмен 1,44% қаржы үнемделген

коллаж: Halyq Uni

Мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы мәліметтерге сәйкес Шымкент қаласы бойынша биыл төрт айда тікелей келісімшартқа тұру арқылы бір жерден сатып алу тәсілімен 101 млрд теңгеге келісімшарттар жасалып үлгерген.

Мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидасы - бюджет қаржысын тиімді және оңтайлы пайдалану екенін ескерсек, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен қаржының үнемделуі 20,8% болса, ал бір жерден сатып алу тәсілінде бар болғаны 1,44%.

Бір жерден сатып алу кезінде тапсырыс беруші өнім берушіні және төленген соманы қалай таңдайтынын түсіну қиын: заң қаражатты жұмсау туралы міндетті есепті талап етеді, бірақ тапсырыс берушілердің 80-85 пайызы оны мемлекеттік сатып алу порталында талап етілетін 10 күндік мерзімде орналастырмайды.

Бүгінде бір жерден сатып алу тәсілінің талабы бойынша ерекше жағдайларды қоспағанда еліміздегі мемлекеттік сатып алулар ашық конкурс, баға ұсыныстарын сұрату, аукцион немесе тауар биржасы арқылы өтуге тиіс. Бірақ бұл заң бойынша. Ал іс жүзінде жағдай мүлдем басқа.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының сарапшылары жүздеген фактілерді анықтап, Мемлекеттік сатып алулар туралы заңның 41-бабы неге тиісті дәрежеде орындалмайтынына тоқталды. Түсініктеме алу үшін Қаржы министрлігіне де жүгінген болатын. Алайда, ол жақтан да нақты жауап болмаған.

Бір жерден сатып алу тәсілі үшін негіздердің бірі - зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарлар мен қызметтерді сатып алу бойынша - осы жылдың қаңтар-сәуір айларында 318 шымкенттік тапсырыс беруші 92 жеткізушімен жалпы сомасы 2 млрд 750 млн теңгеге 672 тікелей шарт жасасқан.

Ол тізімді егжей-тегжейлі зерделеу барысында зияткерлік меншік объектілері мектеп олимпиадаларын өткізу, Компьютерлік техникаға қызмет көрсету және бухгалтерлік есеп бағдарламасын сүйемелдеу, циркке билеттер сату жүйесі, тіпті Шымкент марафоны және қала әкімдігіне арналған консалтинг қызметтер болуы мүмкін екендігі анықталды.

Өнім берушілер арасында қандай да бір бәсекесіз бюджет қаражатының қалай жұмсалғаны туралы бірнеше ғана мысал келтірейік:

«Дарын» білім беру орталығы ғылыми жобалардың мектеп олимпиадасын өткізуді ұйымдастыруға Auezov JASTARY қоғамдық қорымен 33 млн 306 мың теңгеге келісімшарт жасаған.

Тағы бір қоғамдық қор, осы жолы «Шымкент марафон», қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасымен «Ашық ауада тас жолмен жүгіру бойынша іс-шараларды» өткізу туралы келісімшарт жасасты. 30 млн теңгенің марафоны биылғы жылдың 11 қыркүйегіне жоспарланған.

«Шымкент-Цирк» «QazTiQet» ЖШС билеттерді сатудың толық циклі жүйесін пайдаланғаны үшін 750 мың теңге төледі.

Шымкент қаласының білім басқармасы қала бюджетінен кадрларды іріктеудің ақпараттық-талдау жүйесін пайдалану бойынша қызметтерге 31 млн 745 мың теңге жұмсайды. Астаналық «EveryByte» ЖШС-мен шарт жасалды. Ал оның ведомстволық бағынысты мектептері көшірме ретінде «Азия сервис-2050» ЖШС-мен ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және техникалық қолдау қызметтерін алуға тікелей уағдаласты. Осы келісімдердің барлығын зерделей келе авторлық құқықты беру жүйесіне қатысты күмән туады.

«Әділдік жолы» РҚБ Шымкент қаласындағы филиалының басшысы Айжан Кесебаева авторлық құқықты беру мәселесі Әділет органдары тарапынан тиісті ретке келмей, мемлекеттік сатып алудағы осы тәсілді пайдаланып тікелей шарт жасасып сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол беру мәселесі тоқтамайды деп есептейді.

Еске салайық, наурыз айында бір жерден сатып алуды қысқарту шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасудың 4 негізі алынып тасталды. Бір жерден сатып алу айрықша жағдайларда, мұндай сатып алуды өзге де бәсекелестік тәсілдермен жүзеге асыру мүмкін болмаған кезде ғана жүзеге асырылатыны туралы норма көзделген. Сондай-ақ, бір жерден сатып алуды іске асыру туралы шешім қабылдағаны үшін тапсырыс берушілердің бірінші басшыларының жауапкершілігі көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама