×

Нұр-Сұлтанда үлкен баннер құлады: 34 жастағы әйел мен жасөспірім зардап шекті

Қатты жел баннерді шамамен 15 метр жерге дейін ұшырған

 Динара Амантай 27.05.2022 | 14:14
скриншот: видео

Елордада қатты желдің салдарынан үлкен баннер құлап, екі адам зардап шекті. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.

Оқиға Бейбітшілік пен келісім сарайы маңында болған. Қатты жел баннерді шамамен 15 метр жерге дейін ұшырған. Соның салдарынан елорданың екі тұрғыны түрлі дене жарақатын алған.

Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, екі адам жараланған. Жедел медициналық жәрдем бригадасы оқиға орнына 3 минутта жеткен.

Зардап шеккендер (1 ересек адам, 1 жасөспірім) түрлі жарақатпен көпбейінді қалалық стационарларға жеткізілді. Оларға қабылдау бөлімі деңгейінде ауруханалардың бейінді мамандары бүкіл қажетті медициналық көмекті көрсетті, – деп атап өтті басқарма өкілі.

Басқарма мәліметінше, зардап шеккен әйел түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды, жағдайы бірқалыпты. Ол ауруханада толық сауыққанға дейін стационарлық ем қабылдайды.

Жарақат алған жасөспірімді мамандар қарап шықты. Медициналық тексеру кезінде науқастың жағдайы орташа екені анықталды. Дәрігерлер қажетті ем-домын жасап, оны амбулаториялық емдеуге жіберді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама